Облысқа қарасты егіс алқаптарында орақ науқаны қызу жүруде. Бүгінде шаруалар барлық астықтың 76 пайызын орып үлгерді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылы әрбір гектардан орташа есеппен 6,6 центнерден астық алынуда. Сұлы, бұршақ тұқымдас дәнді дақылдар, күздік бидай толығымен жиналып болды. Таяу күндері арпа, тары бойынша жиын-терін жұмыстары аяқталады. Биыл күзгі орақ науқанына облыс аумағынан алты мыңнан астам адам күші тартылды. Оның үштен бір - бөлігі комбайн жүргізушілері. Егіс далаларында 2033 комбайн, жұмыс өнімділігі жоғары 146 тіркемелі егін оратын агрегаттар, өзге де техникалар жұмылдырылуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы және механикаландыру бөлімінің бас маманы М.Нұғұмановтың айтуынша, астық науқанында пайдаланылып жатқан техникалар саны жеткілікті, қажетті жанар-жағармаймен қамту мәселесі толығымен шешімін тапқан. Биылғы жаздың құрғақ болғанын есепке алсақ, астықтың қазіргі түсімі көңілге қонымды, дейді мамандар. Аймақтың егін шаруашылығында қолға алынған ылғал сақтағыш технологияларын, тыңайтқыштарды, құрғақшылыққа қарсы тұра алатын тұқымдарды тиімді пайдалану нәтижесінде ауа райының қолайсыздығына төтеп берілді.
Бүгінде Май және Баянауыл аудандары астық ору нақуанын толық аяқтаған. Ақсу ауданы науқан аяқтағандарды өкшелеп келеді. Успенка мен Екібастұз аудандары жоспарды орталап қалды. Мамандар жиын-терін жұмыстарына дауылды әрі жаңбырлы күндер біраз кедергі болып тұрғанын айтады. Дегенмен, қазіргі қарқыннан жаңылмаса, аймақ диқандары кезекті астық ору науқанын ағымдағы айдың соңына дейін аяқтайтын болады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

