YМБЕТЕЙ ЖЫРАУ

 

YМБЕТЕЙ ЖЫРАУ

(1706-1778)

 

Абылай заманындағы Ақтамберді, Тәттіқара, Үмбетей жыраулардың бәрі де беліне қылыш іліп, қолына найза ұстап, құндақтаулы домбырасын қанжығасына байлап, анталаған жаулармен айқаса жүріп жыр толғаған тарландар. Былайынша, жат жерлік дұшпандарға қарсы қалың елін білегінің қаруымен де, жүрегінің жалынымен де ерлікке үндеген әрі батыр, әрі ақын қаһармандар. Бұқар жырау дәстүрін жалғастыра отырып, хан-қара, би-шораның алдында тайсақтамай, ойын ашық айтып, қисықты тезге, қыңырды жөнге салып отырған.

Солардың бірі Үмбетей жыраудың Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естіртуінде, Бекболат биге және басқа ел адамдарына айтқанында қаншама батыл пікір, байыпты ой, ашық шындық жатыр, тіпті ол өз ұстазы Бұқар жыраудың өзіне:

Бұлбұл құстай сайрадың,

Топты көрсең жайнадың.

Көріктейін күпілдеп,

Көмекейің бүлкілдеп,

Сөйлер сөзден таймадың.

Тәукенің болып жаршысы,

Халықтың болып заршысы,

Белді бекем байладың, - деп әділ билік, ақыл сөз, айқын шындықты ұдайы ту етуді тілейді.

Үмбетейдің әкесі Тілеудің өзі де көне ақындармен ерлік жырларын бұрынғы би-шешендердің тапқыр сөздерін көп білетін кісі болса керек. Болашақ батыр жырау солардың бәрін бала күнінен-ақ құлағына құйып, көңіліне ұялатып өскен. Ақындық қабілеті ерте білінген жырау ауылдастарының тіпті ағайын-туғандарының да теріс қылығын табанда өлеңге қосып, өткір тілмен түйреп отырған. Бертін ол ел қорғаған қаһарман дала перзенттерін мадақтап, талай белгілі батырлар туралы жыр толғаған. Ежелгі жыраулардың ойларын дамытып, ұрпаққа қалдырған пәлсәфалық толғамдары да аз емес. Жетпіс үш мүшеліне қараған шағында дүние салған оның сүйегі Ақмола облысының Ерейментау ауданында жатыр.

 

Бай болмаған бай болса,

Жайламаған сай қалмас.

Би болмаған би болса,

Айтылмаған сөз қалмас.

Хан болмаған хан болса,

Қанамаған ел қалмас.

Баласын мақтар бас жаман,

Қатынын мақтар қас жаман.

Алыстағы дұшпаннан,

Аңдып жүрген дос жаман.

Ұл он беске келгенде,

Қолға ұстаған қобызың.

Ұл он бестен асқан соң,

Тіл алмаса доңызың.

Кісі көрсең есіктен,

Жүгіре шық, кешікпе!

Қарсы алмасаң мейманды,

Кесір болар несіпке.

Кетеген болса түйең жау,

Тебеген болса биең жау...

Ұрысқақ болса ұлың жау,

Керіскек болса келінің жау.

Кей сорлының қатыны

Күндіз ауру, түнде сау.

Бір бие бітпей бие болмас,

Бір түйе бітпей түйе болмас.

Өз малын іздеген,

Түбінде өз малына ие болмас.

Үйіңдегі ұлың жаман болса,

Есіктегі құлмен тең.

Қатының жаман болса,

Қаңтардағы мұзбен тең.

Жылға сай батпақ болса өте алмассың,

Жастан шыққан жүйрікке жете алмассың.

Дүниенің жүзінде осы қиын –

Жаман деп өз үйіңнен кете алмассың.

Бәйбішең аю болса аса алмассың,

Қарау болса әй деуге бата алмассың.

Мейманға отың басы болса суық,

Ел-жұртқа жақсы жігіт атанбассың.

Сырт тазасы не керек,

Ішің таза болмаса.

Жараға жақсы қасқарар,

Ойбайлап жаман бас салар.

 

Пікірлер  

 
+1 #2 Умбетей жирау 10.01.2012 02:13
рахмет
Цитировать
 
 
+2 #1 Үмбетей жырау 24.12.2010 21:49
Рахмет!
Цитировать
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 29 30 31