Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлының шақыруымен аймағымызға «Нұр-Мүбарак» Қазақ-Мысыр ислам университетінің профессоры, теология ғылымының докторы Ельда Кики Редда Мухаммад Хусаин келген болатын. Екі күн Павлодар қаласындағы мешіттерде, аудан орталықтарында уағыз жүргізген ол діни экстремизм мен лаңкестіктің кесапаты, исламның рухани-адамгершілік құндылықтары жайлы кеңінен әңгіме өрбітіп, тыңдарман сұрақтарына жауап берді.
Аталмыш ғалымның кезекті кездесуі Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында өтті.
Оған жергілікті мемлекеттік атқарушы орган қызметкерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы Ислам дінінің адамгершілік пен ізгілікке ғана үндейтіндігі, жастардың жасанды дінсымақтардан сақтану қажеттігі туралы айтылып, студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
- Біз қазір мұсылман күнтізбесі бойынша жетінші ай - Ережеп айында тұрмыз. Бұл - қасиетті, қастерлі ай, сондықтан, бүгінгі кездесудің де мән-маңызы зор болады деген сенімдемін. Бұрын елімізде діни комитет қана болса, қазіргі таңда Елбасымыз дін істерін реттеу мақсатында жеке басқарма құрды. Соның аясында бүгін осындай ерекше кездесуге мүмкіндік туып отыр. Біз ислам діні жайлы Редда Мухаммед секілді оқымысты ғалымдардан естіп-білгеніміз абзал. Бүгінде жастардың теріс пиғылды ағымдарға еріп кетіп жатқанын кездестіріп жатамыз. Сондықтан мұндай шараның маңызы зор, - деп атап өтті Жолдас қажы шара басында.
(Материалдың толық нұсқасын «Сарыарқа самалы» газетінің 2011 жыл 30 маусымдағы номерінен оқи аласыз)

