Бейсенбі күні облыстық «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттерінің мемлекеттік органдармен бірлескен жаңа жобасы жалғасын тапты. Бұл жолы тікелей желі шарасы бойынша тұрғындармен өзара байланысқа Павлодар қаласының әкімі Бақытжан Жоламанов шықты. Қала басшысы алдын-ала келіп түскен оқырман сауалдарына, сонымен қатар тікелей байланыс кезінде телефон арқылы хабарласқан тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Облыс орталығы тұрғындарының өтініш-тілектерінен хабардар болды.
Тікелей желі бойынша қоңырауларды қабылдамас бұрын қала әкімі Б.Жоламанов редакцияға алдын-ала келіп түскен сұрақтарға жауап берді.
Қала тұрғыны Зәуреш Ахметова: «Қоқыс шығарумен айналысатын «Спецмашин» фирмасы ай сайын төлемақы есептегенде менің кішкентай баламды қосады. Жалпы, қоқыс шығару үшін белгіленген тарифті үйде тұрып жатқан әрбір адам басына есептеу дұрыс па? Мысалы, өткен жылы лифті пайдаланудың жаңа жүйесі енгізілді. Оған сәйкес аталмыш қызмет түріне төлемақы адам басына емес, пәтердің шаршы метріне байланысты есептеледі. Сол секілді, қоқыс шығару тарифін қайта қарауға болмай ма?
Жауап: - Өкінішке қарай, «Спецмашин» ЖШС-нің көрсетіп отырған қызметіне тарифтер мемлекетпен реттелмейді. Ол - монополисттік фирма емес. Тарифті өздері белгілеуге құқылы. Сондықтан олардың қызметінде ешқандай заңсыздық жоқ. Тұрмыстық қалдықтарды шығаруға төлемақы көпқабатты тұрғын үйлерде әрбір адам басына есептеледі. Оның құны 105 теңгені құрап отыр. Ал орталықтандырылған жылу торабына қосылмаған жеке үйлердің қыс мезгілінде шығарылатын күл-қоқысы үшін белгіленген тарифтер сәл жоғары. Олар қосымша тағы 514 теңге төлеуі тиіс.
Тікелей байланыс. Редакциямызға алғаш болып хабарласқан тұрғындар үйлерінің жайсыз жағдайы, әсіресе төбелерінің әбден тозғандығын айтты. Өзінің жан айқайын білдіргендердің қатарында Павлов көшесі, 28-үйдің тұрғыныМағзура Ажмұратова, Орынбек Қалықов (Достоевский көшесі, 86 үй) және Наталья Владимировна (Айманов көшесі, 20 үй) бар. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагері Сайткен Сағитов Крупская көшесі бойында орналасқан нөмірі 82 үйдің ауласына жөндеу жұмыстарының жүргізілмегендігіне қырық жылдан астам уақыттың өткендігін айтты. Ол үйдің сыртқы беті де талайдан бері сыланып-сырланбаған көрінеді.
Жауап: Еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес біз тұрғын үйлердің төбелеріне, сыртқы бетіне жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Дегенмен, тұрғындарды да мұндай қиын жағдайда қалдырып, қол қусырып отыра алмасымыз белгілі. Сондықтан бүгінде бұл мәселені оңтайлы шешудің жолдары қарастырылуда. Соның бірі - демеушілік көмек. Алғашқы болып өтінішімізге «Қазақмыс» компаниясы құлақ асып отыр. Аталмыш кәсіпорын басшылығы көмекке жүз миллион теңге бөлді. Әрине, бұл қаражатпен барлық мәселе шешіледі деп айтуға болмас. Себебі бүгінде қала бойынша төбелері ескіріп, тозығы жеткен 900-ге жуық көп қабатты үй бар. Олардың барлығына бір уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін емес еді. Сондықтан бірінші кезекте, арнайы құрылған комиссияның шешімімен, тұрғындардың арыз-шағымдары ескеріле отырып, өзгелерден жағдайы мүлде нашар деген 23 тұрғын үй таңдалып алынды. Алдағы уақытта онда жөндеу жұмыстары жасалмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғасын табады. Сауал жолдаған тұрғындардың өтініштері бойынша аталмыш комиссия тексеру жұмыстарын жүргізеді. Егер ол үйлердің төбесінің жағдайы өзгелердікіне қарағанда нашар болса, онда олар жоғарыда аталған тізімге қосылып, жөндеуден өткізіледі.
