Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) хадистері:
Тәкаппарлық туралы
Жүрегінде шаңның тозаңындай тәкаппарлық болған адам жаннатқа кіре алмайды.
* * *
Қиямет күні Аллаһ Тағала үш түрлі адаммен мүлдем тілдеспейді. Оларды күнәларынан тазартпайды және оларға мейіріммен қарамайды. Сондықтан да олар өте ауыр азапқа душар болады. Олар: зинақор шал, кәззап (сұрқия) патша және тәкаппар кедей.
Тәубе туралы
Құлы тәубаға келген сәттегі Аллаһ Тағланың қуанышы, қайсыбіреулеріңнің шөл далада жоғалтып алған түйесін ойламаған жерде кезіктірген сәттегі қуанышынан әлдеқайда күшті.
* * *
Расында, Аллаһ Тағала құлының (дәм-тұзы таусылып) шыбын жаны алқымына келіп тірелмейінше жасаған тәубесін қабыл етеді.
* * *
Адам баласы бір сай толы алтыны болса да, оны азырқанып, тағы да дәл сондай бір сай толы алтыны болғанын қалайды. Оның көзі (көрге кіргенде) бір уыс топыраққа ғана тояды. Аллаһ Тағала (ашкөздік, сараңдық сынды жағымсыз қылықтардан арылып) тәубеге келген құлын жарылқап, кешіреді.
* * *
Уа, адамдар! Аллаһқа тәубе етіп, жарылқау тілеңдер. Расында, мен дағы күніне жүз рет тәубе етемін.

