АТАДАН ҚАЛҒАН АСЫЛ СӨЗ

 

 

Май ауданының Құрметті азаматы Құдайберген Бөкенұлы Пішембаев ел арасында ұлттық рухани құндылықтардың, даналыққа бастар аталы сөздердің насихатталуына өзіндік үлес қосып келе жатқан азаматтардың бірінен саналады. Әсіресе, өскелең ұрпақтың өз тілін, өз мәдениеті мен әдеби қазыналарын бойға сіңіруіне маңыз бере қарайтыны қуантады. Сөздің қадірі мен қасиетін, киесін ежелден ежіктеп, жақсылыққа үйретер, жамандықтан жирентер әдеби туындыларынан өмірлік сабақ, таптырмас тәлім алуға болатынын да Құдайберген ақсақал тереңнен зерделейді. Ел аузынан ақыл да нақыл сөздерді талмай жинастырып, көпшілікке ұсынудан жалыққан емес. Бүгін назарларыңызға өзі жинастырған бірқатар туындыларды ұсынады.
 
Біржанның қыздан жеңілуі
Сайдалы сары Тоқаның елінде сөз мәнісін түсінетін, өткен-кеткеннен түйгені мол Бәтима деген қыз болады. Біраз уақыт жігіт таңдап отырған қыздың көркіне ақылы сай келіп, Би-Бәтима атанады. Сөйлесе, Бәтима сөйлесін дейтін ел қадіріне бөленеді.
Сол Бәтиманың бойы өсіп, бұғанасы қатайған кезінде Біржан сал ақын қыз Сарамен айтысып, Сараны жеңіпті деген сөз лезде көпке тарап кетеді. Бұл сөзді жас та болса Бәтима да естиді. Бір жылы қыз елі қуаңшылықта Нұра өзені бойына, кейде Қараөткелден әрі асып, Атбасарға дейін көшіп-қонып жүреді. Бір күні Біржан сал ел аралап жүріп, кештете бір ауылдың шетіндегі оңашалау үйге жігіттерімен түсе қалады.
Шақырусыз келген қонақтардың жүріс-тұрысына, киім киісіне қарап, Біржан сал емес пе екен деген ойда болған Бәтима оны сынамақ болып, мал сойғызбай, қатықсыз қара көже пісіріп, әрқайсысына бір аяқтан құйып бере салады. Біржан сал бірінші болып, аяққа ернін тигізер-тигізбестен Бәтиманың өзіне қайтарып беріпті. Сонда Бәтима:
Байлардың жейтін асы жая мен жал,
Шығады нақ кедейден өзіңдей сал.
Жаз аяғы шаруа күйсіз болды,
Көжеге кекіреймей ерніңді мал, - дегенде, Біржан сал сасып қалып:
Атандым ақындықпен Біржан сері,
Серінің күнде думан жүрген жері.
Қарындасым Біржанға сөзің өтті,
Көжеңді молырақ құй, әкел бері, - депті.
Би-Бәтима сөзін әрі қарай жалғап:
«Аға, жолаушы болсаңыз да құдайы қонақсыз, сынамаймын, ағалық сыбағаңызға мал сойылып жатыр. Қонақ болыңыз және ақындық сыбағаңызға ортақтасқаныма ренжімегейсіз,» - деген екен.
 
Әнет бабаның айтқаны
Тобықтының биі Әнет жастайынан ел аралап билік айтып белгілі бола бастапты. Бертін келе жасы ұлғайғанда Әнет баба атаныпты. 
Сол Әнет бабаға бір отырғанда ауылдастары «Бұл өмірде не арсыз, не даусыз, не ғайып, не қадірсіз, не тәтті, не күшті, не жаман?» деп сұрақ қойыпты. 
Ол кісі ойланып отырып, бұл сауалдарды үш-үштен топтап айтқан екен:
Өмірде үш арсыз бар – ол ұйқы, күлкі, тамақ, үш даусыз бар – ол кәрілік даусыз, мінез даусыз, ажал даусыз деп.
Үш ғайып бар – ол қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып.
Үш қадірсіз бар – ол денсаулық қадірсіз, жігіттік қадірсіз, әйел қадірсіз деп.
Үш тәтті бар – жан тәтті, мал тәтті, жар тәтті.
Үш күшті бар – ақыл күшті, жүрек күшті, тіл күшті.
Үш жаман бар – ол нақақтан қан төгу, біреудің үстінен ғайбат айту, ескі жұртты қопару.
Үш қадірлі – ырыс, бақ, дәулет.
Үш байлық – денсаулық, ақ жаулық, он саулық.
Үш алыс – көк пен жердің арасы, жас пен кәрінің арасы, жақсы мен жаманның арасы алыс деген екен.
Тағы да не жаман: атың жаман болса жалғанның азабы, алғаның жаман болса дүниенің тозағы, балаң жаман болса көрінгеннің мазағы – депті.
 
