Бабаларымыздан қалған дана сөздердің бірі - «өлі разы болмай, тірі байымайды». Ел арасынан шыққан дана, діндар, әулиелерді қашанда құрметтеп, жақсының шарапатын алуға тырысқан халықпыз. Сондай-ақ, жоғарыдағы мәтел айтып тұрғандай, әулие-әмбиелер, дара туған ерен тұлғаларды келер ұрпаққа үлгі етіп, есімдерін асқақтау үшін дүниеден өтсе де, оларға деген құрметін тоқтатпаған. Олардың басына кесене салып, жұртына еңбегі сіңген батырлар мен бектерді, белгілі азаматтарды жанына жерлеу -көнеден жалғасып келе жатқан салтымыз, бабалар жолы.
Осындай қасиетті орындардың ерекшеліктері жайлы ел аузында көптеп айтылып жатады. Жалпы, қазақ халқының тарихы көне кесенелермен тығыз байланысып жатыр. Осындай жұрт қастерлейтін орындар Ертіс бойы өңірінде де көптеп кездеседі. Солардың бірі - Екібастұз ауданындағы Ақкөл-Жайылма елді мекені. Бұл өңірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.), сахабаларының ұрпақтары - әулие қожалар жерленген. Мәселен, бүкіл Сарыарқа даласы мен бұрынғы Омбы губерниясына әйгілі болған ағартушы, дін таратушы, философ, Мәшүр Жүсіп Көпеевтің ұстазы Исабек Ишан Хазіреттің зираты да осында. Қазақ тарихы мен ауыз әдебиетін молынан жинаған ойшыл, ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпей «Исекемдей Ишан жоқ қой бұл Арқада» деп жоқтау айтқан екен.
Сондай-ақ, белгілі дін қайраткері өңірімзге кеңінен танымал болған Жандарбек қожа - осы Исабек Ишанның шөбересі. Адамдар ақылшы-кеңесші көріп, үлгі тұтқан, әулие санаған Жандарбек қожа Қожахметұлы - ауыр да күрделі өмір сүрген тұлға. Жасынан қуғын-сүргін құрығына да ілініп, еңбек лагерінде Жамбыл облысында теміржол салу ісінде жұмыс атқарған. Кейін туған ауылына оралып, түрлі салада қызмет етеді. Дүрбелеңді Ұлы Отан соғысында төрт жыл бойы майданда болып, ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» және үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталды. Майданнан жеңіспен оралған соң, аудармашы қызметін атқарады. Еңбек жолындағы ерен жетістігі мен табысы үшін Жандарбек қожаға 1956 жылы «Москвич-403» автокөлігі сыйға беріледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тікелей ұрпағы болып табылатын Жандарбек қожаға еліміздегі мұсылман қауымы қашанда құрметпен қарады. Ол өмірдің қиын-қыстау шақтарын қанша көрсе де, салмақты да сабырлы әрі аса қарапайым мінезінен айырылмады. Жандарбек қожа бойындағы әулиелігі мен мұсылман жолы арқылы емдеу жүргізді. Оның ұзақ өмірінің соңына дейін еліміздің әр өңірінен Қарағанды, Семей, тіпті Сібір, Омбыдан адамдар келіп емделіп жатты. Әрқашан ауру-сырқауларға көмектесіп, перзентке зар болып жүрген жандар үшін АллаҺтан бала тілеп, қайырымдылық, ізгілік жасады. Сондай-ақ, Жандарбек қожа Аллаһтың білдіруімен дүниеден өтер алдында 1996 жылы еліміздің жаңа елордасы Астана қаласының болатындығын айтып: «Жақында құбыла жақтан жаңа қала салынады және еліміздің Астанасы болады» деген екен.
Міне, осы Ақкөл-Жайылма даласы - осындай әулиелер жерленген қастерлі мекен. Алайда, олардың басына зиярат етіп бара қалған жанға қасиетті тұлғалар жатқан орын, олардың зираттары қалыпқа келтірілмегендігінің куәсі болады. Халық арасында «мұндай әулие бабалардың жатқан жерін ұрпаққа белгілі етіп алып қала аламыз ба, қастерлеп, құрметтей аламыз ба?» - деген ойлар айтылып жатады. Осыған байланысты өңіріміздің тарихына бейжай қарамайтын азаматтар Исабек ишан Хазірет пен Жандарбек қожа басына күмбез көтеру үшін Исабек ишан атындағы қорды құрды. Бұлай түрлі қолдаулар, демеушілер арқылы ел тарихына байланысты қомақты шаруаларды атқару бұған дейін жүзеге асырылды. Соның бірі - Мәшһүр Жүсіп Көпейдің басына орнатылған сәулетті кесене.
Бұл жолғы Исабек ишан және Жандарбек қожаға кесене салу бастамасының жүзеге асуына Ерлан Арын басқарып отырған С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылар құрамы мен ұжымы белсенді атсалысуда. Қалалық мәдениет сарайында аталған оқу орнының студенттік филармониясы мен Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театрының әртістерінің қатысуымен қайырымдылық концерті өткен болатын. Аталған шара аясында қор қоржынына 4 миллион теңге қаражат түсті. Қашанда өңірімізде рухани дүниелерге қолдау көрсетіп келген «Қазақстан электролиз заводының» басшысы Алмас Ибрагимов те Исабек ишан қорына ерекше үлес қосты. Ауру балаларға, жетім-жесірлер мен мүгедектерге, қажылыққа барушылар мен кесенелер салуға көптеп қолдау беріп келген Алмас Ибрагимовке ҚЭЗ-ның вице-президенттері де қолдау танытып, қорға 700 мың теңге бөлді. Барлық жұмысшылар сауап үшін бір күндік жалақысын Исабек Ишан қорына арнады. Еліміз 60-тай мемлекеттің басын қосып, Ислам Конференциясы ұйымына төрағалық еткен жылы металлургтердің рухани әлемге үлес қосуы ерекше шара екені сөзсіз.
ҚЭЗ-дің қызметкерлері мұнайшылар мен энергетиктерге, зиялы қауымға Ертіс өңірінің тарихи, қасиетті орындарын қалыпқа келтіруге қолдау көрсетуге шақыруда. Құрметті қауым, аталған қайырымдылық шарасына сіздерді де шақырамыз!
Жұмабек ҚАМЗИН.
Павлодар облыстық мәслихатының депутаты.

