
Облыстық саналуан сайыстарда аудан намысын абыроймен қорғап, өз өңірінің беделін арттырған спорт саңлақтарына қалай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Ақтоғай ауданының әкімі М.Көбенов былтырғы облыстық спартакиадада топжарған жерлестерін марапаттап, сый-сияпат көрсетуге асыққан. Мәселен, спорт жылының қорытындысын шығарғанда ол облыстық спартакиада жеңімпазына жиырма мың теңге ақшалай сыйлық берген. Облыстық шеберлік бәсекесінде екінші орынға ие болған күміс жүлдегерге 15 мың теңге, қола жүлдегерге 10 мың теңге берілді. Аудандық бюджеттен бұл марапаттауға қомақты сома – бес жүз мың теңгеден астам қаржы бөлініпті. Бұл дәстүр биыл да жалғасын таппақ. Спорт жылы қорытындысында үздік спортшылар аудан әкімі қолынан ақшалай сыйлықтар алмақ.
Соңғы жылдары спорт саласында тамаша дәстүрлері, үздік жетістіктері бар, әрдайым облыстық спартакиадаларда жүлдегер қатарынан көрінетін бұл ауданда дене шынықтыру мен спорт саласында соны серпіліс пайда болды. Мұның мәні бар. Елбасымыздың биылғы Жолдауында 2020 жылға дейін қазақстандықтардың отыз пайызы спортпен шұғылдануға тиіс деп атап көрсетілген. Мұның өзі бүкіл елімізде сияқты ауданда дене шынықтыру мен спортқа жаңа талап тұрғысынан қарап, көрсеткіштерді жақсартуға жұмылдырып отыр.
Осында спортты дамытуға жағдай жасалған, сонымен бірге көп жылдардан бері жинақталған тәжірибе де ортақ мақсатқа жетуге пайдаланылуда. Ауданда балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі жұмыс істеуде. Оның жер-жерде жеті филиалы бар. Балалар спорттың он екі түрін меңгеруге мүмкіндік алған. Аудандық білім бөлімі мектептерде дене шынықтыру мен спорттың талап деңгейінде ұйымдастырылуын қадағалайды. Нәтижесінде мектеп оқушыларының жазғы спартакиадасы жүйелі өткізілуде. Аудандық спартакиадалар жеңімпаздары облыстық сайыстарға жолдама алады. Ақтоғайлық талапкерлер арасында мектеп оқушыларының облыстық жазғы және қысқы спартакиадаларының жүлдегерлері аз емес. Ауылдарда көптеген жастар тұрып жатса, соларды дене шынықтыру мен спортқа баулуда арнаулы білімді әдістемешілердің еңбегі зор.
Соңғы кезде спорттың материалдық-техникалық базасы едәуір нығайды. Бүгінде 192 спортпен шұғылдану орны бар десек, солардың 22-сі спорт залы, 15-і футбол алаңы, жүзден астамы әртүрлі спорт алаңдары. Жаңа мектеп пен дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілгеннен кейін аудан орталығы – Ақтоғай ауылында тұрғындардың спортпен шұғылдануындағы қиындық мәселесі оң шешілді. Ауылдағы алты спорт залының үшеуі - осы заманғы талаптарға сай спорт орындары.
Дене шынықтыру мен спорт саласында 106 маман жұмыс істейді десек, солардың 61-і мектептерде дене тәрбиесі пәнінен сабақ береді. Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде 21 маман қызмет етуде. Аудан мектептерінде он алты дене тәрбиесі жөніндегі нұсқаушы бар. Ауылдық округтер әкімдіктерінің жастар мен спорт істері жөніндегі 13 әдістемешісі ортақ іске өз үлестерін қосуда.
Қазірде ауданда 3218 адам дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Олардың 1416-сы - мектеп оқушылары, 544-і - балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері, 1242-сі - 18 жастан асқан жандар және 130-ы - №26 кәсіптік лицейдің оқушылары.
Ауыл мектептерінің спорт залдарын тиімді пайдалану жолында ересек тұрғындарды кешкілік спорттық жаттығуларға тартып, олардың арасында жарыстар өткізу мүмкіндігі берілді. Осының нәтижесінде 597 адам спортқа тартылды.
