Майк Тайсон
Кәсіпқой бокстан бірнеше дүркін әлем чемпионы Майк Тайсон 1991 жылы өмірінде жайсыз жағдайдың орын алуына байланысты 6 жылға бас бостандығынан айырылады. Абақтыда Тайсон кітап оқуға өте көп көңіл бөлген екен. Әсіресе, Ислам әлемі әйгілі боксшыны қатты таңдандырса керек. Сол түрменің имамы болып жүрген биология пәнінің мұғалімі Мұхаммад Сыддық дейтін азаматпен танысуы экс-чемпионды мұсылман дініне толық алып келеді. Жетекшісі Майктың аса көп оқитындығын, оның өте зерек білімге құштар болғандығын және әрқашан ислам діні жайлы ұзақ әңгімелесетіндігін айтқан екен.
Мұхаммед Али
Бокс королі атанып кеткен әйгілі чемпион - Кассиус Клеей 1963 жылы «Ислам халқы» ұйымының мүшесі болып қосылады. Есімін Мұхаммед Али деп өзгерткен ол өз өмірін ендігі кезекте мұсылмандықпен сабақтайды. Жасынан аса зерек, әрі ширақ болып өскен Али Америкада тек боксшы ретінде ғана емес, өте кішіпейіл, қарапайым кедейлердің қамқоршысы ретінде де белгілі. Әлсіздерге әрқашан қол ұшын беріп, балалар ауруханасын ашқызып, қайырымдылық қорларын құрған. Дүниені дүр сілкіндірген боксшы жұдырығы қаншалықты қаһарлы болса, жүрегі соншалықты мейірімді мұсылман.
Зинедин Зидан
Әлемдік футболдың жарық жұлдызы Зинедин Зидан спортта ерекше әйгілі болса да, өмірде қарапайым мұсылман. Ол қасиетті Рамазан айында көпшілікке ас беріп, ораза ұстап, өзінің қарапайым да салмақты мінезімен еуропалықтарға үлгі бола білген тұлға. Бірде, футбол стадионында одан пікір алып тұрған журналистердің «Сіздің қандай тұлға болғыңыз келеді?» деген сауалына: «Анау алаңды тазалап жүрген жасыл ала киімді адамды көрдіңдер ме? Мен сондай қарапайым адам болғанда ғой!..» деп таңқалдырған екен.
Майкл Джексон
Бұрын Иегова Куәгерлері дінін ұстанып жүрген поп музыка патшасы – Майкл Джексон өзінің мұсылман продюсерімен дін жайлы әңгімесінен кейін оған қатты қызыққан. Лос-Анжелес қаласындағы досының үйінде имаммен бірге кәлимә-шәһадатқа тілін үйірген әнші есімін Микаэль деп өзгертеді. Сөйтіп, әлемнің тағы бір әйгілі тұлғасы шариғатқа ден қояды. Микаэль мұсылмандықты қабылдағаннан соң бір сөзінде «Құдайға бас ұрған қандай керемет!»,-деген екен.