Сүйінбай туралы
Сүйінбайдың атағы шықпай тұрған жас кезінде Әлімбай деген туысқанына сауынға ешкі сұрап барғанда, ол бергісі келмей, сөзбұйдаға салады. Сонда Сүйінбай былай деген екен:
Қатық ішіп сен жүрсің,
Шайға қатық таба алмай - 
Қатып-семіп мен жүрмін,
Ағайынды жағалай,
Сауын сұрап кеп жүрмін, - дейді. Әлімбай ешкі бермейді. Арада көп жыл өтіп, Сүйінбайдың аты қазаққа мәлім болғанда, Әлімбай жұтаң кедей болып қалады. Сонда үйіне келген Әлімбайға Сүйінбай былай деген екен:
Көп жыл өтті арада, келдің, Әлім,
Түсінесің, ағайын, сөздің мәнін.
Ешкі емес, Сүйінбайға жылқы бітті,
Қымыз ішкін, отырғын, татқын дәмін.
 
Сүйінбай ақын өзіне Тезек төре сыйлаған сары атқа қарап тұрып былай депті:
Тезек-ау, мына атың сары ат екен,
Қатып қалған кірпігі кәрі ат екен.
Көкжал барақ қашқанда көп қуып па ең,
Жеті атаңнан бері қарай барат екен.
 
Тақсыр-ау, мынау аттың тәуір түрі,
Қоя берші жайлауға бір жыл, құры.
Тезек ұран шақырар тұлпар екен,
Ұстап мінгін атыңды келер жылы.
 
Тағы да Сүйінбай Тезектің соймақ болған қойына қарап:
Апыр-ау, мына қойың мерген қой ма,
Аң атып, талай қызық көрген қой ма,
Артына алаң-жалаң қарай беред,
Бір қорлық қасекеңнен көрген қой ма?
Ашаршылық болғанда елді асырар,
Тышқақ лақ сойсаң-дағы, мұны сойма, - деген екен.
 
Асаубай шешен туралы
Қанжығалы Асаубай шешен – Қарабалық қыпшақ, Күліктің Нұрмағамбетінің үйіне келеді. Амандасып, жайласып отырған қонаққа шай береді. Шайда май орнына торта қойылады. Шаңыраққа қараса, семіз жылқының жал-жаясы, қазы-қартасы ілулі тұрғанына Асаубайдың көзі түседі. Әлгі үй иесі қонағына сиырдың бір жаясы мен екі-үш қабырғасын салған табақты тартады.
Шаңырақтағы семіз жылқының етінен бірде-бір мүше табаққа түспегенін Асаубай сонда байқап:
Шайға әкеліп бергенің -
Айырған майдың тортасы.
Шаңырақта ілулі 
жылқының қазы-қартасы.
Асқаныңа қарасам,
Кәрі сиырдың қабырғасы мен жалпақ арқасы.
Осы үйге бармайын деп едім,
Болмай алып кеп едің,
Же, мынаны тойғанша,
Көңілдегі арман тарқасын, - депті де, қасындағы жолдасына табақты итере салыпты. Сонда Нұрмағамбет:
-Асаубай, сен мені ең әуелі жаманда, сонан соң мақта, - депті.
Сонда Асаубай:
Ағаш тұрып
Қырға қыстаған оңбаған.
Қар келер деп,
Сырма ұстаған оңбаған.
Намаз десе,
Тұра қашқан оңбаған.
Арақ десе,
Аузын ашқан оңбаған, - депті.
 
Майлықожа туралы
Бірнеше сопы алдарына тамақ келгенде Майлықожа ақынға: «Сіз қол жуып келе беріңіз, біздің қолымыз таза», - депті. Майлықожа қол жуғалы кеткенде, олар етті еңсеріп қойыпты.
Ақыр заман боларда,
Талтайған сопы көп болар.
Айта берсем аяғы,
Бірталай ұзақ кеп болар.
Сен қолыңды жуғанша,
Біздің қолымыз таза деп,
Табақтағы етті жеп болар, - деп Майлы орнына келіп отыра берген екен.
           * * *
Құлыншақ ақын Майлықожаға кездескенде:
Майлы, майлы дегенмен, май болмадың,
Жұрттан алып жегенмен, бай болмадың, - дей бергенде бір шумақ өлеңнің жалғасын Майлықожаның өзі айтып жіберген екен:
Сен Құлыншақ болғалы талай болды,
Не құлын, не жабағы, тай болмадың.
                 * * *
Әрдайым әзілдесіп жүретін Мәделі мен Майлықожа әңгімесіне бір жолы домбыра себепші болады. Мәделінің:
Майлы ақын, қолыңдағы домбыра ма,
Жөндеп айт өлеңіңді, болбырама.
Аулақ Жайға апарып сындырсайшы,
Адамды бұл қу ағаш оңдыра ма, - дегенде, Майлы былай деп жауап қайтарыпты:
Еш пенде бұл дүиеге болмас тұтқа,
Ерден дәулет қашарда көшер жұтқа.
Ілгеріден қап жүрген нақыл сөз бар,
Арты ашылған күледі жалаң бұтқа.
 