Еліміз егемендік алғаннан кейін халқымыздың төл спорт түрлерін дамытуға кең жол ашылды. Соның бір мысалы – Жалаулы ауылдық округінде ат спорты дами бастады. Бұл ауылдың көкпаршыларының жетістіктері айтарлықтай. Олар – облыстық спартакиадалардың қатарынан бес дүркін чемпиондары. Сондай-ақ «Ақбидай» деп аталатын республикалық спартакиадада облысымыздың спорттық намысын екі рет абыроймен қорғады. 1991 жылы Әуелбек ауылдық округінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қазақ күресі бөлімшесін ашқан-ды. Оған он екі бала қатысты. Ал биылғы 1 қыркүйекте балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің үш филиалында қазақ күресімен шұғылданатындар саны 76-ға жетті.
Жүйелі жаттығулар, жеңіске деген құштарлық өз жемісін беруде. Ақтоғайлық қазақ күресі балуандары ХІІІ облыстық кешенді спартакиадада жалпы командалық есепте жеңімпаз атанды. Әсіресе Дархан Жоламанов деген балуанның жетістіктерін бөле-жара атаған жөн. Ол – қазақ күресінен спорт шебері. Облыс құрама командасы қатарында ел чемпионы атанды. Дархан сондай-ақ белбеу күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан құрамасы сапында ол 2008 жылы Азия чемпионатының жүлдегері атанды. Дархан Жоламановты бала кезінен М.Қамзин деген маман жаттықтырады. Айта кету керек, М.Қамзин – ауданда қазақ күресін дамытудың басында болған азамат.
1997 жылы аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде халқымыздың көне спорт түрі – тоғызқұмалақ бөлімшесі ашылған болатын. Ол содан бері жемісті қызмет етуде. Дене тәрбиесі бағдарламасында мектеп оқушыларына тоғызқұмалақ ойнын үйрету енгізілген.
Бұл өңірде қандай спорт түрлеріне басымдық берілген дегенге келсек, ақтоғайлық жастар еркін күреспен, футболмен, стритболмен, жеңіл атлетикамен, президенттік көпсайыспен көптеп шұғылданады. Осы спорт түрлері бойынша олар жиі-жиі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Макеевтер отбасы облыстық жарыстарда жеңіл атлетика мен президенттік көпсайыс бойынша аудан намысын ойдағыдай қорғап келеді. Макеевтер отбасының кішісі Василий Қазақстан құрамасы құрамында Түркияның Анталья қаласында өткен полиатлоннан әлем чемпионатында жүлдегер атанды. Василийдің бапкері әкесі Виктор Васильевич. Ол – ардагерлер арасында 800 және 1500 метрлік қашықтықтар бойынша ел рекордшысы және өз жасындағы топта президенттік көпсайыстан облыс чемпионы.
Ақтоғайлықтардың облыстың мектеп оқушыларының жарыстарындағы жетістіктері де аз емес. Олар 2009-2010 оқу жылында облыстық қысқы спартакиадада жалпы командалық есепте чемпиондар атанды, ал жазғы спартакиадада жүлделі екінші орынға шықты. Бұл бапкерлер М.Боранбаев, С.Раевский, Н.Сәдуақасов, К.Сағындықов, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері Н.Борисовский, Н.Бардакованың қажырлы еңбектері арқасында мүмкін болды.
Соңғы он үш жылда, жазғы олимпиялық, ұлттық және халықтық спорт түрлері бойынша облыстық спартакиада қайта өткізіле бастаған кезде, аудан командасы бұл сайыстарда жалпы командалық есепте үш рет чемпиондар, екі рет күміс жүлдегерлер, төрт рет қола жүлдегерлер атанды. Екі рет төртінші, бір рет алтыншы орынды иемденді. Бұл жетістіктерге ауданның үздік спортшылары Б.Ысқақов, И.Иванов, С.Тезекбаев, Р.Мұқанова, М.Ротенко, А.Макеев, А.Қосдәулетов, М.Боранбаев, Н.Вырвинская, М.Булатова, бағы басқалар өз үлестерін қоса білді.
Қорыта айтқанда, аудан спорт саласындағы табыстарын баянды ете отырып, жарыс жолдарындағы көрсеткіштерін жақсарта түсуге ұмтылуда. Аудан мемлекеттік органдары тарапынан спорт белсенділерінің талпыныстарын қолдап, демеп отыру өзінің игі нәтижелерін беруде.
Ө.ТАСТЕМХАНОВ,
Ақтоғай ауданы.