Ал тұрғын үйлердің шатырын жөндеуге арналған бюджет қаражатын тек ерекше жағдайда ғана жұмсай аламыз. Мысалы өткен жылы жергілікті төтенше жағдайлар органдарымен апатты жағдайда деп танылған Кутузов және Толстой көшелеріндегі екі тұрғын үйдің төбесі жөнделді. Оның өзінде аталмыш үйлердің шатыры тозып, опырылып құлап түскеннен кейін ғана «төбесі апатты жағдайда» деген баға берілді. Ал қазір, өкінішке қарай шатыры бүгін-ертең құлайды деп тұрған үйлердің өзіне жөндеу жүргізуге төтенше жағдайлар қызметінен рұқсат ала алмай отырмыз. Өкінішке қарай, осы тұрғысынан біраз түсініспеушіліктер туындап тұрған жағдай бар.
Ал ардагердің өтінішіне келетін болсақ, негізінен аталмыш Крупская көшесі бойындағы аулалардың бірқатары жөндеуден өткізілді. Енді Сайткен ақсақал тұрып жатқан 82 үйдің ауласын қарастырамыз. Бұл мәселе бақылауда болады. Мән-жайды біліп, нақты жауабын қайтарамыз.
Қала тұрғындары Людмила Каздоба, Галина Скворцова сауалдарын алдын ала жіберген екен: «Зеленстрой поселкісіне орталықтандырылған жылу торабы мен су құбырының қашан тартылатындығын білгіміз келеді. Бұл мәселе бұған дейін де талай мәрте көтерілді. Алайда жергілікті атқарушы орган өкілдері қаржының жоқтығын алға тартып келеді».
Жауап: Оның әлі күнге дейін өз шешімін таба алмай келе жатқандығының себебі бар. Бүгінде аталмыш елді мекенде бар су құбыры бірқатар ұсақ кәсіпкерліктердің қатысуымен шаруашылық негізде «Промстрой» кәсіпорнымен салынды. Ол желілер Горводоканалдың еншісіне уақытылы тапсырылмаған. Соның салдарынан қазіргі кезде иесіз қалып отыр. Онымен қоса, желінің жекелеген бөліктеріндегі құрылыс жұмыстарын ешқандай жобалық құжатынсыз және техникалық бақылаусыз жекеменшік тұлғалар жүргізген. Нәтижесінде қазіргі кезде 3,2 киллометрді құрайтын су құбыры желілері толық жарамсыз күйде қалуда. Зеленстройда 2011 жылы жалпы ұзындығы 3,5 мың метрді құрайтын су құбыры желісінің құрылысын жоспарлап отырмыз. Онымен қоса, 21 құдық тұрғызылмақ. Бүгінде оларға қажетті жалпы құны жүз миллион теңгеден асатын жобалық-сметалық құжаттар дайын тұр. «Ауыз су» бағдарламасы бойынша тиісті қаржы бөлінеді деп сенеміз. Тұрғын үйлердің орталықтандырылған жылу торабына қосылуы туралы мәселеге келетін болсақ. Өкінішке қарай, өткен жылы «Павлодарлық жылу жүйесі» АҚ аталмыш ауданда жылумен қамтамасыз ету жүйесін салуға рұқсат бермеді. Себебі оған қажетті техникалық мүмкіндіктер жеткіліксіз. Егер қазір тағы қосымша жылу жүйелері тартылса онда жұмыс істеп тұрған желілердің қуаты жетпей, шыдамауы мүмкін.
