Күнделікті ортамызда немесе жолда жүрген жағдайда зираттың жанынан өтіп бара жатып бет сипап жатамыз. Үлкен ақсақалдарымыз бен жастарымыз да бұлай етуді әдетке айналдырған. Алайда, осы бет сипаудың мәнісі неде, ол кезде не оқып, не айтуымыз керек? Міне, бұл көбімізге беймәлім. Осы сұрақтың жауабын білу мақсатында Павлодар қаласындағы «Ақ мешіттің» наиб имамы Қанат Қабдікәрімұлы Қабаевты әңгімеге тартқан едік.
- Жалпы, зираттардың жанынан өтіп бара жатқанда бет сипаудың мәні неде?
- Жолаушы адамның зираттардың, бейіттердің жанынан өтіп бара жатқанда бет сипауы – дүниеден өткен мұсылмандар үшін Аллаһ Тағаладан дұға тілеу, және оларға Құран сүрелерін бағыштау деген сөз. Мұнда басқа мән жоқ. Тағы бір ескертіп айта кетер жайт, қабірстанның жанынан бет сипамай өтсем жолым болмайды, бір бәлеге ұрынып қалам–ау деп ойлауға болмайды. Бұл Аллаға серік қосу, аруаққа, яғни бір кезде өзіміз секілді жүрген адамның рухына табыну болып шығады. Дұға тілегенде Жаратушы иемізден сол марқұм болған пенделердің күнәларының кешірілуін, оларға жеңілдік беруін сұраймыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде дүниеден өткен адамдар өз істеген жақсы-жаман амалдары үшін сұралып жатқандығы, оларға кешірім болуын Аллаһ Тағаладан тілеуіміздің пайдалы болатындығы айтылған.
- Дұғаны тағы қандай жағдайда бағыштауымызға болады?
- Мұсылман баласы зират басына екі жағдайда бара алады. Біріншіден, пенде өзінің де дүниеден өтетінін еске алып тәубесіне келуі үшін. Екіншіден, сол жердегі мұсылмандардың соңынан дұға тілеп Құран оқу мақсатында барады. Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде кімде-кім зиратқа келіп өмірден озғандарға арнап «Ясин» сүресін оқыса, ол сол жердегі марқұмдарға 40 күн жеңілдік болатындығы айтылған. Сондықтан марқұм болған адамның басына барып дауыстап жылау, аруақтардан көмек сұрау, жол тілеуге мүлде болмайды. Бұл - үлкен қателік.
- Зиратты құрметтеу туралы не айтасыз?
- Зират - дүниеден өткен адамдардың жатқан жері және біздің де баратын орнымыз. Сондықтан асыл дініміз оны лас қоқыстан тазартып отыруға рұқсат береді. Бұл дүниеден өткен бауырларымызға деген құрмет, оларды сыйлау болып табылады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Тазалық - иманның жартысы» деген хадисі бар. Сондықтан өзіміз жүрген ортамыз болсын, баратын орнымыз болсын, оны тазартып отырудың еш қателігі жоқ.
Әңгімелескен Ж.АМАНТАЙ.

