Ертістің Павлодар өңірі қашан да әулие-әмбиелер мен танымал тұлғалардың мекені. Әсіресе, ел арасына мұсылмандықты таратып келген қожа текті ишандардың, дін ғұламаларының алар орны ерекше.
Жуырда Исабек Ишан атындағы қордың ұйымдастыруымен қалалық Естай атындағы мәдениет сарайында «Кереку – Баян әуендері» атты қайырымдылық концерті болып өтті. Исабек Ишанды әспеттеу, жұртшылыққа оның бойындағы Алладан берілген тектілігін, адамгершілігі мен имандылығын насихаттау мақсатындағы шараға аталған қордың басшылары мен өңіріміздің белгілі тұлғалары қатысты. Қайырымдылық концертінен жиналған қаржы Исабек Ишан атаның кесенесін көтеруге жұмсалмақшы.
Шарада сөз алған қор демеушілерінің бірі, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын «Исабек Ишан - тек біздің өңір емес, күллі қазақ даласына дін таратқан, аса көрнекті қайраткер. Оны келер ұрпаққа таныстыру мақсатында осындай келелі істердің ұйымдастырылуы баршамызды қуантады»-деді.
Хазіреті Ишан туралы деректі фильм көрсетіліп, арқаның әуезді әндері көпшілік назарына ұсынылды. Өнегелі де өрелі, тиянақты ұйымдастырылған шарадан жиналған қауымның алған әсері мол.
жарқынбек АМАНТАЙ.