Тікелей желіде, Амина Якубова, қала тұрғыны:
- Үйлердің сыртқы беті жөндеуден өткізіліп жатқандығын естідім. Мен Торайғыров көшесінің Химқалашық шағын ауданына қарасты бөлігіндегі бес қабатты ескі үйлердің бірінде тұрам. Жоғарыда аталған игілік біздің үйді қамти ма? Тағы бір атап өтерлігі, аулаларға жарық тарту ісі кенде қалып жатқан сыңайлы.
Жауап: Негізінен, жоғарыда атап өткендей, еліміздің заңнама талаптарына сәйкес тұрғын үйлердің сыртқы бетін жөндеу жұмыстарына біз, жергілікті атқарушы билік араласпауымыз қажет. Мұның барлығы меншік иелерінің, яғни тұрғындардың өз күшімен жасалуы тиіс дүниелер. Бұл аулаларға жарық тарту шараларына да қатысты. Бүгінде қала көшелерін, мектептердің алдын жарықтандыруға басты назар аударылып отыр.
Дегенмен, биыл, жыл басынан бері Торайғыров, Кутузов көшелері бойында орналасқан жиырма алты үйдің сыртқы беті жөндеуден өткізілді. Оның әрқайсысына шамамен 4-5 миллион теңгеден жұмсалды. Бұл бюджет қаржысы емес. Демеушілердің қаланы көріктендіруге қосып отырған үлесі. Егер келесі жылы да демеушілер тарапынан қажетті қаржы бөлінсе, онда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Редакциямызға хабарласып, шаһар басшысына өз сауалдарын қойған қала тұрғындарының біразын облыс орталығының алда келе жатқан қыс мезгіліне дайындығы мәселесі толғантты. Оның ішінде Азамат Айызбаев есімді павлодарлық жергілікті коммуналдық кәсіпорындар тарапынан қала көшелерін қардан тазалау шараларының қаншалықты пәрменді болатындығын сұрады.
Жауап: Биыл қала көшелерін қардан тазалау жұмыстарына төрт кәсіпорын жұмылдырылады. Оларда қазіргі кезде 150-ден астам арнайы заманауи техника бар. Оның басым бөлігі соңғы бір-екі жылдың ішінде сатып алынған. Әлі де жаңа күйінде. Менің білуімше, олар жақын арада тағы бірқатар қажетті қосымша техника сатып алмақшы. Сондықтан алдағы қыс айларында Павлодардың көшелері өткен жылғыдан да таза болады деп сенемін.
Оқырман сауалы. Бірқатар оқырмандар тарапынан талайдың көкейінде жүрген заңсыз автотұрақтар мәселесі қозғалды. Бүгінде тұрғын үйлердің ауласы құдды бір көлік қоятын тұрақтарға айналғандай. Темір тұлпарларын балалар ойнайтын алаңдарға қойып қоятындар көп.
Жауап: Бұл - сол көп қабатты үйлерде тұратын тұрғындардың өздерінің жеңіл көліктері. Себебі олар темір тұлпарларының терезе алдында көз түсер жерде тұрғандарын қалайды. Дегенмен, халықты да түсінуге болады. Бүгінгі таңда қаламызда автотұрақтар жеткіліксіз. Ал жұртшылық арасында айтылып жүрген көп қабатты автопаркинг салу қаржы жағынан тиімсіз. Бірақ бұл көліктерді қайда болса сонда қоюға болады деген сөз емес. Бұл мәселені тиісті органдар бақылауда ұстап отырады. Жолды бөгеп қойған немесе жаяу жүргіншілердің жолына, балалардың ойнайтын алаңына шығып кеткен көліктер алынады.
Тікелей желіге хабарласқан Айсара Тағлымова өзінің тұрғылықты мекеніне қарасты «Радуга» кооперативі көрсететін қызметі үшін алатын белгілі бір дәрежедегі төлемнен басқа «жинақ қорына» деп сылтауратып қосымша қаражат жинайтындығын жеткізді. «Ол қаражаттың қайда кетіп жатқандығы белгісіз. Біз шатырды, подъезді жөндеу сынды басқа да жұмыстарды өз қаржымызға жасаймыз ғой», - дейді ол. Бұл - бір ғана мысал. Одан басқа, павлодарлықтар тарапынан пәтер иелері кооперативтеріне қатысты көптеген сұрақтар келіп түсті.
