Барша мұсылман қауымының мейрамы – Айт мерекесінің алғашқы күні Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіттің Бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттерімен жүздесті. Кездесу барысында жастардың дінге бет бұрысы жайлы сөз болды. Жолдас қажы Қоспақұлы: «Павлодар облысындағы 12 ауданда жалпы саны 91, қалада 6 мешіт бар. Ал Шымкент қаласында 700, Атырауда 25 мешіт жұмыс істейді. Бұл көрсеткіштер Аллаһ үйіне келушілер санының артқандығын білдіреді. Атап өтерлігі – олардың 70-80 пайызы жастар»,- деді. Өткен Қадыр түнінде де 18-35 жас аралығындағы адамдар саны көп болған екен.
Сонымен қатар Жолдас қажы жастарды әр түрлі секталардан сақ болуға шақырды. «Шырмауға түсіп қалмаңдар» деп кеңес берді.
Дін туралы жан-жақты, толық мағлұмат берген бас имам жастарды жақсылық жасауға, жат қылықтардан аулақ болуға шақырды. Студенттер өз тарапынан намаз оқу, ауылдағы мешіт жағдайы және тағы басқа мәселелер жөнінде қойған сауалдарына тұшымды жауап ала алды.
Мол рухани азық алған студенттер Жолдас қажы Қоспақұлына теледидар, радио арқылы имандылық тақырыптары жайлы өткізіліп жүрген сабақтарға алғыс білдіріп, студент қауымымен жиі кездесулер ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА,
С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті.

