Рабиуль аууаль айының он екінші түнінде (Григорян күнтізбесі бойынша 571 жыл, Рабиуль аууоль айының 11 жұлдызынан 12-сіне қараған түн) барша әлем ерекше нұрға бөленді. Бұл күні бүкіл әлем асыға күткен қасиетті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келді. Осы күннен бастап адамзаттың жаңа өмірі басталды. Жер жүзінен лағнет пен залымдық жойылып, көп діншілдік құритын күн туды.
Аталмыш оқиғалар туралы тарихшылар: «Аллаһ Тағаланың елшісі дүниеге келген күні, Кисра сарайында діңгектер құлады. Отқа табынушылардың оттары сөнді және Сауа көлі құрғады. Иранның жоғарғы императорлығы ыдырап, пұтқа табынушылық жойыла бастады»,- деп жазды. Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) Құрайыш тайпасында дүниеге келген. Арғы тегі хазіреті Ибраһим ғаләйһис саләмға барып тіреледі. Әкесі - Ғабдулла Ғабдулмүтәліптің ұлы. Аллаһ елшісінің анасы - хазіреті Әмина. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келмей тұрғаннан біраз уақыт бұрын әкесі Ғабдулла Мәдение шаһарында қайтыс болған. Келіні Әмина ұл тапқан соң атасы Ғабдұлмүтәліп үлкен той жасады. Құрайыштың ақсақалдары сүйікті немересіне қандай есім қоятынын сұрағанда: «Мұхаммед деген есімді қойдым» - деді.
Адамзаттың ардақтысы
- Бұл есімді қоюдағы мақсатыңыз не? - деп сұраған адамдарға, - Оны көкте хақ, жерде халық өте мақтайды деп үміттенемін. Өйткені Мұхаммед деген сөздің мағынасы – мақтан, мақтаулы дегенді білдіреді»,- деді. Мұхаммед Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) емізу үшін Халима анамыз оны өзіне алады. Жетім баланы емізу оншалық пайдалы емес еді. Бірақ кейін бұл жетімді алғанына өте қатты қуанады. Өйткені, ол күтпеген жақсылықтар алып келеді. Сөйтіп Мұхаммед (с.ғ.с.) Халима ананың отбасында бес жыл тұрады. Сүт анасы Халима хазіреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) Меккедегі өз анасы Әминаға бес жасында апарып тапсырады.
Мұхаммед (с.ғ.с.) анасымен бір жыл уақыт қана бірге болады. Аллаһтың сүйікті құлы алты жасында анасынан айырылады. Анасы о дүниеге аттанар алдында қатты қиналып, хал үстінде жатқанда ұлына қарап: «Әр жаңа ескіреді, әр нәрсе жоқ болып кетеді. Мен де өлемін, бірақ оған қайғырмаймын. Өйткені сендей пәк бір ұл тудым, дүниеге аса қайырымды бір перзент қалдырып бара жатырмын», - деп мәңгілікке көз жұмады. Бұдан кейін Мұхаммедті (с.ғ.с.) атасы Ғабдұлмүтәліп өз қолына алып, тәрбиелейді. Атасы қайтыс боларда оны Әбутәліпке тапсырады. Сөйтіп Мұхаммед (с.ғ.с) Әбутәліптің қолында тұрады. Жиырма бес жасында Мұхаммед (с.ғ.с.) хазіреті Хадишаға үйленеді. Ол кезде Хадиша қырық жаста еді. Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үш ұл, төрт қызы болды. Ұлдары Қасым, Ғабдулла, Ибраһим еді. Қыздары Зейнеп, Рұқия, Үммігүлсім және Фатима.
Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) қырық жасқа келгенде, Пайғамбарлық келе бастайды. Бір күні Хира тауындағы үңгірде Жәбрәйіл (ғ.с.) періште келіп: «Оқы» -дейді. «Жаратқан Раббыңның атымен оқы. Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы. Раббың аса ардақты. Ол адамзатқа білмеген нәрсесін қаламмен үйреткен» (Ғалақ сүресі),- деді. Сөйтіп Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бүкіл адамзатқа Аллаһ Тағаланың ең шынайы, ең дұрыс дінін жеткізді.
Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мінез-құлқының ең жақсысын жетілдіру үшін жіберілген. Ол адамдар арасында сүйіспеншілік, теңдік, әділдік орнатты. Тату өмір сүруін, өз ризығына разы болып, ешкімнің қолындағысына қызықпауды үйретті. Ол адамдармен жылы сөйлесетін, қалжыңдасып та отыратын. Сәбилерді жақсы көретін. Бай–кедей, құл демей, әркімнің халін сұрап, көңілін көтеретін. Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) таза киінетін және жамағатты тазалыққа шақыратын. Ол: «Тазалық - иманның жартысы» - деп насихаттайтын. «Дүниеде төрт нәрсені жек көремін, олар – қорқақтық, сараңдық, жалқаулық және ластық» - дейтін.
