деді аймақ басшысы Ерлан Арын
«Үкіметке бір салалы шағын қалаларды дамыту
туралы арнайы бағдарлама жасауды тапсырамын.
Онда қаланың экономикасындағы әрбір нақты бағытты
әртараптандыру, әлеуметтік саланы дамыту ескерілуі тиіс»
ҚР Президентінің биылғы Жолдауынан.
Елбасы биылғы Жолдауында өңірлерді, әсіресе, шағын қалаларды дамытуға, сондай-ақ, ауылдық жерлерді көркейтуге баса мән берген болатын.
Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға бағытталған игі шаралар республиканың барлық аймағында жүйелі түрде қолға алынуда. Бұл ретте, Ақсу қаласында да ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өткен жөн. Осыған орай, бұрнағы күні облыс әкімі Ерлан Арын металлургтер шаһарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Қалада даму байқалады
Аймақ басшысы Ерлан Мұхтарұлы алдымен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамының жылу электр станциясында болып, қайта жарақтандырылып жатқан №6 энергоблоктың жұмысымен танысты. Аталмыш корпорация президенті Абдуазим Рустамбаевтың айтуынша, 325 МВт электр энергиясын өндіруге арналған бұл жобаның құны 265 миллион АҚШ долларын құрайды екен. Жоспар бойынша энергоблок келесі жылы іске қосылады деп күтілуде. Ел экономикасы дамыған сайын энергияға деген сұраныс та артуда. Сонысымен де, кәсіпорын мемлекетті өркендетуге үлкен үлес қосуда, деп атап өтті облыс әкімі.
Бұдан кейін Е.Арын Ақсу ферроқорытпа зауытына ат басын бұрды. Кәсіпорын директоры Арман Есенжолов үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде сөз етті. Оның айтуынша, зауыт жылдан-жылға қарқынды дамып келеді. Соңғы уақытта кәсіпорын ішінде ашылған агломерат цехының арқасында қалдықсыз өнім шығарып, кен қорын үнемді пайдалануға мол мүмкіндік туып отыр. Бұл алдымен экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге ықпал етуде. Сондай-ақ, іске қосылғанына аз ғана уақыт болған жоғары көмір қышқылды феррохром өңдейтін кешен де ел экономикасын еселеуге ықпал етуде.
Бүгінгі күні 6418 адамды жұмыспен қамтып отырған алып кәсіпорын өз қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету, демалыс орындарына жолдама беру сынды қамқорлық шараларын да назарда ұстауда.
Атап өтерлігі, Ақсу қаласындағы қос өндіріс мекемесі аталмыш мемлекеттік маңызы зор әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытуда. Мәселен, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамы ақсулықтар үшін екі қабатты спорттық сауықтыру кешенін тұрғызуда. Жаңа ғимараттың құрылыс алаңында болған аймақ басшысы Елбасы биылғы Жолдауында халықтың дене шынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшін спорттық инфрақұрылымдардың қолжетімді болуы керектігін тапсырғанын айтып, кәсіпорынның бұл бастамасы өзгелерге үлгі болуы керектігін алға тартты. Нысанды салып жатқан «Нұр-Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өкілдерінің сөзіне қарағанда, жаңа кешеннің құрылысы 2013 жылы толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Е.Арын кезінде жеке меншікке өтіп, құрылысы аяқсыз қалған 108 пәтерлі көп қабатты үйдің ғимаратына да назар аударып, болашақта мұны мемлекет иелігіне қайтарып, тұрғындар игілігіне жарату қажеттігін айтты. «Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету – Жолдау жүктеген маңызды міндеттердің бірі», - деді облыс әкімі.
Ерлан Мұхтарұлы өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген «Балапан» балабақшасын аралады. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында бой көтерген мекемеде 400 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мұнда олардың мектепалды тәлім-тәрбиемен қамтылып, шығармашылық қабілеттерін дамытуы үшін барлық жағдай жасалған. Айта кетерлігі, балабақша балғындарға мемлекеттік тілде ғана тәрбие береді. Соған қарамастан, осындағы тәрбиеленушілердің 30 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайды. Бұл – мемлекеттік тілге деген көзқарастың өзгергенін білдіреді, - дейді тәрбиешілер.
Облыс әкімі көркі көз тартқан жаңа балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер игілігіне бес компьютер сыйға тартты.
Е.Арын қаладағы №19 кәсіптік лицейдің жағдайымен де танысты. Мекеме директоры Федор Кисенковтың айтуынша, лицейді бітірген түлектер 100 пайыз жұмыспен қамтылуда. Бұл ретте Ақсу ферроқорытпа зауыты көп ықпал етуде екен. Сондай-ақ, аталған кәсіпорын білім ордасына үнемі демеушілік көмек көрсетіп, жыл сайын 27 миллион теңге қаражат бөліп тұрады. Аймақ басшысы Елбасы ірі кәсіпорындардың кәсіптік-техникалық бағыттағы оқу орындарына қолұшын беруі қажеттігін айтқанын, сондықтан зауыт ұжымының бұл қамқорлығы қуантарлық жағдай екенін тілге тиек етті.
