АТАДАН КАЛFАН АСЫЛ СOЗ
ШАЛКИIЗ ЖЫРАУ
(1465-1560)
Жақсының жақсылығы сол болар
Жаманменен бас қосып,
Сөйлемекке ар етер;
Жаманның жамандығы сол болар,
Сөйлесе дәйім бетін қара етер;
Бір жақсыға басың қосып сөз айтсаң,
Сол жақсы жамандығың жақсылыққа жыр етер.
Бір жақсыға басың қосып сөз айтсаң,
Сол жаман сырың сақтамай,
Әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер.
* * *
Асқар, асқар, асқар тау,
Асқардан биік тау болмас,
Басына балапан шырлап ұшып қона алмас,
Бүркіттен қыран құс болмас,
Баулы жетпей бөрі алмас.
Бидайықтан алғыр құс болмас,
Бұйырмаса екеу түгіл бір де алмас.
Сұңқардан сұлу құс болмас,
Қауырсыны қатпай ұша алмас.
Ағайынның ішінде
Бір жақсысы бар болса,
Қоңқалаған көп жаман
Сол жақсыны көре алмас.
Сол жаманның басына
Қиын-қыстау іс келсе,
Бағанағы жақсысын
Қос арғымағын қолға алып,
Күнінде іздесе де таба алмас.
Қазақ жыраулық поэзиясының атасы – Шалкиіз Тіленшіұлы Жайықтың шығыс бетінде 1465 жыл шамасында дүниеге келді. Болашақ жырау үш айлығында анасынан айырылады да, нағашы әжесінің қолына беріледі. Сөйтіп, Шалкиіз Дешті-Қыпшақ жерін жайлаған түркі руларының бірінен екіншісіне көшкен бір ғасырға жуық сапары жөргектен басталады. Шығармаларына қарағанда жырау бірде әскери жорықтар сапында, бірде әміршісінің нөкері қатарында Қырым, Терістік Кавказ, Дон бойын тегіс аралап шығады.
Шалкиіз бір ғасырға жуық жасап, 1560 жылдарда қайтыс болады.
ТӨЛЕ БИДІҢ БАТАСЫ
Төле бидей қартыңның
Аппақ сүттей сақалы.
Сабалақтай баланың
Оң болса екен сапары,
Мол болса екен қатары.
Сегіз қиыр, шартарап,
Кең жайылсын атағы.
Елдің ұлы бола біл,
Еліңе ақыл сала біл.
Алла ісің оңғарсын,
Жұрттың қамын толғарсың,
Ақ білектің күшімен,
Ақ найзаның ұшымен,
Жалпақ жатқан байтақты
Жан аямай қорғарсың.
Пана болып халқыңа,
Көз қырын сал салтына,
Адал жүріп қызмет қыл,
Қарай көрме, қайырылып,
Жолда жатса алтынға,
Дүние бұзар адамды,
Байлығыңа мақтанып
Босқа алқып-шалқыма.
Қанша аспандап кетсең де
Сен баласың халқыңа!
Сақалымның ағында,
Өлерімнің шағында,
Бердім осы батамды,
Балам, маған налыма.
Дәулетің мен бақытың
Жетсін жеті ұрпаққа.
Пешенеге берген секілді.
Алтын ерлі ақ боз ат
Астында сенің арысың.
Қолаң шашты, қой көзді,
Алғаның бірге жасасын.
ҚЫЗЫРДЫҢ БЕРГЕН БАТАСЫ
«Қазаққа сөз дарыған, бір сөзді есітіп семіріп, бір сөзді есітіп арыған» дегендей, ертедегі аңызды тыңдасақ, мал бағып жүрген атамыз Қазаққа жас шағында қолында асатаяғы бар бір ақсақалды қарт кездесіпті. Оны көрген бала жігіт алдынан шығып, иіліп сәлем етіп, өлеңдетіп:
- Ассалаумағалейкум, ата, Сізге сәлем бердім.
Мал баққан Қазақ деген балаң едім.