 
Бала би туралы
Бала бидің атасы азан шақырып қойған аты – Бименбет. Бала би - лақап аты. Бименбет әкесі Есенәліден он үш жасында жетім қалады. Әкесінің інісі Арғынбайдың атын ерттеп, қасына ереді. Арғынбай бидің алдына келер үш даудың шешімін айтып, Бименбет көзге түседі де, Бала би атанып кетеді.
Іннен қазып алынған бір түлкіге екі кісі таласып, бірі итім қуып келіп індетті дейді. Екіншісі қақпаншы екен. Жүні жетілсін деп сыртынан бағып, бақылап жүрген түлкім еді. Жер де менікі, ін де менікі дейді. Сонда Бименбет бала: Түлкі арлан болса, қуып келіп індеткен қағушыныкі, ұрғашы болса, сыртынан бағып жүрген жер иесі - қақпаншынікі. Өйткені ұлан дүз сағалайды, ұрғашы үй сағалайды деген екен.
Сөйтіп ұрғашы түлкі сыртынан бағып, қақпан құрған адамға тиіпті. Жөн біліп, әділ шешім жасайтын Бименбет Бала би атанып кетіпті.
              * * *
Досбол мен Бала би бір үйде түстеніп отырса керек. Үй иелері түстікке сүтке күріш бұқтырып, үстіне сары май салып әкеліп қояды. Бала би сонда сары майды өз жағына қарай жақындатуды ойлап:
- Досеке, жасымыздан бірге өскен қатар едік, егіз едік. Атам өлді келмедің, шешем өлді келмедің, - деп күріштің бетінен өзіне қарай екі жол тартып қояды. Жолдасының қулығын сезе қойған Досбол: - Рас-ау, мен сені ұмытайын деп жүр деймісің. Жүргіншілік көп, ел іші ұйқы-тұйқы болған кез ғой, - деп сары май мен күрішті араластырып жіберіпті.
 
Тоқсан би туралы
Тоқсан би Әбіл байдың ауылының тұсынан өтіп бара жатса, байдың үш қызы күн тым ыстық болғандықтан суға түсіп жатыр екен. Сонда тұра қалып Тоқсан би қыздарға былай депті:
Қамысы мына өзеннің қырық буын,
Естідім қамыс жақтан қыздың дуын.
Таң атпай ақшолақты суға салып,
Өзеннің бүлдірген кім аққан суын.
Сонда Әбілдің кіші қызы екі қолымен төсін басып тұрып былай жауап қайтарған екен:
Деген-ау бұқа - буға, азбан - дуға,
Өзенді арамсынсаң, бетің жума.
Шешеңнің ұйытып қойған қатығындай,
Итаршы болғаның не ағын суға?
 
Тоқсоба бидің тосын сұрағы
Тоқсоба би ауырып, өлім халіне жетіп жатқанда қасында отырған бір пұшық, бір таз би: -Тоқа, жаман айтпай жақсы жоқ,               о дүниелік болып кетсеңіз, бізге түк айтпай кетесіз бе? – депті.
Сонда Тоқсоба би:
-Ақылдарың болса, маған айтыңдар, көрмеген жерге барам, танымайтын елге барам, қараңғы көрге барам, - депті.
Пұшық пен таз не дерін білмей қалыпты.
 
Базар жырау туралы
Базар жырау бастаған бір топ өнерпаз бір ауылдың шетіне келіп кірген кезде иінағашпен екі шелек су көтерген жас келіншек үлкен адамдардың алдын кеспей әдеп сақтап жол беріп, анадайдан тұрып қалыпты. Сонда Базар:
-Мына келіншектің ізет-құрметіне арнап бір-бір ауыз өлең айтайық, - деп жыр жолын былай бастайды.
Сен - Лашын, мен - Қыранмын Қырымдағы,
Бейнесі бұзылмапты-ау Құлындағы, десе, қасындағы Тұрмағамбет:
Мен ғашық Жамалыңа жан шығармын,
Бетіңді аш, бермен қарай бұрыл-дағы, - дейді. Әрқайсысы өздерінің жас ерекшеліктеріне қарай көңілін білдірген ақындарға келіншек бетін ашып, бұрыла сәлем беріпті.
 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қантар 2011 >
Д С С Б Ж С Ж
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31