АЛМА, ПІС, АУЫЗҒА ТҮС ДЕГЕННЕН АУЛАҚ БОЛАЙЫҚ

Облыс әкімдігінде

 

Облыс әкімі аудан басшыларына осылай деді

 

Дүйсенбі күні облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен алқалы жиын өтті. Мұнда Май ауданының өзекті мәселелері мен алдағы жоспарлары кеңінен талқыланды. Дәлірек айтсақ, облыс әкімінің аталмыш ауданға жұмыс сапары кезінде анықталған кемшіліктердің орнын толтыру, тұрғындар ұсыныстарын жүзеге асыру бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы аудан әкімі Нығман Пішенбаевтың есебі тыңдалды.

 

Тағы бір мәрте пысықталды

Мәжіліс алдымен осыдан екі апта бұрын талқыға салынған Лебяжі ауданының мәселелері бойынша жасалған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған үш жылдық жоспарды пысықтаудан басталды. Бағдарлама 2011-2013 жылдарға арналған. Аудан әкімі С.Әпсалықов бағдарламада қарастырылған жағдайлар бойынша экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына ұсыныстар жасалғанын жеткізді. Аудан әкімі барлық түйінді мәселелер бірден шешімін таппас, алайда бірқатарын шешу ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына оң өзгеріс әкелетініне сенімді. Ол жыл соңына дейін атқарылатын жұмыстарды да баяндады.

Аудан әкімі барлық шараларға қажетті қаржы көздері нақтыланғанын жеткізді. Алайда бағдарламаны парақтап өткен облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мамандары әлі де пысықталатын тұстары барын жасырмады.

Аудан әкімінің баяндамасын тыңдаған облыс басшысы ауданда шағын бизнес нысандарын көптеп ашуға мән беруді тағы бір мәрте ескертті. Нәтижесінде салық түсімі артады, демек ол қаржыны ауданның қажеттілігіне жұмсауға әбден болады. «Әрдайым тек республикалық, облыстық трансферттерге сенім артпай, жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру мүмкіндіктерін де қарастыру қажет. Әрбір нысанға қажетті қаржы тиын-тебеніне дейін есептелуі тиіс. Көктен күткенше, қолдан келгенше әрекет жасау керек», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев. Аймақ басшысы жалпы ауданның жоспарының негізі дұрыстығын атап өтті. Тек енді ондағы мәселелерді блоктарға бөлу қажеттігін тапсырды.

Бұдан кейін мәжіліс Май ауданы әкімінің баяндамасымен жалғасын тапты. Н.Пішенбаев ағымдағы жылдың сегіз айындағы негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Әр саланың оңы мен солын бағамдады. Бірқатар елдімекендерде жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аз қамтылған 18 отбасына 100 мың теңгеден қаражат беру келесі жылға жоспарланған. Аудан әкімі бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартады деген пікірде. Балабақшалардың көптеп ашылуымен жаңа жұмыс орындары пайда болмақ. Сонымен бірге кезекте тұрған бүлдіршіндер қатарын азайтады. Биыл қыркүйек айында ауданда бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 42 пайызды құраған, ал мамыр айының 25-інде бұл небәрі 23 пайыз болған. Жыл соңына дейін 85 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Одан соң аудан әкімі өзекті деген мәселелерге көшті. Бұл орайда ол мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу шараларына мән беру, тұрғындарды ауыз сумен қамту керектігін айтты. Май ауданында салынатын су құбыры таза ауыз су мәселесінің бір парасын шешетіні сөзсіз. Жалпы құны 83 млрд. теңгені құрайтын бұл нысанның құрылысы биыл басталмақ. Ағымдағы жылы жалпы қаржының алғашқы 200 млн. теңгесі игеріледі деп жоспарлануда. Н.Пішенбаев аудан орталығында ҰБТ (Ұлттық бірыңғай тестілеу) пунктін қарастыруды сұрады. Мектеп түлектері жылда ҰБТ-ны Ақсу қаласында тапсырады. Ата-аналар қауымы балаларының тест нәтижесі бойынша төмен балл алуының басты себептерінің бірі - алыс жол жүру деген ой айтқан. Міне, сондықтан бұл мәселені облыстық білім беру басқармасы Ұлттық тестілеу орталығына ұсыныс ретінде жібермек. Негізінен, ауданның білім беру саласындашешімін таппай отырған мәселелер көп емес. Тек тозығы жеткен компьютерлерді ауыстыру қажет, оның өзі өзге аудандармен салыстырғанда жаман емес. Бүгінде мектептердегі компьютерлердің 45 пайызының тозығы жеткен. Сонымен бірге республикалық бюджеттен физика, химия, биология, лингафондық кабинеттер сатып алу көзделуде. Тоғыз мектеп күрделі жөндеу жұмыстарын қажетсінеді.

