Нәрестеге, сәбиге
Көтерейік білекті,
Нұрға бөлеп жүректі.
Бөбекке бата берейік,
Ағынан айтып тілекті:
Сәбиіміз сүйкімді болсын,
Өнер-білімге икемді болсын,
Бәйтеректей бойшаңданып,
Өрен, өршіл, өркенді болсын!
Жақсы жолды таңдасын,
Жамандық тәлім алмасын!
Даналардың дәстүрін
Жаңаласын-жалғасын,
Шұғылалы шуақ күн кешсін,
Басын сұр бұлт шалмасын,
Қос топшысы талмасын,
Қырандай биік самғасын!
Ары адал, жаны жаз,
Құрбысынан қалмасын!
Әл-Фараби, Қашғари,
Баласағұн, Дулати,
Қадырғали Жалайыри,
Өтейбойдақ, Иассауи,
Абай, Жамбыл, Шоқандай,
Тасқа басқан таңбасын!
***
Бір үйдің баласы болма,
Бүкіл елдің санасы бол!
Бір елдің баласы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала.
Қараны қара деп қарала!
Өзегің талса, елдің ішін арала.
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол!
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!
***
Аламан болып ержетсін,
Ақсақал болып төрлетсін!
Қас батырдай көрікті,
Ғұмыры болсын берікті!
Азамат болсын ардақты,
Мінезі болсын салмақты.
Өнері болсын жан-жақты,
Осы айтқанның бәрі қабыл болып,
Алла берсін зор бақты!
Тұсаукесерге
Тұсауың кесілді, құлама,
Тізеңді жаралап жылама.
Құлындай құлдырап жүгірші,
Қанеки, өзіңді сына да.
Секірсең құздардан сүрінбе,
Шың-құзға шыққанша бүгілме,
Болаттай қабырғаң қатайсын,
От ұшқын ойнасын түріңде.
Ұзақ боп, иншалла, өмірің.
Тасысын шаттықтан көңілің.
Сүндет тойға
Бисмилләһи-и-раһман-ир-рахим.
Мұсылман болдың, қарағым.
Және бері қарағын.
Шырағын жағар ұлымсың,
Ата менен ананың,
Таудай болсын талабың.
Алтын менен күмістен
Жасалсын барлық жарағың.
Көрімдігің мінекей,
Бар ма тағы қалауың?
Қой сұрасаң, қой берем,
Тай сұрасаң, тай берем,
Зат сұрасаң, зат берем,
Ат сұрасаң, ат берем.
Батырлығың байқалса,
Сауыт берем ақ берен.
Мұратыңа жете бер,
Күннен-күнге өсе бер.
Ұзақ болып өмірің
Өміріңнің түйінін
Өз қолыңмен шеше біл.
Адам болып өсе біл!


Пікірлер
RSS лента .