ШОРМАН БИ

ДОС КӨТЕРЕР КӨҢІЛДІ

 

Сірә, сөз өнерінің де тұқым қуалайтынына талас болмас. Атақты үйсін Төле бидің әкесі Әлібекайтқыр шешен, айтулы би. Қарауыл Қанай бидің балалары түгел дерлік ділмар болған деседі. Ақтайлақ бидің төңірегі де таңдайынан шаң шыққан кілең шешен болыпты. Айдабол Едіге бидің балалары Шоң мен Торайғырдың даңқы алты алашқа аян. Шешендік пен биліктің атадан балаға мирас болып, жалғаса беретінін ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов та жоққа шығармай, Қаз дауысты Қазыбектің өнері баласы Бекболатқа дарып, одан немересі Тіленшіге ауып, шөбересі Алшынбай арқылы одан әрі өрістегенін айта келіп, алайда атышулы Шорман бидің шешендігі тек өзіне ғана тән табиғи дарын екенін атап айтады. «Шорман би - Қаржас руының бай қазағының ұлы, бірақ бидің баласы емес», - деп жазады ол. – Шорманның ата-бабасында би болған кісі жоқ, ал өзі он үш жасында билікке түсіп, ұтып шығып, би атанды. Өле-өлгенше ел оны «бала Шорман» атап кетті.

Шынында да, Шорманның шешендігі - туа біткен қасиет. Әкеден жастай жетім қалған ол он үшінде-ақ ел ісіне араласып, тапқыр сұңғылалығымен, айтқыр сөзшеңдігімен көзге түсіп, аттыға жол, жаяуға сөз бермейтін ділмарлығынан «бұлбұл» атаныпты. Төруыл мен Қаракесек бас қосқан бір үлкен жиында шешен бала Тіленші бидің алды-артын орап сөйлетпей қойса керек. Сонда атақты аға би кейіп:

- «Өзім асыраған текешім өзімді сүзді» дегенде бұрынғылар осындайды айтқан екен-ау, - депті. Шорман бала да жұлып алғандай:

- Жақсылық қолыңызда тұрса, бірі -ақсақ, бірі - таз екі балаңызды неғып Шормандай ғып ала алмай жүрсіз? – дегенде Тіленші би ештеңе айта алмай, жер шұқып отырып қалыпты.

Шорманның мұндай айтқырлығына, қиыннан қисын табар тапқырлығына өз заманының талай билері тәнті болып, бас иген. Сондықтан Баянауыл өңірінің билік тізгінін ұдайы уысында ұстаған Шоң би күрмеуі қиын дау-шарды шешуге әркез Шорманды жіберіп отырған. Бұлбұл бала қашанда үміт үдесінен шыққан. Ділмар шешендігімен дүйім елді баурап, әділ билігімен елге жаққан. Шорман өз заманының озық ойлы, алдыңғы қатарлы азаматы болған. Балаларының бәрін оқытып, айналасындағы ағайын-туғандарының жас жеткіншектерінің де білім алуына жағдай жасаған. Үлкен ұлы, кейін аға сұлтан болған Мұса Уәлиханның Айғанымнан туған ұлы Шыңғыс сұлтанмен бірге Омбыдағы азиялықтардың әскери мектебінде оқып, орысша тәп-тәуір білім алған. Қарындасы Зейнепті Шыңғысқа ұзатып, хан тұқымымен мидай араласқан. Ал Зейнептен туған Шоқанның атағы Еуразия әлеміне әйгілі болғаны баршаға аян. Шорманның өз балалары да билік айтып, шешендік жарыстырудан кенде қалмаған. Әрине, олардан әкесіндей астары терең, айтары шалқар айла-амал төрт көзі түгел табылмағанмен де, жөпшендіден жеңіле қоймаған. Ал Шорманның өзі қашанда сөз қисынын қиуадан қиыстырған ғой. Ерден батырдың әкесі Сандыбай қайтыс болғанда оның бәйбішесіне көңіл айтқаны оған дәлел.

Қайғысыз, мұңсыз жар бар ма?

Талайлар қалған арманда.

Айтатұғын сөз бар ма

Жаратқан өзі алғанда.

Үш жүздің анасы емес пе едің,

Өзің көңіл айтсаңшы деп

Біздей жетім қалғанға, -

деп қайғы жалқынікі емес, жалпынікі екенін алға тартқанда, «ә, солай ма еді?» - деп бәйбіше басын көтеріп алған екен. Шорманның мұндай тауып айтар қанатты қисындары ел аузында баршылық.

Ажалсыз пенде өлмейді,

Қайғырғанмен, келмейді.

***

Дос көтерер көңілді,

Көп көтерер өлімді.

***

Ұнатпаған қонағының кім екенін білмейді,

Қабағы қыржиып, езу тартып күлмейді.

***

Су анасы бұлақ болар,

Сөз атасы құлақ болар,

Адамның жаны

Денесіне қонақ болар,

Жанның жалғыз досы

Дүниеде тамақ болар.

***

Әділ биде ата жоқ,

Атасына бұрмағанда қате жоқ.

Тура биде туған жоқ,

Туғанына тартқанда иман жоқ.

***

Өзен тұрып,

Өзге жерде қонған нәмәрд.

Өзі болған жігіттің

Түп атасын қазған нәмәрд.

***

Дәулет кетерінде

Өлсең де келмейді,

Ал бір беттеп келер болса,

Тепсең де кетпейді.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30