Әулие Валентин күнін тойлап әлек
2011 жылы һижри жыл санауы бойынша Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мәуліт күні ақпан айына сәйкес келіп тұр. Өкінішке қарай, ақпан айы – жастардың қызылды-жасылды қағаз жүрек іздеп, дүкен аралайтын, бас қосып кафе жағалайтын күні - Әулие Валентин күнімен қатарлас келді. Ислам дініне жат осынау мерекенің мұсылман бауырларды адастырып жатқанын көргенде, ішің ашиды, жаның түршігеді. Амал нешік, асыл дінімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «әулиенің» әлегімен жүретін жастарымыз бұл жолы да аталмыш мерекені естері қалмай тойлады. Ақиқаттың ақ жолынан адасушылық деген осы болмай немене?!
Қазір бұл күннің мәртебесінің артқаны соншалық, жер-жерлерде ғашықтар күніне арнап акциялар өткізіліп жатады. Тіпті мектеп, жоғары оқу орындарында арнайы кеш ұйымдастырып, өзіміздің қара көз қандастарымыз бір-біріне сезімдерін ашықтан-ашық білдіріп жатады. Әулие Валентин күні дегеніміз - еш кедергісіз жамандыққа шақыратын күн. Бірақ, оны елеп, ескеріп жатқан ешкім жоқ. Негізінен, бұл - дінмізге, салт-дәстүрімізге жат амал. Себебі, бұрынғы ата-бабаларымыз мұндай азғындыққа жол бермеген. Ислам дінінде некесіз қосылған ұл мен қыз үлкен күнәға батады. Яғни, ұл-қыздарымыз неке құруға жастары жетіп, әке-шешесі рұқсат беріп, заңды түрде неке сарайында және мешітте ақ некелерін қию арқылы бақыттарын баянды ете алады. Ал некесіз туған баланың тағдырын айтудың өзі мұң. Жетімдер үйіндегі анасын іздеп жылаған жас сәбидің күйі қандай аянышты?! Мұның барлығы - жастарымызға тәрбиені тал бесіктен дарытатын ата-аналардың салғырттығы және мән-мағынасыз ғашықтар күні секілді «мерекелерге» жол берушіліктің салдары.
Тәрбие тал бесіктен басталады
Аборт жасау - дінімізде үлкен қылмыс. Өйткені кішкентай адамның жанын қию адам өлтіргенмен тең. Ал кімде-кім бір адамның жанын қиса, барша адамзатты өлтіргендей күнәға батады. Қазіргі жалпақ тілмен жеткізер болсақ, аборт жасаған кезде ең бірінші жарық дүниені көрмеген сәбидің өмірі қиылады. Екіншіден, ананың денсаулығына өте қатты зиян тиеді. Үшіншіден, аборт жасаған ана болашақта мүлдем бала көтермеуі әбден мүмкін. Яғни, осындай Әулие Валентин күнінің кесірінен көптеген ұл-қыздарымыз күнәға белшесінен батып жатыр. Демек, ғашықтар күні - қазақ жастарына еш пайдасы жоқ қауіпті мейрам. Дана халқымыз баланы жастан деп бекер айтпаса керек. Ата-бабаларымыз қыз баланы қырық үйден тыйып, оны мәпелеп, жамандықтан сақтап, имандылық тәрбиесін бойына сіңіріп өсірген. Жастарымыз осындай азғындық жолға бармас үшін –алдымен асыл дінімізді, салт-дәстүрімізді, ана тілімізді, Отанымызды, ата-анамызды құрметтеуді үйрену қажет. Махаббат деген ғашықтар күніндегі сенімсіз сезім емес. Ол - алдымен, Жаратушы иеміз Аллаһ Тағалаға, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с), Отанымызға, ата-анамызға, жақын-туысқандарымызға деген шынайы сезім.
Жастарымыз үлгі-өнегені ең алдымен қасиетті Құраннан, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннет жолынан, хадистерінен алуы тиіс. Хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-нің көркем мінез-құлқына қарап, одан жақсы үлгі алуымыз керек! Аллаһ Тағаладан дұға тілеп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) - ға салауат айтып, сауап алайық, бауырлар!
Павлодар қалалық «Ақ мешіттің» баспасөз қызметі.

