Соңғы кездері тәртіптік кеңестің отырыстары құдды бір қатаң ұстаз бен сабақ білмей тұрған жалқау оқушының қарым-қатынасына ұқсап келеді. Қызметінде қателікке жол беріп, тәртіптік іске тартылған түрлі мемлекеттік орган қызметкерлерінен «ұмытып кетіппін», «байқамай қалдым», «білмей қалыппын» деген сылтауларды көп еститін болдық. Ал олардың «болар іс болды, енді маған не дейсіңдер» дегендей-ақ бастарын төмен салбыратып, жалынышты күйде тұрғандарын көру комиссия мүшелері үшін де әбден үйреншікті жағдайға айналған.
Ал Шарбақты ауданына қарасты Шарбақты ауылдық округінің әкімі Николай Ушаков бюджет қаржысын үнемдеймін деп шалыс басқан жайы бар. Ол өткен жылдың желтоқсан айында «Резон» ЖШС-нің басшылығымен жалпы құны 1 миллион 630 мың теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулар жөніндегі келісімшартқа отырған. Оған сәйкес аталмыш мердігер жаңа электрлік құрал-жабдықтарын жеткізіп беруі тиіс болатын. Алайда оның орнатқан жабдықтары бұрын пайдаланылған, ескі болып шықты. Бірақ, оған қарамастан, ауыл әкімі бір миллионнан астам қазына қаржысын кәсіпкердің қалтасына салып берген. «Мен ол құрал-жабдықтардың ескі екендігін байқамай қалдым. Бізді мердігер компанияның ұсынған бағасы қызықтырды. Ол жоспарлаған межеден едәуір арзан еді. Осы арқылы бюджет қаржысын үнемдеп қалмақ болдық», - деді Н.Ушаков. Әкімнің осы игі ниеті ғана оны қатаң жазадан құтқарып қалды. Дегенмен, тәртіптік кеңес мүшелері оған сөгіс жариялады.
Мәжіліс барысында тағы бірқатар «игі ниеттілердің» тәртіптік ісі қаралды. Павлодар облыстық ауылшаруашылығы басқармасында ветеринария саласы бойынша лицензия беретін тұрақты комиссия жұмыс істейді. Оның құрамына аталмыш басқарма бастығының орынбасары Қайыртай Байтлесов, мал шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Рахметолла Әкілжанов және бөлімнің бас маманы Бейбіт Жаманаев кіреді. Олар үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында ветеринарлық қызметпен айналысуға өтініш білдірген тұлғалардың құжаттарында көптеген шикіліктердің болғандығына қарамастан заңсыз түрде он лицензия берген. «Біз мұндай шешім қабылдар алдында аймағымыздағы ветеринарлардың тапшылығын ескердік», - дейді Қ.Байтлесов. Дегенмен, мұндай «жанашырлықтың» нендей мәселелерге алып келері белгісіз. Тәртіптік кеңес мүшелері облысымызды дүр сілкіндірген сібір жарасы оқиғасының зардаптары әлі ұмытыла қоймағандығын атап өтті. Мұндайға енді жол берілмеуі тиіс. Сондықтан ветеринария саласына мұқият болған жөн. Осы жайттарды ескере отырып, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшылығына жоғарыда аталған комиссия мүшелерін жұмысынан босату туралы ұсыныс жіберілді. Ал заңсыз түрде лицензияға қол жеткізген он азамат рұқсат қағаздарын өз еріктерімен қайтарып берген.
Ветеринария саласы бойынша дау мұнымен шектеліп қалған жоқ. Успен ауданында ветеринар дәрігері ретінде лицензия алып, жеке кәсіпкерлігін бастаған В.Бут Успен ауылдық округі әкімдігінің аппаратымен елді мекен тұрғындарының малдарын егуге қатысты келісімшартқа отырған. Дегенмен ол ерінді ме, әлде артық пайда түсіргісі келді ме, әйтеуір егуден өткен мал бастарын бірнеше қайтара жазып немесе мүлде егілмеген малдарды тізімге енгізіп, жоспарды орындағандығы туралы әкімдікке жалған есеп береді. Ал аталмыш әкімдік аппаратының бас маманы Құралай Мұсажанова қабылдау туралы актіге қол қойып, жеке кәсіпкерге шын мәнінде көрсетілмеген қызметі үшін, негізсіз түрде толық көлемде қаржысын аударып береді. Осылайша, кемшілікке жол берген ол тәртіптік кеңес алдында «байқамай қалыппын» деп ақталды. Енді бұл қателігі үшін Қ.Мұсажанова жұмысынан айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ кеңес отырысында Лебяжі ауданы кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Талғатбек Ахметжанов және аталмыш ауданға қарасты Шақа ауылдық орта мектебінің директоры Сағат Тұрғанбекке қатысты тәртіптік істер қаралды.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