Жаңа міндеттер жүзеге асады
Бұл күні Ақсу қалалық мәдениет үйінде облыс әкімі Е.Арынның қатысуымен алқалы жиын өтті. Оған облыстық басқармалардың және Ақсу шаһарындағы мемлекеттік мекемелер басшылары, қалалық мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер шақырылды.
Жиында Елбасының шағын қалаларды дамыту қажеттігі жайлы тапсырмасын орындау мақсатында Ақсу өңірінде атқарылуы тиіс жұмыстар жайы сөз болды. Күн тәртібінде мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерінің санын арттыру, қаланы көркейту және тұрмыстық қалдықтардан арылту, сондай-ақ, өңірге қарасты елді мекендер мен ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Бекзия Ысқақова: «Елбасымыз биылғы Жолдауында «қуатты Қазақстан – бұл әуелі қуатты өңір» екенін атап өтті. Экономикалық өрлеу жолында ең бірінші кезекте жаңа зауыттар, әлеуметтік инфрақұрылымдар мен индустриялық орындардың ашылуы тұр. Осы орайда, кәсіпорындарды да тартып, солардың есебінен мектепке дейінгі ұйымдардың ашылуын жүзеге асыру – нәтижелі іс болар еді»,- деді. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда 2-6 жас аралығындағы ақсулық бүлдіршіндердің 66,2 пайызы ғана балабақшалармен қамтылған десе де, кезекте әлі 2 мыңға тарта бала тұрғанын айтты. Осы мәселенің түйінін шешу үшін шаһардағы жеке меншікке өтіп кеткен №8, 10, 20-шы балабақша ғимараттарын қайта сатып алып, жөндеуден өткізу қажеттігін алға тартты. Бекзия Зейноллақызы аймақ басшысына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында осы мәселені оңтайлы шешу үшін өңірдегі кәсіпорындармен меморандум жасауға қолдау көрсетуін сұрады.
Қолжетімді баспана мәселесі және қала аумағын тұрмыстық қалдықтардан арылтып, экологияға жауапкершілікпен қарау керектігі де әңгіме өзегіне айналды.
Елбасы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше тоқталған болатын. Алқалы жиында Ақсу өңіріне қарасты елді мекендердегі мал, егін шаруашылықтарымен айналысқан кәсіпкерлерге қолдау көрсету, сол арқылы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту қажеттігі сөз болды. Кәсіпкерлер облыс әкіміне өз ұсыныс-талаптарын жеткізді. Мәселен, Дәлелхан Әбдіхалық мемлекеттік «Жайлау» бағдарламасы аясында шеттен келіп жатқан әр оралман отбасына 50 қойдан берсе, олар оның басын көбейтіп, мемлекетке өсімімен қайтаратынын, сол арқылы тұрмыстық жағдайлары да жақсарып, жұмыссыздық мәселесі оң шешімін табатынын айтты. Тіпті, қазіргі таңда қойдың терісі, жүні мен ащы ішегіне Иран, Ресей, Қытай мемлекеттерінен сұраныс бар көрінеді. 
Жиында оралман ағайындардың құжаттарына байланысты мемлекеттен шағын несие алуда қиындықтар туындап жататыны да айтылды. Әңгіме барысында бұдан басқа өзекті мәселелер де қозғалды.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Е.Арын:
- Елбасы жүктеген міндеттердің бірі - шағын қалаларды дамыту. Осы бағытта Ақсу қаласында қолға алынатын жұмыстардың барлығын қолдаймын. Алдағы уақытта мектепке дейінгі мекемелердің санын көбейтудің жолдарын қарастырамыз. Халықты қолжетімді тұрғын үймен, жұмыспен қамтуға да жіті назар аударылады. Құрылысы аяқсыз қалып қойған үйлерді пайдалануға тапсыруды көпке созбай қолға алу керек.
Халықтың спортпен айналысуға қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға аймақтағы ірі кәсіпорындар жұмылдырылуы тиіс. Ауыл шаруашылығын дамыту, пайдаланылмаған жер телімдерін іске жарату, әсіресе, ауылдық жерлерде ауызсу мәселесін шешуді дұрыс жолға қою қажет. Бұдан былай Ақсу және Екібастұз қаласын дамытуға басымдық берілетін болады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде, болашақта металлургтер шаһары ең жасыл қалаға айналуы тиіс. Сонымен қатар, «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, әр мекеме басшысы дағдарысқа қарсы жұмыс жүргізуді де ұмытпағаны жөн, - деді.
Сондай-ақ, Ерлан Мұхтарұлы қаланы дамытудың бас жоспарын жасау керектігін және әр саладағы мәселелерді шешу үшін оған жауапты басшыларға көп кешіктірмей ұсыныс жасауларын тапсырды.
Н.ШОДЫР,
Ақсу қаласы.
Шағын және орта бизнестің дамуына қолбайлау болып отырған барлық әкімшілік кедергілер алдағы уақытта жойылады. 