Маусым айының үшінші жұлдызында «Қасиетті үш ай» деп аталатын Ережеп, Шағбан және Рамазан айлары басталады. Ислам дінінде Ережеп пен Шағбан айы Рамазан айының хабаршысы ретінде қаралып, оларға ерекше орын берген. Бұл үш айдың қадір-қасиеті жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Ережеп - Аллаһтың айы, Шағбан - менің айым, Рамазан болса - үмметімнің айы» деген хадисі бар.
Сонымен қатар, бұл айлар өз ішіндегі қасиетті түндер арқылы ерекше бағаланады. Ережеп айының алғашқы жұма түні «Рағайып түні» болса, 26-нан 27-не қараған түн «Миғраж түні» деп аталады. Шағбанның 14-нен 15 не қараған түні «Барағат түні», Рамазан айының 26-нан 27-не қараған түні қасиетті «Қадір түні» деп саналады.
Осы айлардың әр сәтінде орындалған ғибадаттардың құндылығы ерекше. Сондықтан аталмыш айлардың басында, ортасында және соңында үш күн ораза ұстаған адам зор сауапқа кенеледі. Айта кететін жайт, Рамазан айының басында, ортасында және соңында үш күн ораза ұстамайды. Бұл айда толық отыз күн ауыз бекітіледі. Мұны ұмытпаған жөн.
«Қасиетті үш ай» деп аталатын бұл айларда ізгілікті ісімізбен, имандылық ғибадаттарымызбен сауапқа ие болайық!
Мәшһүр Жүсіп мешітінің
баспасөз қызметі.

