СӨЗ ЖИНАҒАН – АЛТЫН ҚАЗУШЫ

Шәңкі шешен

Шәңкі – Есілдің арғы бетіндегі Қанжығалы арғындардан шыққан шешен. Әкесі Мендеке өз заманында елін дауға, жерін жауға бермеген айтулы батырлардың бірі болған. Ал Шәңкі ескіше оқып, жап-жақсы білім алған, көзі ашық, сауатты би болып, ел басқару ісіне ерте араласқан. Қашан да халық қамын ойлап, ел-жұрт тағдыры шешілер шиеленісті мәселелерге бел шешіп, белсене араласып отырған. Оның әділ билігі тек елдестері арасына ғана емес, жалпақ жатқан Орта жүзге кеңінен жайылған.

Әділ билігінің, алғыр шешендігінің арқасында ол өз дәуірінің даңғайыр тұлғаларыҚыпшақ Балғожа, Атығай Зілғара, Қаржас Шорман, Бағаналы Ерден билермен таныс-біліс болған. Бөгенбай батыр әулетімен, Шақшақ Жәнібек ұрпақтарымен дәмдес-сыйлас боп, етене араласқан. Бірде Шақшақ ауылының жылқысына алтай Аққошқардың жігіттері тиіп, екі арада қатты қақтығыс болып, ұрылардың бірі таяққа жығылып, опат болып кетеді. Сол жігіттің құнын басы Аққошқардың өзі боп даулап, дау-дамай ұзаққа созылады.

Бес мейрамбес тентекті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған, оның үстіне он екі мың жылқысының буы шыдатпаған Аққошқар ара ағайынға сенбей, дау тағдырын өзім шешемін деп атқа қонады. Онымен терезесі тең болса да Шақшақ ауылының ағасы Шеген би дауға өзі кіріспей, Есіл бойынан Шәңкі биді алдырып, соның билігіне тоқтайтынын білдіреді. Алғаш бес тентекті уысында ұстап былқ еткізбейтін Алтайдың өркөкірек ағасы айтқанға бақпай, ешкімге ырық бермей қояды. Сонда орайлы бір сәтті пайдаланып Шәңкі:

- Уай, Аққошқар! Кере-керек сөйлесек, келін дауы келесі жылы бітеді, келісіммен сөйлессек, ердің құны екі ауыз сөзбен бітеді. Келісімге келмей керісе берсек, елден береке, ерден қадір кетеді, - дегенде, сөзге қонақ бермей қасарып отырған Аққошқар: «Шәңкі қалай шешсе сол болсын» дейді.

- Жарайды, ердің құны жүз жылқы, соның жартысыелумұның құны болсын, - дейді сонда Шәңкі. – Ал, Аққошқар, өзің Арғынның ағасы бола тұрып, ағайыннан құн даулағаның үшін елудің жартысын арғын-атамыздың аруағына кешесің, - деп үкімін айтады.

Әділдіктен аса алмаған атақты бай Шәңкінің төрелігіне бас иіп, жалпы құн даулаудан бас тартып, ат-шапан айып төлеп қайтқан екен.

Шәңкінің көп тәлім-тәрбие алған ағасы, атақты Саққұлақ би оның алғырлығы мен тапқырлығын жоғары бағалап: «Меңдекенің Шәңкісі мазмұнды сөздеріне күлкі араластырып, сәл қырылдақтау дауысымен сөйлеп кеткенде, жұрттың бәрі оның аузына қарап қалушы еді. Бұндай шешендік қасиет мен білетіндерден ешкімде де жоқ. Тек Шәңкінің өзіне ғана тән шешендік бұл» - деген көрінеді.

1811 жылы дүниеге келген Шәңкі Меңдекеұлы ұзақ ғұмыр кешіп, жасы тоқсанға қарағанда өмірден өтіпті. Сүйегі Қостанай облысының қазіргі Ұзынкөл ауданындағы «Қарашілік» ауылына қойылған. Сөздері әлі жиналмай, ел аузында жүр.

 

Таңның таң екенін кім біледі,

Сарғая келіп атпаса.

Күннің күн екенін кім біледі

Қызара барып батпаса.

***

Аққу-құстың төресі

Оңаша барып оттамас.

Асыл ердің белгісі

Арам істі қостамас.

***

Орданың орда екенін кім біледі,

Күтуші жығылып-сүрініп жүрмесе,

Иттің ит екенін кім біледі

Жығылып жатқанға үрмесе.

***

Ел қызығын көрмесе,

Алтынның көптігінен не пайда?

Ар-ұятың болмаса,

Ақылыңның көптігінен не пайда?

***

Келісімге келмей керісе берсе,

Елден-береке, ерден қадір кетеді,

Ердің құны екі ауыз сөзбен бітеді.

***

Тірі күніңде таратып бақ сөзіңді

Мыңнан біреу ұқса да,

Ұмыттырмас өзіңді.

***

Білгенге сөз - сом алтын,

Білмегенге - арам ас.

Наданға айтып сөзіңді,

Қор қылуға жарамас.

***

Теңіз басы бұлақ-ты,

Сол бұлақ тасымай,

Айдындарға су толмас.

Дүниеге машқұл жандарға

Қанша айтсаң да сөз қонбас.

***

Сөз жинаған – алтын қазушы.

***

Аталы сөз – тоғыз қабат қорғаның.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30