БӨКЕН БИ

Есентемір Бөкен би Кіші жүздің от ауызды, ортақ тілді әділқазы шешендерінің көбіне аға болып келеді. Жасы жөнінен ол тама Есет биден де, Сәбек Айтуған мен Асаудан да көп үлкен. Қазақтың дарабоз батыры, даңқты ділмар шешені Сырым Датұлына:

Кеудең толған бауыр болсын,

Мінезің қара жердей ауыр болсын,

Арқаң қара нардай жауыр болсын,

Үйіңнің сыртынан дүбір кетпесін,

Құлағыңның түбінен сыбыр кетпесін

Жасың алпысқа жетпесін, - деп бата берген сол деседі.

Батырдың аға бимен алғаш кездесуі де қызық. Әдейі сәлем беріп, ақылын тыңдайын деп барса, қария алғаш алымсынбай:

- Уа, бұл қай баласың? – депті.

- Даттың баласымын, - дейді жігіт.

- Қой жая алмайтын жаманнан қолақпандай бір ұл туды деп еді, сірә сол боларсың?

- Болсақ, болармыз. Біз Даттан онбыз. Бір құшақ отыннан оқтық ағаш шықпаушы ма еді?! Өзіңді қазыналы қарт деп келсем, қазымыр шал екенсің ғой. Шалдың үш түрі болады деуші еді: қадірсіз шал, қыдырма шал, қазымыр шал. Соның соңғысы болдың ғой, - деп тұра бергенде Бөкен қарт:

- Әй, бала, қадірсіз болсам – халқымнан сұра, қыдырма болсам – көршімнен сұра, қазымыр десең – малшымнан сұра. Сынайын деп айтқан сөзімді көңіліңе алып қалдың ғой. Ал, жай қолыңды, бердім батамды, - деп батасын беріпті.

Шынында да, Бөкен би халқына қадірлі, жұртына жағымды қарапайымның кемеңгері болған адам. Дөңгелек дәулеті бар шаруа отбасынан шыққан ол адамдарға байлығына емес, ақыл-ойына, парасат-пайымына, азаматтығына қарап баға берген. Он екі ата Байұлының бас биі бола тұрып ол арқыратып арғымақ мінбей, жарқыратып жақсы киім кимей, қарадүрсін тірлік кешкен. Көбіне жүрісі жайлы деп өгізбен жүреді екен, жарықтық.

Ең алдымен ол ел ішінің бүтіндігін, ағайынның бірлігін, туғандардың татулығын тілеп, дүмділердің әлсіздерге озбырлық жасауына жол бермей, әманда әділ билік айтқан. Алайда әділ билікке берілетін қолүздік сияқты сиақыны ешқашан алмаған, торқалы тон, оқалы шапанға қызықпаған. Қоралы қой айдап, боталы түйе, құлынды бие жетектетсе де, сол жерде жұртқа үлестіріп берген. Оның есесіне, бидің қысқы соғымы мен жазғы сауыны ағайын-туғанның, ел-жұрттың мойнында болған. Бөкен биді арнайы шақырып қонақ қылу үшін ауыл-аймақ кезекке тұрады екен.

Бірде кезек айтулы Асау биге келеді. Қадірмен қарияны ауылдың үлкен-кіші, кәрі-жасы қаумалап қарсы алады. Шай қойылып, мал сойылып, амандық-саулық сұралған соң аға биді сөйлету үшін Асау суыртпақтап сөз тартып:

- Бөке, осы күні келіндер бір мінез шығарып жүр, түрулі керегенің көзінен қарайды да, мына шал тағы да келе жатыр ғой, дейді. Бұл неткені? – деп сұрайды.

- Ырысының кеткені, - дейді Бөкең.

- Үйге үлкен кісі келіп қалды, мал соя қойыңдар, десең – жастар осы шалдар-ақ жатпайды екен, үйінің іргесінен су шыға ма, деп ерінеді, бұл неткені?

- Аузының кепкені, - дейді би-ата.

- Қазақ қонақ-қопсы, дейді, соның қонағы кім, қопсысы кім?

- Қонақ дегенің арнайы шақырумен келген мына мен. Ал қонаққа Бөкең келіп қалыпты деп, сәлем беріп, амандық-саулық сұрағалы қопарыла келген анау ауыл адамдары қопсы, - депті би.

Бөкен бидің ғибратты қисындары мен нақыл сөздері көбіне осындай сұрақ-жауап түрінде болады. Мақаш Бекмұхамбетовтың 1908 жылы Қазан қаласында шыққан «Жақсы үгіт» кітабынан бастап, әр жылдары шешендік жайында жарияланған жинақтарда басылды. Ол туралы әдебиетші ғалымдар Балтабай Адамбаев пен Берік Қорқытов жазды. Биыл атыраулық қаламгер Кәрім Тұрдығалиев «Бөкен би» атты көлемді кітап шығарды.

***

- Қатты жерге қақ тұрады, қатты адамға мал тұрады дейді, бұл не сөз? – деп сұрағанда.

- Қатты адамға мал бітер, қайырымы жоқ кәпір болса, қатты жерге қақ тұрар, шөп шықпайтын тақыр болса, - деп жауап беріпті Бөкен би.

***

- Жігіттің дос пен қасын қалай ажыратады?

- Досың алыста, қасың жақында, жаман туысқаннан жақсы жолдас артық.

 

***

- Пайда мен зиянды қалай айыруға болады?

- Пайда мен зиянды айыру қиын. Пайда дегенің зиян болып, зиян дегенің пайда болып шығатын кезі бар. Ол - ғайыптың ісі.

 

***

- Қонақ неше түрлі болады?

- Ұдайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылғынба қонақ деген төрт түрлі қонақ болады. Ұдайы қонақ деп, яғни сыйлы қонақ деп арнайы шақырылғанды айтады, құдайы қонақ деп күтпеген жерден жолаушылап келе жатып ат басын тірегенді айтады, қыдырма қонақ деп апта сайын айналып соға беретіндерді айтады, қылғынба қонақ деп әр үйдің түтінін аңдып кез келген уақытта жетіп келетіндерді айтады.

 

***

- Ер жігіттің неше жұрты бар?

- Әдетте үш жұрты бар: өз жұрты күншіл, нағашы жұрты сыншыл, қайын жұрты міншіл дейді. Ал ең бастысы күндемейтін де, сынамайтында, мінемейтін де төртінші жұрты – ол алаштың азаматы.

«Ақиқат» журналынан.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30