МАҚСАТ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУ

      Павлодарға келген немістің бизнес-делегациясы осыны көздейді

       Кеше Ертістің Павлодар өңіріне Герман Федеративтік Республикасы Экономика және технология федералды министрлігінің Тәуелсіз мемлекеттір достастығы елдерімен сыртқы экономикалық байланыс департаменті басшысының орынбасары Франк Вайзиг бастаған немістің бизнес-делегациясы екі күндік жұмыс сапарымен келді.
Мәртебелі меймандар Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесті. Кездесу барысында Германия өкілдерінің облысымыздың экономикасына қызығушылық танытып отырғандығы кеңінен сөз болды. Тараптар екіжақты экономикалық байланыстар көкжиегін кеңейтудің жақын болашақтағы мүмкіндіктерін тілге тиек етті.
     Айта кету керек, Франк Вайзиг бастаған бизнес-делегацияның біздің облысымызға келудегі басты мақсаты – екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынасты барынша дамытып, әріптестік байланыстардың көкжиегін одан әрі нығайту. Еуропалық Одақтың құрамындағы Германия елі технологиялық бағытта жақсы дамыған елдердің санатынан саналады. Сондықтан да аталмыш елдің бизнесі біздің өңірге қызығушылық танытуы аймағымыз үшін де аса тиімді. Мұны облыс әкімі Б.Сағынтаев та бөле-жара атап көрсетті. Әлеуеті артып отырған неміс бизнесі қазіргі уақытта әлемдік деңгейде көптеген маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Өндірісті өңір саналатын Павлодарда тың жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүмкіндік те аса зор. Сондықтан да екі тараптың экономикалық қарым-қатынасын еселеуге негіз болатын бұл кездесулер жоғары маңызға ие болды.
      Германиялық делегция облысымыздың аса ірі кәсіпорындарында – Павлодар мұнай-химия заводы акционерлік қоғамында, «Кастинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, «KSP Steel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Павлодар филиалында болып, олардың бүгінгі экономикалық-өндірістік әлеуетімен, жұмыс қарқынымен жақыннан танысу мүмкіндігін алды.
        Кеше түстен кейін неміс елінің делегациясы Павлодар қаласындағы «Достық үйінде» бас қосты. Шараға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Мұнда Германия Федеративтік Республикасының инвестор-кәсіпорындарының тұсаукесері, яғни таныстырылымы болып өтті.
      Немістің инсвестор-кәсіпорындарының таныстырылымы барысында облыс әкімі Б.Сағынтаев: «Павлодар облысы Қазақстандағы аса ірі индустриялды орталық болғандықтан, алдағы уақытта Германия Федеративтік Республикасының кәсіпорындарымен энергетика, металлургия және машина жасау салалары бойынша тығыз байланыс одан әрі жандана түсетініне сенімдімін», - деп атап көрсетті.
       Павлодар облысына арнайы сапармен келген неміс делегациясы өңірдің экономикалық және әлеуметтік жағдайымен тереңнен танысты. Шарада Павлодар облысының өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Қанат Шабенов Павлодар облысының экономикалық әлеуетін неміс тіліндегі слайдтар арқылы кеңінен таныстырды. Сондай-ақ алқалы кездесуде ГФР-дің Экономика және технология федералды министрлігі ТМД елдерімен сыртқы экономикалық байланыс департаменті басшысының орынбасары Франк Вайзиг сөз алып, германиялық инвестор-кәсіпорындардың мүмкіндіктері, экономикалық-өндірістік әлеуеті жайлы жан-жақты баяндап берді.
       Деректерге ден қойсақ, 2009 жылы Павлодар облысы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі 139 миллион АҚШ долларын құраған екен. Ал 2008 жылғы көрсеткіш 99 миллион АҚШ доллары төңірегінде болатын. Тараптар өзара экономикалық байланыстарды жандандыра отырып, болашақта сауда айналымының көлемін мейлінше ұлғайтуды көздеп отыр.
      Ал Еуропалық одақтың құрамындағы өзге де мемлекеттердің біздің облыспен жасаған 2009 жылғы сауда айналымына келсек, Италиямен 43,8 миллион, Польшамен 21,9 миллион, Франциямен 14 миллион, Ұлыбританиямен 10 миллион АҚШ долларын құраған.
     Өткен жылдың қорытындысы бойынша неміс кәсіпорындары «Евроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз заводы» АҚ, «Богатырь-Көмір» АҚ, «Казхром» ТҰК» АҚ, «Павлодар мұнай-химия заводы» АҚ, «KSP Steel» ЖШС Павлодар филиалы, «Ромат» ЖШС ФК сыртқы экономикалық қызмет бағыты бойынша өзара тиімді әріптестік жұмыстарды жүзеге асырған. Тараптардың екіжақты экономикалық қарым-қатынасы машина жасау технологиясы, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар, дәрі-дәрмек өнімдері бағытында өрілген. Ал үстіміздегі жылдың бес айында жүргізілген есеп бойынша Германия мен Павлодар облысының сауда-саттық айналамының көлемі 34 миллион АҚШ долларын құраған.
     Айта кету керек, осы жолы Павлодар облысы өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының және «Возрождение» немістер қоғамының ұйымдастыруымен екі тараптың кәсіпкерлері арасындағы тығыз қарым-қатынасты нығайту мақсатымен кәсіпкерлер биржасы құрылды.
     Неміс делегациясы бүгін Ақсу қаласында болып, Ақсу ферроқорытпа заводының жұмысымен танысты. Сонымен қатар Павлодар облысының жеке бағдарламалары бойынша кәсіпкерлер қауымымен кездесу өткізді және Инновациялық Еуразия университетінде, «Қазақстан алюминийі» АҚ-ында болды.


Еркебұлан ӘМІРЕНОВ.


 

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Шілде 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
      1 2 3 4
5 6 7 8 9 10 11
12 13 15 16 17 18
19 20 21 22 23 24 25
26 27 28 29 30 31