 

Қолда бар мүмкіндіктерді кәдеге жарату қажет

Алқалы жиында аудан әкімінің баяндамасынан бөлек барлық облыстық басқармалар ауданның әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігіне арнайы жасаған талдау жұмыстарын ортаға салды. Мәселен, аудан мал, бақша шаруашылық- тарын дамытуға барынша қолайлы болғанымен бар мүмкіндіктер толығымен қолданылып жатқан жоқ. Аудан жалпы өнім бойынша облыста он екінші орында. Өткен жылы да осы деңгейде болған. Ауыл шаруашылығы мамандары ауданда қарқынды өсімнің жоқтығын алға тартады. Мал басының артқанымен, өнімділік көңіл көншітпейді. Мал басы биыл 4,5 пайызға өскен. Алайда бір мал басына шаққанда өнім мөлшері мардымсыз. Облыс ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Қасенов ауданда жасанды түрде тұқымдандыру көрсеткіші де төмен екенін мәлімдеді. Бруцеллез ауруының анықталу фактілері де облыстық көрсеткіштен жоғары. Сондықтан алдын алу шаралары қажет.

Ауданда өсімдік шаруашылығы үшін мүмкіндіктер аз емес көрінеді. Әсіресе, бақша шаруашылығын дамытуға әбден қолайлы. Қазіргі таңда ауданда бұл кәсіппен тек бір ғана шаруашылық айналысады. Оның өзінде небәрі екі гектар аумақ игерілген. Кәсіби мамандардың зерделеуі бойынша мал шаруашылығын дамыту үшін жайылым да, жем-шөп те жеткілікті. Ал өнімді өткізу үшін аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар жолдардың тиімділігі мол. Ауданның ауыл шаруашылығы саласына арнайы талдау жасаған мамандар мұндағы осал тұстарды тізбектеп берді. Бүгінде аудандағы мал басының 80 пайыздан астамы тұрғындардың үй жағдайында өсірілуде. Сондықтан енді оларды ірілендіру қажет. Яғни оларды шаруа қожалықтары мәртебесіне көшіруге мән берген абзал. Демек, заңдық мәртебесі бар қожалық құлашын кеңге жайып, қажетті техникаларды республикалық бағдарламалар арқылы алу мүмкіндігіне ие болады. Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу нысандарын көбейту де маңызға ие. Шаруашылықтарды асыл тұқымды мал өсіруге көшіру, яғни өнімділікті арттыруға мән берілуі тиіс. Кәсіпкерлердің өндіретін өнімдерін нарыққа шығаруға көмектесу де қажет-ақ. Ауыл шаруашылығы мамандарының кеңесі - осы.

 

