Үйін кепілге қойып, кәсіпкерлігін дамыту немесе басқа да тұтынушылық мақсаттарға несие алған азаматтардың аталмыш қарыздарын қайтаруға қатысты жағдайы облыс әкімінің үнемі бақылуында.
Ағымдағы жылдың 24 қыркүйегі күні аймақ басшысы Б.Сағынтаевтың тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымова «Халыққа баспанасын қалдырайық – ПВ» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесті.
Аталмыш шараға екінші деңгейлі банктердің облысымыздағы филиалдарының басшылары, жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура, соттар әкімшілігі мен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өкілдері қатысты. Жоғарыда аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Елена Семенова бүгінгі күні несиелік қарызын өтей алмай жүрген бірқатар азаматтардың қайта құрылымдаудан өткендігін жеткізді. Дегенмен, олардың бірқатарында әлі күнге дейін несиелерін өтеу бойынша мәселелері бар көрінеді. Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің облысымыздағы филиалдарының басшылары тарапынан бұл мәселені оңтайлы шешудің жолдары жіті қарастырылған. Бір атап өтерлігі, әрбір жекелеген мәселелерді банк құрылымдарымен бірлесе отырып шешуге болатындығы белгілі болып отыр.
Шара соңында тиісті органдарға банктермен бірлесе отырып қарызын өтей алмай жүрген борышкерлерді қолдау бойынша шараларды қолға алу ісі тапсырылды. Бұл негіздегі атқарушы орган, банк құрылымдары мен қоғамдық бірлестік арасындағы бірлескен жұмыс ары қарай өз жалғасын таппақ.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі

