ТАЛАП ПЕН ТАЛПЫНЫС

Павлодар қаласының тұрғындары қоғамдық көлік түрлерінің ішінде трамвайды ерекше ұнатады десек, артық айтқандық емес. Мұның мәні бар. Трамвайсенімді көлік түрі. Таңның атысы, күннің батысы тоқтаусыз жүріп, қозғалыс кестесін қатаң сақтап, жолаушы алдындағы міндетін абыройлы атқаруға тырысады. Осы биыл жазда ғана трамвайшылар тағы бір бастамасымен елді сүйсінткені рас.

- «Университет» аялдамасы. Келесі аялдама – «Асыл» базарыдеген қазақша хабарландыру құлаққа жағымды естіледі.

«Абайлаңыздар, есіктер жабылады!» - дейді жаңағы дауыс.

«Құрметті жолаушылар, шығуға алдын-ала дайындалыңыздар!». «Жолақысын уақытында төлеңіздер!». Трамвайда осындай қазақша айтылған сөздер жиі естілді. Біз үйренген таспаға жазылған емес, тұп-тура кабинадағы микрофоннан айтылуда.

Жүргізуші қазақ қызы болар деп, кабинаға қарасақ, олай емес екен. Микрофонмен сөйлеп отырған орыс қызы!

Ден қойса, ынталанса қазақ тілін меңгеруге болатынын дәлелдеген Екатерина Луб, Фаина Дорош, Татьяна Даутова, Наталья Киселева, Ольга Мулина сияқты жүргізушілер мақтауға лайықты.

Трамвай басқармасында көлік қызметін көрсету саласында мемлекеттік тілді енгізу мен қолдану бойынша көп жұмыс жүргізілуде. Трамвайдағы барлық ақпарат, сыртқы және ішкі жарнамалар мен үндеу-хаттар міндетті түрде мемлекеттік және орыс тілдерінде рәсімделген. Аялдамалар мен дыбыс жарнамасы тілдер туралы заңға сәйкес қос тілде хабарлануда.

Осы игілікті істі басқарып, нәтижелі болуын қамтамасыз ету міндеті трамвай басқармасының вице-президенті Н.Егізбаеваға тапсырылған.

- Мен бұрын мемлекеттік ұйымда қызмет еттім. Талап бойынша әр қызметкер қазақ тілінде анықтамалар, хаттар жазуға тиіс болды. Біз бірте-бірте қазақша оқып, жазуға үйрендік, дейді Надежда Анатольевна.

Оның осындай жетістігін ескерген болуы керек, трамвай басқармасының президенті Александр Криса Н.Егізбаеваны өзіне қызметке шақырады. Жаңа қызметкерге қойған талаптарының ішінде ұйымда мемлекеттік тілді қолданысқа енгізуді алдымен атапты.

- Александр Иванович талап қоюмен бірге мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуде әрдайым көмектесіп, қолдап отырады, - дейді Н.Егізбаева.

Осындай қолдау нәтижесінде айтарлықтай істер атқарылды. Күн сайын қала жолдарына 85-86 трамвай шығатын болса, бәрінде мемлекеттік тілде хабарланады. Солардың ішінде жолаушылар 45 трамвайда қазақша, орысша таспаға жазылған хабарландырулар арқылы қай аялдамаға келгенін, алда қандай аялдама тұрғанын естіп біледі. Ал таспасы жоқ трамвайларда екі тілде хабарлау қалай жүзеге асырылады дегенге келсек, жүргізушілер үшін қазақ тілінде хабарландыруды айту үшін арнайы сабақтар ұйымдастырылды. Жүргізушілердің арасында көп жыл жұмыс істеген, еңбегі сіңген ардагерлер аз емес. Жасы келіп қалған оларға тіл үйрену қиынға соғатыны белгілі. Соған қарамастан басшылық талабынан шығу үшін жастардан қалмай, қазақша сөйлеуді үйренуге ынталанды. «Көз қорқақ, қол батыр» дегендей, еңбектері жанып, трамвайда қазақша хабарлай алатындай деңгейге жетті.

- Біз қазақ тілінде хабарлап тұруға ынтасын ескеріп, он бір жүргізушіге сыйақы төледік, дейді Н.Егізбаева.