Тәжірибе таяздығы байқалады

Ауданның денсаулық сақтау саласы да кеңінен сөз болды. Аймақтың бас дәрігері А.Күзектовтің айтуынша, соңғы үш жылда ауданның тұрғындар саны азаюда. Ал ақ желеңділермен қамту ісі өзге аудандармен салыстырғанда көш басында. Жас мамандардың келуі толастаған жоқ. Биыл 2 дәрігер, 8 медбике келген. Бұл аудан тарапынан ынталандыру шараларының тиімділігінің нәтижесі болса керек. Қуантарлығы, мұнда аймақ бойынша бала туу көрсеткіші жоғары, өлім-жітім төмен. Кейбір жүрек-қантамыр сырқатынан көз жұму көрсеткіші, туберкулез ауруының тіркелуі төмендеген. Алайда, өкінішке қарай, биыл сәбилердің шетінеуі жиілеп кеткен. Сегіз айда бес жағдай тіркелген. Соңғы жылдары қатерлі ісік те меңдеп тұр. Бұл дерттің пайда болуы үш есеге өскен, ал осы сырқаттан көз жұму көрсеткіші 1,5 есеге артыпты. Мұны бас дәрігер аудан тұрғындарының қартаюымен байланыстырып отыр. Себебі қатерлі ісік дертіне шалдығушылардың 40 пайызы - 60-70 жастағы азаматтар үлесінде. Жүректің ишемиялық сырқаттары да көптеп тіркелуде. Мамандар бұл аурулардың жиілеуіне экологияның да әсері барын жоққа шығармайды. Тағы бір өкініштісі, ауданда маскүнемдікке бой алдырғандар қатары артып отыр. 2009 жылы 338 маскүнем тіркелсе, биылғы жылдың алты айының өзінде 341 жағдай есепке алынған. Ұрлық-қарлық фактілері жиілеген, қуантарлығы, ауыр қылмыс түрлері тіркелген жоқ. Облыстық ІІД бастығы А.Оразалиев мәлімдеуінше, ауылдық учаскелік инспекторларды тұрғын үймен, автокөліктермен қамтамасыз ету әлі шешімін күтуде. Бүгінде ауылдық елдімекендердегі сегіз учаскелік инспектордың екеуінде ғана «темір тұлпар» бар. Б.Сағынтаев ауданға сапарында Ақшиман ауылдық елдімекеніне учаскелік инспектор бекітуді жауапты азаматтарға жүктеген болатын. Тапсырма орындалыпты.

Естеріңізде болса, аймақ басшысының жұмыс сапары барысында тұрғындар дәрі-дәрмекпен қамту ісін оңтайландыру жөнінде бұйымтайларын бүгіп қалмаған еді. Бүгінде бұл ұсыныс бойынша тыңғылықты іс қолға алынғанға ұқсайды. 8 елдімекенде дәріхана ашуға жағдай қарастырылған. Бас дәрігер бес ауылда дәріхана ашудың қажеттігі шамалы дегенді алға тартты. Яғни оның ойынша, арасы 5-7 шақырым елдімекен тұрғындары өзара қатынап, қажетті дәрісін ала алады. Мұндай шешімді аймақ басшысы сынға алды. Өйткені ауданның тұрғындары қартайып жатса, бәрінің бірдей көлігі болмаса, қатынау қиын болары анық. А.Күзеков көшпелі дәріхана ұйымдастыру арқылы бұл мәселені шешуге болатынын жеткізді. Б.Сағынтаев аудандық әкімдікпен бірге ұсынысты пысықтауды тапсырды. Ауданның медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасы заманға сай, ақ желеңділермен қамту көрсеткіші де жоғары. Дегенмен, осал тұстары да жоқ емес. Әсіресе, мамандардың біліктілігінің төмендігі алаңдатады. Мәселен, ауданда сәбилер шетінеуінің өсуін аймақтың бас дәрігері мамандар тәжірибесінің таяздығымен байланыстырды.

Ал облыстық мәдениет басқармасының бастығы Қ.Кәрімов өз саласы бойынша ауданның керек-жарақтарын, қолда бар жетістіктерін түгендеп берді. Оның мәлімдеуінше, Майда барлық клубтар тиісті штаттық бірлікпен қамтылған, әртүрлі облыстық шараларда белсенділіктері де өзгеге үлгі боларлық. Әрбір мәдени мекемеде өзіндік өнер ұжымдары бар. Жұмыс дұрыс жолға қойылған. Қ.Кәрімов аудандық мәдениет үйінде жөндеу жұмыстарын аяқтау қажеттігін жеткізді. Аталмыш мәдениет ошағының электр, жылу желілері жөнделген. Енді ішін қалыпқа келтіру кезегін күтіп тұр. Кітапхана қорларын жаңартуға да баса мән беру қажет. Аудан бұл мақсатқа қаржыны көп жұмсай қоймайтын көрінеді. Мәдениет мекемелері музыкалық аспаптармен қамтылса, дейді мамандар. Баяндамашының сөзіне сенсек, облыс әкімінің жұмыс сапарында мәдениет мекемелеріне жасаған ескертулері толығымен ескеріліп, кемшіліктер жойылған. Абай ауылында тұрғындар мәдениет үйін қалпына келтіруді сұраған болатын. Мамандар мұнда үлкен клуб тұрғызудың қажеті шамалы екенін тілге тиек етті. Себебі мұнда небәрі 195 тұрғын тұрады, оның 15-і оқушы. Сондықтан олар бастауыш мектеп орналасқан ғимараттағы кішігірім 60 орындық концерттік залды жөндесе болғаны деген шешімге келген.

 

Жұмыссыздық пен кедейлік...

Май ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын сүреңсіз көрініске жетелеп тұрған көрсеткіштер – жұмыссыздық пен кедейлік. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының міндетін атқарушы Н.Ким осындай мәлімдеме жасады. Аудан әкімі су құбырының салынуы ауданда жұмыссыздық көрсеткішін 6,5 пайызға төмендетуге септігін тигізеді дегенді алға тартты. Мамандар бұл жұмыстар уақытша жұмыс орны екенін естен шығармау қажеттігін ескертті. Аудандар арасында Май ауданында жұмыссыздық көрсеткіші ең жоғары, 7 пайызды құрайды. Әсіресе, Май, Қаратерек, Көктөбе елдімекендерінде күрделі күйде. Ал тұрғындардың спортқа барынша бет бұрып жатқаны қуантады. Әсіресе, ауданда ұлттық спорт түрлері жақсы дамып келеді. Сондықтан ипподром салу маңызға ие. Мамандар шағын елдімекендерде ересек тұрғындарды мектеп базасы негізінде спортқа тарту үшін оларға арнайы құрал-жабдықтар сатып алынса деген пікірлерін бүгіп қалмады.

Май ауданының бүгіні мен ертеңін парықтаған мәжілісті түйіндеген аймақ басшысы бұрыннан белгілі цифрларды қайталаудан әрі бармайтын шенеуніктерге терең талдау жасау арқылы әрбір саланың осал тұстарының тамырын дөп басуды үйрену керектігін жеткізді. Әкімдер де үш жылдың бюджетін бекіту үшін ең өзекті мәселелерді сүзгіден өткізуге бейім болғаны абзал, деді. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев аудан әкімі баяндамасында нақтылыққа назар аудармағанын жасырмады. Аталмыш ауданда биліктегілер жұмыссыздық пен кедейлікпен күресуге мән берулері тиіс екенін қадап айтты. Осы орайда ол аудан әкімдіктеріне облыстық басқармалардың талдауын назарға алып, бар мүмкіндіктерді кәдеге асырудың тетіктерін қарастыруды жүктеді.

- Қолда бар қолайлы жағдайларды пайдалана отырып, тұрғындарды жұмыспен қамту қажет. Әсіресе, мал, бақша шаруашылықтарын дамытудың мүмкіндіктерін мүлт жібермей, нақты істер жүзеге асыру керек. Себебі бұл шаралар - жұмыссыздықпен күрестің оңтайлы жолы, - деді аймақ басшысы Б.Сағынтаев.

Ертіс ауданында былтырдан бері қолға алынған жұмыссыздарды еңбекпен оңалту орталығын аймақ басшысы бұған дейін де өзге аудандарға үлгі етіп, бірнеше мәрте құлаққағыс еткен болатын. Өкініштісі, тың бастаманы іле-шала алып кетушілер табылмады. Бұл жоба екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ауылдықтарды қоғамдық жұмыстарға тартудың таптырмас құралы екені анық. Міне, осыны Май ауданының әкіміне жұмыссыздықпен күресте тиімді пайдалануды тағы бір рет еске салды. Аудан әкімдеріне «алма, піс, ауызға түс» деген ұстанымнан аулақ болып, республикалық, облыстық бюджеттерге жалтақтай бермей, өздіктерінен тірлік етуге бейімделу керектігін жеткізді. Май ауданына бір апта ішінде нақты іс-шаралар жоспарын жасауды, ал лебяжіліктерге жоспарды пысықтауды тапсырды.

 

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 24 25 26
27 28 29 30