Жауап: - Мемлекеттік органдар, атқарушы билік тұрғындардың пәтер иелері кооперативтерімен қарым-қатынастарына араласпайды. Бұл салаға қатысты тарифтерді белгілеу, оларды өтеу мерзімі, ортақ нысан мүлкін сақтау сынды барлық мәселелерді тұрғындардың бірлескен жиналысында шешуге болады. Кооперативтер жұмысын бақылау ісі де - тұрғындар құзырында.
Тікелей желі. Ольга Королюк, қала тұрғыны:
- Катаев көшесі жөндеуден өткізілді. Жолдар тегістеліп, көшеміз жаңа көрікке ие болды. Сол үшін алғысымызды білдіреміз. Алайда көп қабатты үйлердің аулалары назардан тыс қалып отыр. Мысалы, біз тұрып жатқан нөмірі 30-шы үйдің ауласы сын көтермейді. Жазда шаңнан көз ашпасақ, көктемде батпақтан аяқ алып жүргісіз. Бұл мәселе төңірегінде не айтар едіңіз. Жалпы көріктендіру жұмыстары бюджет қаржысынан қаржыландырылатын аулалар қандай талаптар бойынша таңдалып алынады?
Жауап: - Мұнда да, арнайы комиссиямен сараптама жүргізіліп, көріктендіру жұмыстары бірінші кезекте жағдайы ең нашар деген аулаларға белгіленеді. Өткен жылы біз қаламыздың осындай жүзден аса ауласында көріктендіру жұмыстарын жүргізсек, биыл бұл көрсеткіш сексеннен аса межені көрсетіп отыр. Шынына келетін болсақ, бұл бағыттағы мәселелер осымен аяқталатын шығар деп ойладық. Бірақ олай болмай шықты. Керісінше, уақыт өткен сайын жөндеу жұмыстарын қажет ететін аулалар саны артып келеді. Дегенмен мұндай негіздегі шаралар тұрақты, жүйелі түрде жалғасын табады. Сіздер тұрып жатқан үйдің ауласын да назарға аламыз.
Оқырман сауалы. Қала тұрғыны Серік Медетбеков «Салынғанына төрт жылдай болған Бекқожин көшесі, 9-үйдің ауласында ойын алаңы жоқ. Бұл жөнінде қалалық мәслихат депутаты И.Веретновқа да айтылды. Бірақ «баяғы жартас сол жартас». Есік алдында автокөліктер көп жүреді, балаларға қауіпті. Осы мәселені шешуге ықпал етсеңіз деймін» деп өтініш білдірген екен.
Жауап: - Сіздің бұл өтінішіңіз ескеріледі. Жаңадан тұрғызылған үй болса онда міндетті түрде балалар ойнайтын алаң жасақталуы керек. Сондықтан келесі жылы бүлдіршіндер үшін ойын алаңы салынатын болады.
Тікелей желі. Телефон арқылы хабарласқан бірқатар тұрғындар қаланың қысқа дайындығы туралы мәселелерді қозғады. Павлодарлықтарды әсіресе үйлерге жылу уақытылы беріле ме деген сауал мазалайтын сыңайлы.
Жауап: - Павлодар қаласы қысқа сақадай сай дайын десе де болады. Біз қазірдің өзінде күн райының құбылыстарына байланысты жылуды қазан айының ортасына дейін толық береміз. Бүгінде тұрғын үйлердің 85-90 пайызы жылыту маусымына даяр. Естеріңізде болса, былтыр қыстың қатты болғандығына қарамастан ешқандай қиындықсыз өтті. Сондықтан биыл жағдай одан да жақсы болады деуге негіз бар.