Тәңірім кездестірді екеумізді айдалада,
Дәм татып сыйын көргін біздің елдің, - деп, ақсақалды ертіп келіп, мал сойып қонағасы беріпті. Қызметіне разы болған қонақ қолын жайып бата беруге ыңғайласады.
Сонда атамыз Қазақ босағада тұрып:
- Хош келдің біздің үйге, сақалды ата,
Айтайын арманымды мақалдата.
«Адал жанға Қызыр дос» - деген сөз бар,
Қызыр болып берсеңші батаңды, ата,
- деп атасынан бата тілейді.
Сонда қонақ былай бата берген екен.
- Рас, мен Қызыр деген атаң едім,
Разы боп ықыласыңа бата бердім.
Мал-жаның, ұрпағыңмен қатар өсіп,
Иесі бол көз жетпейтін байтақ елдің.
Ұрпағыңмен кірсін әр кез берекеңіз,
Көп болсын шаттық тойың, мерекеңіз.
Өрендерің өнерлі азамат боп,
Бөленсін көк майсаға жер-өлкеңіз.
Кең пейіл, арман-тілек жырға толсын.
Ақ жүзің ұрпақ көріп нұрға толсын.
Бір Алла бұл батамды қабыл етіп,
Үйіңе жақсы адамдар келіп қонсын.
Артық болып шашылсын несібеңіз,
Төрт түліктен табылсын кәсібіңіз.
Дастарқаның кең жайылып қас пен досқа.
Үлгі болсын әлемге бар ісіңіз,
Әумин, - деп бата берген деседі.
Ақан сері
ТОРЫНЫ ТАҢ АСЫРЫП МІНГЕН ҚАНДАЙ
Торыны таңға байлап мінген қандай,
Үкілеп әсемдетіп жүрген қандай.
Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып,
Сыбанып ақ білекті түрген қандай.
Күнінде уағда еткен қалқажанның
Жетуге ынтызар боп желген қандай.
Ауылы қыз қалқаның қайда екен деп,
Жүгіріп сайлау жермен келген қандай.
Атыңды бір тасаға байлап тастап,
Тұсына ақ боз үйдің төнген қандай.
Сөз салып қалқажанға жеңгесінен,
Құрбыңмен сыпайы ойнап-күлген қандай.
Ишарат әзілменен сөз қатысып,
Қыз сырын жеңгесінен білген қандай.
Алаңдай, алабұртып тұрғаныңда,
Алдыңнан қарсы шықса ақша маңдай.
«Құрбыжан, ебін тауып келдің бе?» - деп,
Ақсиып күрек тісің, күлген қандай.
Қалқажан күле қарап, «жүр» дегенде,
Ақ үйге есік ашып енген қандай!
Жамылып екеуара бір шапанды,
Айқасып тар төсекте жатқан қандай,
Мойныңа ақ білекті арта тастап,
Тіл дәмін бір-біріңнің татқан қандай.
Сол жерде айтылмаған сыр қалмайды,
Кілт ашып ақ сандықты ақтарғандай.
Ойынның қызығымен білмей қалып,
Машырақтан таң сарғайып атқан қандай.
- Тұрыңыз, үйге сәуле кіріпті, - деп,
Біріне-бірі күліп айтқан қандай.
Сол кезде көңіліне түссе қорқу,
Мысықтан тышқан қорқып сақтанғандай.
Ақырын үйден шығып таң алдында,
Манағы сайдағы атты тапқан қандай.
Шылбырын сал торының қызға беріп,
Шақшаны қағып-қағып атқан қандай.
Насыбай өз әлінше о да тәтті,
Алдыңда қарап тұрса ақша маңдай.
Көтеріп қолтығыңнан аттандырып,
Артыңнан тұрса қарап көзін алмай.
Ойласаң бұл дүниеде не қызық бар,
Қасынан қалқажанның аттанғандай.
Торыны жүгіртесің көңілің тасып,
Біреуден ебін тауып ақша алғандай.
Ауылыңа өлеңдетіп сен қайтасың,
Бәйгеден атың келіп шаттанғандай.