Заң қабылдаған екен, оны орындау - міндет. Трамвай басқармасы тілдер туралы заңды қатаң сақтайды. Оның бір мысалы, қазірде трамвайға жарнама берушілер аз емес. Жарнама берушілер заңға сәйкес мемлекеттік тілде де өз мәтіндерін әкелуге тиіс. Заңның осы талабына мойын ұсынбай, орындағысы келмейтіндер де кездеседі. Мұндайда мемлекеттік тілде хабар, жарнама бергісі келмегендерге трамвай басқармасы қызмет көрсетпейді. Өйткені бұл тілдер туралы заңды бұзушылық болар еді. Қаржылық жағынан тиімсіз болса да трамвай басқармасы заң талаптарын сақтап, айтқанынан қайтпайды.

- Таяуда ғана бір кәсіпкер келді, дейді Н.Егізбаева. - Өзінің нан өнімін трамвайда жарнамалағанды жөн көріпті. Біз жарнама екі тілде болуы керектігін ескерттік. Ол бұған көнбеді. Заң талабын орындау қажеттігін түсіндіріп бақтық. Ақыры ол қателігін түсініп, екі тілде жарнаманы берді. Мәтінін қазақша аударуына өзіміз көмектестік.

Қалалық трамвай басқармасы іс қағаздарының мемлекеттік тілде көшкеніне көп уақыт өткен. Бүгінде қазақ тілінде бұйрық шығару, анықтама жазу, хат жолдау қалыпты іске айналды. Тіпті басқа ұйымдармен келісім шарттар міндетті түрде екі тілде жасалады.

Басқарманың қызмет құрылым-дарының атаулары қазақ, орыс тілдерінде жазылған. Мемлекеттік тілді дамытуға арналған мүйіс, стенд ұйымдастырылған. Жүргізушілерге арналған қысқаша сөздіктердің де пайдасы тиді. Трамвай ұйымы облыстық тілдер басқармасымен тығыз байланыс жасап, оның көмегіне сүйенуде. Тіл мамандарымен кеңесіп, қазақша аударманың сауатты болуына көңіл бөледі.

Әрине, трамвайдағы қазақша жарнамалардың кейбірінде дәлдік, сауаттылық жетіспей қалады десек, бұл олқылық орнын толтыруға айырықша назар аударылады. Кейде аударма туралы жұрттың пікірлері әртүрлі болады. Мұндайда тіл мамандарына мәтінді тексертіп алу, мүмкіндігінше түсінікті болуын қамтамасыз етуге деген талпыныс баршылық.

Н.Егізбаева айтқандай, инженер-техник қызметкерлер үшін арнайы сабақтар өткізу игі дәстүрге айналды. Былтыр 15 адам аптасына екі рет қазақ тілін үйренсе, биыл да 15 адам оқып-үйренуде.

Трамвайшы қауым алдағы уақытта мемлекеттік тіл бөлмесін жабдықтап, лингафондарға ие боламыз, сөйтіп, мемлекеттік тілді үйренуде сапаны жақсартып, тағы бір белеске көтерілеміз деп отыр. Олар бұл мақсатына жететініне сенімді. Өйткені мемлекеттік тілді үйреніп, меңгеру азаматтық парызымыз деп біледі олар. Қазірдің өзінде мұның алғышарттары жасалуда. Мәселен, таяу арада 10 жаңа оқу құралы сатып алынып, мемлекеттік тіл үйренушілер игілігіне айналмақ. Трамвай басқармасы ұйымшыл ұжымының тілдер туралы заңды орындаудағы талпыныстары осындай. «Көш жүре түзеледі» демекші, трамвай жүргізушілер мен кондукторлар қазақ тілін меңгеріп, қолдануда белсенділігі арта түседі деп сенейік. Талпыныс табысқа жеткізетіні анық.

Қазақстанның көрікті қалаларының бірі атанған Павлодарда көліктің басқа түрлері де бар десек, өкінішке қарай, бұларда аялдамаларды мемлекеттік тілде хабарлау, қос тілде жарнамаларды беру сияқты трамвайшыларға тән талпыныс байқалмайды. «Ештен кеш жақсы» демекші, тілдер туралы заңды құрметтеп, заң талаптарын орындауға шындап кірісетін кез келгені де анық.

Ө.ТАСТЕМХАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 24 25 26
27 28 29 30