Оқырман сауалы. Сағындық Смағұлов, зейнеткер:
- Лесная көшесі 10-үйде тұрамын. Біз тұратын көп қабатты үйдің жаны жаздың күні ми батпақ болып езіліп жатады. Асфальт төселмеген. Құрылыс материалдарын тасымалдайтын жүк көліктері біздің үйдің дәл алдынан өтеді. Балалар ойнайтын алаң жоқ. Осы мәселелерді шешуге көмектессеңіз деген өтінішіміз бар?
Жауап: Бұл мәселені міндетті түрде қарастырамыз. Келесі жылдың бюджетіне енгізуіміз мүмкін.
Тікелей желі барысында оқырмандар тарапынан қаладағы №126 маршрутты шағын автобустарының қозғалысына байланысты көптеген шағымдар келіп түсті. Онда аталмыш бағыттағы қоғамдық көліктердің өте сирек жүретіндігі айтылған. Бірнеше сағат тосуға тура келетін көрінеді. Онымен қоса, шағын автобустарға адамдар сыймайды. Әсіресе, таңертең және кешке өте қиын дейді тұрғындар. Сондықтан осы бағыттағы қоғамдық көлік қозғалысын реттеп, маршрутқа үлкен автобустарды жіберуге болмай ма деген тұрғындар өтініші айтылды.
Жауап: Егер бұл бағытта тұрғындарды тасымалдауға тендер ойнатылып қойса, онда жақын арада аталмыш мәселені шешу қиынға түседі. Дегенмен тағы бір жолдарын қарастырып көреміз. Шағын автобустардың кестеге сәйкес жүруін бақылауға алу керек. Мүмкін болса үлкен автобус жіберудің ретін талқылаймыз.
Ұлы Отан соғысына қатысушылар - Қарағанды көшесі, 5-інші үйде тұратын Петр Коченовский, Қостанай көшесі, 84-інші үй иесі Татьяна Кутковая, Боткин тұйық көшесі, 183/1 үй тұрғыны Суенов Қайриден бірталай жылдан бері жекеменшік үйлеріне жылу желісін тарта ала алмай жүргендігін айтып, хабарласты.
Жауап: Биылғы жылы тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу жөнінде 8 соғыс ардагері өтініш білдірген. Олардың бәріне жылу көзіне қосылу үшін техникалық шарттар берілді. Өкінішке қарай, жылу желісін тарту мәселесі бюджеттік заңнамада ескерілмеген. Желінің құрылысы шамамен 15 млн. теңге тұрады. Жеңістің 65 жылдығына байланысты жөндеу жұмыстарын жүргізуге 50 мың теңгеден жәрдемақы берілді. Бәріне бірдей жасалған әділ көмек деп ойлаймын. Ешкімді алалаған жоқпыз. Петр Коченовскийге қазір облыс орталығында ардагерлерге арналып салынып жатқан жаңа тұрғын үйден бір пәтер беріп отырмыз. Ал Суенов Қайриденге электр қазандық орнататын демеуші табылды. Су құбырын биыл тарту мүмкін емес. Себебі орталық құбырдың иесі – жеке меншік. Оларды әуелі қосылуға көндіру керек
Тікелей желіге қала тұрғыны Кенжегүл Омарова қосылды:
«Бақытжан Төлеужанұлы, мен қала тұрғындары атынан алғысымды білдіргім келеді. Біздің тұрмыстық жағдайымызбен танысып, кейбір мәселелеріне назар бөліп жатырсыз. Қаламыз жақсарып келеді. Әсіресе, жолдар, көшелер - тап-таза. Кешкілікте көшелер самаладай жарқырап тұрады. Мұның бәрі, әрине, сіздердің еңбектеріңіз, сондықтан алғыс айтамын, Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз» деп жылы лебізін білдірді.
Айғаным Нұрасылова, қала тұрғыны:
- Усолка шағын ауданында тұрғаныма бірнеше жыл болды. Үйімізде электр қуаты жиі өшіп қалады. Соны жүйеге келтіруге болмай ма?
