Рамазан айында, таңның атысынан күннің батысына дейін, Аллаһ ризалығы үшін ораза ұстадық. Ораза айты Аллаһ Тағала алдында ең ұлы, ең сүйікті ай - Рамазан айынан кейін келеді. Айт намазға шықпастан бұрын біз пітір садақасын береміз. Пітір садақа Рамазан айында ораза ұстағанның істеген қателіктерін тазартады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Пітір парыз болды. Осы пітір Ораза кезінде болған қателіктерден, балағат сөздерінен тазартушы. Кім айт намазынан бұрын пітір садақасын беруші болса, ол қабыл болған ораза болып саналады. Ал, кім айт намазынан кейін пітір садақасын берсе, ол күнде беретін садақа секілді болады».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кімде-кім айт күні бала-шағасына сыйлық сыйласа, Аллаһ Тағала ол үйге байлық есіктерін ашып қояды» - деген. Сондықтан, Ораза айтта жағдайымыз келгенше сыйлық сыйлап, туған-туыстарды қуанышқа бөлейік.
Айт арабтың-«Әл Ғид» деген сөзінен шыққан. Мейрам, мереке деген мағынаны береді. Олай болса, айт күндерін ерекше қарсы алайық. Наурыз мейрамы сияқты той-думан ұйымдастырып, оқу орындары, мекемелерде айт мейрамын өткізуге әбден болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Рамазан айында қандай жақсы жұмыстарды істеген болса, қалған айларда аз болса да соны тастамай істеп жүрген. Бір хадисінде: «Бір күні бір кісі келіп Пайғамбарымыздан сұрайды: Аллаһ Тағала алдында қандай жұмыс сүйікті болып саналады? Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Жалғастырған жұмыс, тіпті аз болса да!».- деген. Демек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай айту себебі: біз осы рамазан айында істеген жұмыстарымызды одан кейінгі уақытта да, аздап болса да жалғастырып жүрейік, Аллаһ Тағала жақсы көреді.
1. Барлық істейтін жұмыстарымыз Аллаһ Тағала үшін болу керек. Яғни, намаз, ораза, Құран оқу, зікір салу, садақа беру-барлығы Аллаһ ризалығы үшін болуға тиіс.
2. Аллаһ Тағалаға тақуалығымызды арттыру керек. Тақуалық деген-тек мүмин мұсылманға сәйкес келетін сипат. Сондықтан Аллаһ Тағала жәннатты айтқан кезінде көбіне муттақиндер (тақуалар) деп келтіреді.
3. Ораза ұстауды жалғастыру. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) шәууәл айында алты күн ораза ұстайтын еді, өйткені бұл оразаның сауабы бір жылмен теңдеседі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім Рамазан айында ораза ұстаса, осы Шәууәл айынан алты күн ораза ұстаса, ол кісі бір жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей» (Бухари, Муслим) деген.
4. Аллаһ Тағаладан тәубе, тауфиқ тілеуіміз керек. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінің бірінде былай деген: «Әй, адам баласы, Аллаһ Тағаладан кешірім сұраңдар, өйткені мен Аллаһпен ант ішемін, бір күнде жүз рет кешірім сұраймын». (Бухари, Муслим).
Айт намазы туралы
Айт намазы туралы Аллаһ Тағала бұйырады «Сондықтан Раббың үшін айт намазын оқы» деп (Кәусәр сүресі. 2-аят).
Айт күндері қандай жұмыстар істегені абзал!
Айтқа дайындық:
1. Үйдің ішін, ауласын күл-қоқыстан жинап тазарту, ақтау.
2. Дәмді тамақ пісіріп, айт дастарханын дайындау.
Айт намазына дайындық
1. Айт намазына бой дәрет алып шомылу.
2. Таза киім киіп, хош иіс себініп келу.
3. Айт намазына келе жатқанда жаман сөз сөйлемеу, өсек айтпау.
4. Мешітке ертерек келіп, уағыз тыңдау, дүние сөзін сөйлемеу.
5. Мешітте орын бар жерге отыру.
Айт күндерінде не істеу керек?
1. Аллаһ Тағалаға құлшылық жасап, намаз оқу.
2. Таспих тарту, зікір салу.
3. Құран оқу.
4. Көп дұға қылып, тілек тілеу.
5. Алыс- жақындағы туыстарды, көршілерді, құда-жекжат, жора-жолдас, әріптестерді және т.с. сияқтыларды құттықтау.
6. Ерлі-зайыптылар бір-бірлеріне және ата-аналарымызға, бала-шағамызға, ағайын-туысқа айттық сыйлық жасау.
7. Ауруларды зиярат ету, көңілдерін көтеру.
8. Жетім - міскіндерді қуанту.
9. Қабірлерді зиярат ету, еске алып Құран оқу.
10. Ренжісіп жүрген адамдарымен кешірім алысып, татуласу.
Рамазан Айты
Рамазан айт мейрамы: 2010 ж. қыркүйек айының 9, 10, 11 - күндері аталып өтіледі.
Рамазан айт намазы: Қыркүйек айының 9-шы күні таңғы сағат 7.00 - де мешітте оқылады.
Айт намазы:
Айт намазы айттың бірінші күні мешітте жамағатпен оқылады. Айт намазы - уәжіп амал. Әрбір есі дұрыс және балиғатқа толған мұсылманға міндет (Айт намазы екі рәкағат. Оқылу тәртібі айт намазының алдында мешітте қосымша хабар беріліп түсіндіріледі).
Ниеті: «Аллаһ Тағаланың ризалығы үшін ниет еттім екі рекағат Рамазан айт намазын өтеуге, жүзімді құбылаға қараттым, ұйыдым имамға, Аллаһу акбар» - деп қол байлаймыз.
«Ақ мешіттің» баспасөз қызметі.

