Қазақстандағы 20 мыңнан астам қажының басын біріктірген «Қажылар қауымдастығы» өз жұмысын жемісті атқарып келеді. Аталмыш ұйымның «Отанды сүю иманнан» атты бағдарламасы аясында қасиетті Рамазан айында Баянауылдағы барша мұсылман бауырларды арнайы құттықтауға Қазақстан Қажылар қауымдастығының төрағасы Еркін Дуанаев келді
«Қажылар қауымдастығының басты мақсаты - Елбасымыздың еліміздегі ішкі тұрақтылыққа, ұлтаралық татулыққа, дінаралық түсіністікке бағытталған ішкі саясатына қолдау көрсету» ,- дейді Қазақстан Қажылар қауымдастығының төрағасы.
Қасиетті Құран Кәрімге сүйене отырып жастарымызды имандылыққа тәрбиелеу мақсат еткен қажылар қауымдастығы басы сәждеге тимеген жамағатпен жұмыс жасайды. Елімізде жақсылықпен қатар рухани азғындаудың көлеңкелі тұстары бар екені белгілі. Біздің халқымызға жат ішімдікке салыну, нашақорлық, зинақорлық, пара алу сияқты адам баласын аздыратын жаманшылықтың бәрінен құтылу Исламның хақ жолы екені анық.
Еркін Дуанаевтың айтуынша, қауымдастық ел ішіне іріткі салып жүрген секталармен күресуді алға қойған. «Ағымы теріс діндердің қатарына кіріп жатқан бауырларымызды арашалап қалу үшін жұмыс жасап жатырмыз»,- дейді қауымдастық төрағасы.
Сондай-ақ Еркін Дуанаев қауымдастық құрамындағы белгілі адамдарды атап айтты. Ол өз сөзін: «Белгілі әнші Ақжол Мейірбеков - қажылар қауымдастығы бұқаралық мәдени департаментінің басшысы, Майра Ілиясова - мұсылман әйелдермен жұмыс жөніндегі департаменттің басшысы. Ескендір Хасанғалиев те қауымдастық кеңесшісі ретінде игі істерге бастамашы болып жүр» деп аяқтады.
Айнұр ҚУАТҚЫЗЫ,
Баянауыл ауданы.

