ТІЛ – АРЫҢ МЕН НАМЫСЫҢ...

Биыл шілде айында Үкімет отырысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламаның» жобасын жария етіп, оған түсініктемелер берді. Үлкен алқалы жиында министрдің баяндауы зор ынтамен тыңдалды.

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» Қазақстан Республикасы Конституциясының 7, 93 баптарына, «Қазақстан Республикасының тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының Тіл саясатының тұжырымдамасына, Ұлт бірлігі доктринасына сәйкес жасалып, әзірленген. Оны іске асыру он жылға есептелген, елімізде қалыптасқан тіл құрылысын талдауға негізделген. Барша Қазақстан тұрғындары – халқының басын біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін бар күш-жігерді жұмсау қажеттігі баса айтылған. Мемлекеттік бағдарламада мақсаттар мен міндеттер де көрсетілген. Елімізде тіл құрылысының құқықтық негізі қалыптаса бастаған екен. 2001-2010 жылдары – Тілдерді қолдану мен дамытудың он жылға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде тіл құрылысы стратегиясының үш бағыты айқындалды: мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту және нығайту, орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау, Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту. Сондай-ақ осы кезеңде мемлекет басшысының бастамасы бойынша «Тілдің үш тұғырлығы» ұлттық мәдени жобасын іске асыру басталып отыр. Сонымен бағдарламаның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностар тілін сақтау жағдайында ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің ауқымы қолданылуын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын жүргізу.

Тіл жанашырлары, «Ұлт тағдыры» қозғалысының мүшелері, ұлттық зиялы қауымы бағдарламаның жобасын қанағаттанғандық сезіммен қабылдады. Елімізде тіл мәселесінде орыс тілінің мемлекеттік тілмен қосарлана қолданылып, оның адымын аштырмай тұрғанына назар аударып, үлкен кедергі туғызып отырғанын алға тартады. Мұның себебін осыдан 20 жылдай уақыт бұрын мемлекеттік тіл туралы Заңның жалтақтықпен жасалғандығында. Әуел бастан-ақ қазақ тілінің туы жығылып, мысы басылды. Елдегі басқа ұлттар өкілдерінің көңіліне жалтақтай қарап, орыс тілін мемлекеттік тілмен қатар қолдану, мемлекеттік тілді білудің міндетті еместігін ашық көрсету тіл білмегені үшін ешкім қудаланбайтынын жария ету – мемлекеттік тілдің хал-ахуалына нұқсан келтірді. Арада жиырма жыл өтті, мемлекет құраушы қазақтардың елдегі халықтардың арасындағы үлес салмағы 63 пайыздан асты. Оның үстіне тілі, діні бірдей түркі тілдес халықтар саны да өсті. Солардың бәрін қосқанда, қазақ тілінде сөйлей алатын жұрт саны республика тұрғындарының 70 пайыздан астамын құрайды. Демек, қазақ тілін өз мәртебесінде қолдануға тиісті жағдай, тілдік орта жасалды. Орыс тілді жұрт бүкіл халықтың 30 пайызына жетпейді. Сөйте тұра қазақ тілін өз тұғырына қондырмай келеміз. Әлемде қай мемлекет болсын, өз саясатын жергілікті халықтың тілі арқылы жүргізеді. Енді Қазақстан мемлекет құраушы халықтың үлесі басым, барлық мемлекеттік іс-шараларды мемлекеттік тілде жүргізуге құқықтық негіз қаланады.

Бағдарламада көрсетілгеніндей, Қазақстанда толып жатқан диаспоралар тілдері бар. Этно-мәдениет орталықтар арқылы оларға тілін сақтап, жаңғыртуға бар жағдай жасалды. Достық үйлері шаңырағы астында, Қазақстан халқы Ассамблеясы шеңберінде ұлттық бағыттарда жұмыстарын жүргізуде. Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті бір сессиясында диспоралар өкілдерінің назарын осы мәселеге аударған соң ғана этно-мәдени орталықтарға біріккен диаспоралар енді бетбұрыс жасағандай. Бірақ бұл аздық етеді. Бұған дейін этно-мәдени орталықтар орыс-славян-қазақ қауымдастығының ықпалында болып келгенін білуіміз керек.

Бағдарламада: орыс тілін меңгеру деңгейін сақтау, орыс тілінің оқыту жүйесін одан әрі оқу-әдістемелік және зияткерлік тұрғыдан қамтамасыз ету, орыс тілінің қолданылуын ақпараттық қолдау, халықтың орыс тіліне қызығушылығын арттыруға арналған мәдени-білім іс-шараларын ұйымдастыру мәдениеттері қойылған. Бағдарламаның тұтас бір тарауы осылай аталады.

