ЖАҢА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА - ЖАҢАША ҚАРҚЫНМЕН

«Қазақстан – Сібір 2010» көрмесі басталды

 

Еліміздің Ресей Федерациясымен экономикалық, әлеуметтік тығыз қарым-қатынасы жаңа қарқынмен жандана түспек. Кеше аймағымызда басталған «Қазақстан – Сібір 2010» атты халықаралық әмбебап көрме осының бір дәлелі болды. Облыс орталығына өзара әріптестік қатынастар орнатып, дамыту үшін екі елдің түрлі салаларында қызмет ететін көптеген кәсіпорын, компания басшылары жиналды. Көрменің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

 

Өткен жылғы дағдарыс Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымына да әсер етпей қойған жоқ. Екі елдің бизнес құрылымдарының өзара әріптестік қатынастары да қиын кезеңді басынан кешті. Дегенмен ешбір дағдарыстың достыққа сызат түсіре алмасы белгілі. Сондықтан болар, қаржылық қыспақтың ауылы алыстап, қара бұлт сейіле бастағаннан-ақ екі жақтық ынтымақтастық жаңаша қарқынмен жандана түсті. «Бүгінде біз екі ел арасындағы ынтымақтастық саласында үлкен көрсеткіштерге қол жеткізіп отырмыз. Әріптестігімізді қайта қалпына келтірдік. Бұл жыл басынан бері өз күшіне енген Кедендік одақтың арқасы болса керек. Енді осы бастамаларымызды дамыту аса маңызды. Нақ осы биылғы жылдан біздің сауда-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және басқа да салалар бойынша қарым-қатынастарымыздың жаңа, жанданған дәуірі басталуы тиіс деп есептеймін», - деді көрменің ашылу салтанатында облыс әкімі Б.Сағынтаев. Сондай-ақ ол аймағымыздың жалпы тауар айналымының 70 пайызын ресейлік өнімдердің құрайтындығын атап өтті. Ал оның ішінде жиырма пайыздық көрсеткіш жақын көршілеріміз Алтай өлкесі мен Новосібір өңіріне тиесілі.

Павлодар облысынан еліміздегі индустриалды дамыған аймақтардың бірі ретінде Ресейге көбіне көмір, электр энергиясы, алюминий сынды шикізат өнімдері тасымалданатындығы белгілі. Ал солтүстік көршілерімізден бізге машина жасау, ірі өндіріс салаларына қажетті құрал-жабдықтар, азық-түлік және басқа да өнімдер жеткізіледі. Дегенмен, бұдан былай екі жақтық тауар айналымы тек мұнымен шектеліп қалмауы тиіс. Бұл ретте, шағын және орта бизнес салаларының кең құлаш жаюына да баса назар аударылу қажет, деп атап өтті аймақ басшысы.

Көрмеге металлургия, машина жасау, химия, құрылыс, жиһаз өнімі, азық-түлік және жеңіл өндіріс салаларында қызмет ететін ұзын саны елуге жуық кәсіпорын қатысты. Оның ішінде отызға - жуығы отандық өндірушілер. Ресейліктер тарапынан жиырма кәсіпорын келді. Олардың көбі - Новосібір, Омбы қалаларының өкілдері. Сондай-ақ Бийск, Искитим, Черемхово, Кемерово, Красноярск қалаларының, Мәскеу облысының бизнес құрылымдарының басшылары жиналды. Мұның өзі аталмыш шараның маңыздылығын айқындап тұрса керек.

Бір атап өтерлігі, өткен жылы Ресейдің облысымызбен шекаралас жатқан өңірлерінде аймағымызда өндірілетін көмір, электр энергиясы өніміне деген сұраныс төмендеп кетті. Себебі солтүстік көршілеріміз өз отандық өнімдеріне басымдық беруге тырысты. «Алайда биыл жағдай мүлде өзгеше. Енді облысымызға жақын орналасқан Ресей аймақтарының губернаторлары көмір, электр энергиясын мейлінше біздің аймағымыздан тасымалдауға ниет білдіріп отыр. Себебі оларға бұл тиімдірек. Осылайша екі ел арасындағы тауар айналымы өсіп келеді», - дейді облыс әкімі Б.Сағынтаев. Мысалы, 2009 жылдың сегіз айы ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы 1 миллиард 300 миллион АҚШ долларын құраса, биылғы жылдың сегіз айы ішінде ол көрсеткіш тағы 500 миллион АҚШ долларына өсіп отыр. Мұның өзі жақсы көрсеткіш, дегенмен аймақ басшысы жыл соңына дейін бұл көрсеткіштің одан да жоғары болатындығына сенімін білдірді. Бақытжан Әбдірұлының айтуына қарағанда, қазіргі кезде Түркия мен Қытай елінің өндірушілері аймағымызда отандық кәсіпкерлермен бірлескен кәсіпорын құруға қызығушылықтарын танытып отырған көрінеді. Олар осы арқылы Ресей нарығына да шығуға ниетті. Бұл ретте, Кедендік одақтың тиімділігін тағы бір мәрте атап өткен артықтық етпес.

Облыс әкімі көрмеге қатысушылардың ұсынған өнімдерін көрді. «Бізге Азияның немесе Еуропаның басқа елдерінен көрі Қазақстанмен тығыз байланыста жұмыс істеу тиімдірек. Себебі біз үшін Қазақстан - ауқымды, мол мүмкіндігі бар ел. Бұл ретте, әрине, биыл күшіне енген Кедендік одаққа көп үміт артып отырмыз. Бүгін біздің тарапымыздан әріптестік қатынастарды орнатып, дамытуға шын ниетті бизнес құрылымдардың өкілдері келіп отыр. Алдағы келіссөздерден үлкен үміт күтеміз», - деді ресейлік «Экспонск» компаниясының бас директоры Елена Уварова.

Екі ел кәсіпкерлері арасындағы тығыз әріптестік қатынасты дамытуға бағытталған бұл шара екі күнге созылды. Оның аясында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы кәсіпорындары арасындағы экономикалық ынтымақ-тастықты дамытудың жолдары, жаңа технологиялар мен инновациялық жобаларды қолға алу ісі, Кедендік одақ аясындағы әріптестік сынды тақырыптарды қамтыған дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ кәсіпкерлер өзара жекелеген жұмыс кездесулерін өткізуге мүмкіндік алды. Бұл ретте, болашақта экологиялық таза өнімдерге назар аударылмақ. Осылайша екі ел арасындағы үлкен әріптестікке үлкен қадам жасалды.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 24 25 26
27 28 29 30