Мектептерде орыс тілі мен әдебиетін шетел пәні ретінде оқытуға көшетін уақыт жетті. Орыс тілін шетел (ағылшын, неміс, француз) тілдері қатарында оқыту керек. Оған басымдылық беріп, мемлекеттік тілді екінші қатарға қоюға болмайды. Қазір мемлекеттік тіл туралы жаңа Заң қабылдаудың кезі жетті. Ұлт зиялылары, тіл жанашырлары мәселені осылай қойып отыр. Ескі заңдағы қазақ тілінің қолдануына тұсау болып отырған баптарды алып тастауды өмірдің өзі туғызып отырғаны белгілі. Қазақ елінде бір ғана мемлекеттік тіл болуы керек. Мемлекет құраушы халықтың тілі бұған лайық. Ол шетел асып, қазақтың көк байрағымен әлемді шарлауға құқылы.

Мемлекеттік тілді мектептерде тереңдете оқыту өз дәрежесінде еместігін мойындау керек. Тіл туралы алғашқы заң қабылданған жылы туған бала қазақ мектептерінен соң, университеттерге барады, жоғары оқу орындарын бітіріп жатыр. Алды бұлар мектеп қабырғасынан Абайды біліп шықпайды. Университеттерге түсті. Тілі шұбар, ана тілінен білімі таяз ұрпақ өсіп шықты. Биыл Павлодарда Европа күндеріне Астанадан Грек Республикасының елшісі келді. Аудармашысы – Еуро-Азия ұлттық университетінің соңғы курсында оқып жүрген менің немерем Ақдана. Университеттің еуропалық тілдер факультетінде оқитын Ақдана елшіні үйге әкеп қонақ етті. Сөз арасында Грек елшісі немереме Абайды оқыдың ба, білесің бе? – деп тосын сұрақ қойды. Әрине, балам Абайды білмейді. Елші сол арада Абайдың грек тіліне аударылған қара сөздерінің бірін оқыды. Сөз соңында: әр қазақ Абайды жатқа білу керек, - деді елші. Ұрпағымыз мектептен осылай жарымжан біліммен шығып жатыр. Демек, мектептерде, жоғары оқу орындарында мемлекеттік тілді терең оқыту керек.

Бағдарламада қазақ тілін қаржы төлеп оқыту мәселесі де қарастырылған екен. Бұл – ұят нәрсе. Қаржы төлеп қазақ тілін оқытқанша, қажеттілік туғызу керек. Кезінде қазақтарға орыс тілін жағдай туғызып, ақша төлеп оқытты ма? Жоқ! Онда қажеттілік, мәжбүрлік туғызылды. Қазақтар ауылда болсын, қалада болсын ешкімнің көмегінсіз орыс тілін оқыды, білді. Оған өздігінен орыс тілін үйренуіне әдістемелік оқу құралдарын жасап берген жоқ. Қазір басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқып-үйренуіне бөліп, оқу-әдістемелерін жасап беріп отырмыз. Жалынғандай, сұрағандай болып, оқыту – пайдасыз, мемлекет бөлген қаржыны текке ысырап ету. Диаспораларға: Қазақстанда тұрады екенсің – оның тілін білу – міндетің, - дегенді баса айту керек, бұл арада мәймөңкелеудің қажеті жоқ.

Жуырда «Достық» үйінде «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламаның» жобасын талқылаудан туған ойлар осындай. Үкімет басшысы К.Мәсімов Үкімет отырысында бағдарлама жобасын талқылаудың соңында: «енді он жылда Қазақстан халқы қазақ тілінде сайрап тұрады» дегенді айтып қалды. Бұған сенгіміз де келеді. Бұрынғы бағдарламалар сияқты аяқсыз қалып, мемлекеттік тілді қолдану проблемасы қазіргі күйінде қалып қоя ма деген күдігіміз де бар. Қазақ тілі қазаққа керек, ендеше қазақ өз тілін өзі қорғап, сақтап қана қоймай, өз тілінде сөйлеуі керек. Президент: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін, - деген еді. Мұны әр қазақ есте ұстауы қажет. Ана тіліңнің болашағы да өз қолыңда, қазақ!

Т.ҚОҢЫР, Қазақстан Республикасының

құрметті журналисі.

Т.КЕНТАЙ, халықаралық

«Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы төрағасының орынбасары.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 22 23 24 25 26
27 28 29 30