Қала әкімі өшіп қалулардың жөндеу шаралары кезінде болатынын айтты:
- Жалпы, Усолкада электрмен қамту мәселесі жақын арада шешіледі. Арнайы подстанция үш жылда салынады. Биыл бірінші ТП-ны салып болып, электрге қосуды бастаймыз. Былтыр екі үй мен емхана салып алып, оны қыста қосуға кауіптендік. Себебі бұрын қосылғандарға электр қуаты жетпей қалуы мүмкін еді. Бұл мәселе бес жыл бойы шешілмей келді.
Тағы бір оқырманымыз алдын ала сауалын жіберген еді. Павлов көшесі, 13-үй, 88-пәтер тұрғыны Н.Шагирова: «Биылғы сәуір айында үйдің жанындағы ағашты кесуді сұрап өтініш жазған едім. Биік ағаш пәтерге күн сәулесін түсірмейді, жапырақтары терезені сабалап тұрады. Бірақ ешкім келген жоқ. Осы мәселені шешуіңізді сұраймын», деген екен. Қамзин көшесі, 106, Кутузов көшесі, 21-інші үйлердің тұрғындары да осындай өтініш білдірген.
Жауап: - Мәселелеріңіз ескерусіз қалмайды. Бұл жөнінде бөлім бастығы И.Рыбасқа тапсырма берілді. Меніңше, осы аулаларға барып, барлық жайтты тексеру керек. Комиссиямен бірге шешім қабылдау керек.
Телефоннан тағы бір қоңырау түсті. Май ауданы Көктөбе ауылынан Әбенова Қайныш: - Өзім бірінші топтағы мүгедекпін. Қаладан пәтер алу үшін кезекке тұрмақ болғанбыз. Бірақ екі зейнетақыны қосқанда отбасылық кірістеріңіздің көлемі өмір сүру деңгейінен жоғары деген себеппен пәтердің кезегіне тұрғызудан бас тартып отыр. Алайда баспана қажет. Не істеуім керек?
Жауап: - Заң бойынша сіздің мәселелерді шеше алмаймыз. Ай сайынғы кірісіңіздің мөлшерден көп екені анықталған.
Дегенмен мәселеге түсіністік танытқан әкім тағы да хабарласуды өтінді.
Павлодар қаласы Ледовская көшесі, 39-8 пәтерде тұратын Жалмағамбетов Қанат өзінің мәселесін алдын ала жолдады: «Бір айдан бері ыстық су көрмей отырмыз. Тек бірінші подъезде ғана жоқ. Мәселенің мәнісін «Берег» ПИК-інен сұрап едік, жөндеу жүргізу керек дейді. Бірақ әлі күнге ешқандай шаралар қолданбай жатыр?».
- Ыстық су тек бірінші подъезде ғана болмаса, мәселе - кооперативтікі. Дегенмен хабарласқан соң мәселені назарға аламыз, - деді әкім.
Тікелей байланыс. Дерибас көшесі, 119 үй, 4-пәтер тұрғыны Любовь Рыбалкина:
- Неше айдан бері көшеміз жабық, қашан жөндеу жұмыстары аяқталады? – деген сауалын қойды.
Жауап: - Ол жерде су құбыры жаңартылып жатыр. Негізі, жөндеуді қазан айында аяқтау жоспарланған, мүмкіндігінше ертерек тәмамдауға тырысамыз. Қазірде вокзал жақтан бастап асфальт төселіп жатқанын көрдіңіз ғой. Лермонтов көшесіне қарай құбырды тартып болған соң көп кешікпей бәрі қалпына келеді.
Журналистермен өзара әңгіме барысында Бақытжан Жоламанов қала бойынша алғанда, Алюминстрой ауданының мәселесі өзекті қалпында қалып отырғанын айтып өтті.
- Онда әр жыл сайын жылу қуаты қиындықпен беріледі. Оған тұрғындар да ширақтық танытпайды. Ескі үйлерге ПИК-тердің қызмет еткісі жоқ, себебі шығынмен жұмыс істегісі келмейді. Әйтеуір өткен жылы қыстыгүні бір үй қатып қалған жоқ. Бірақ подъездері ашық, бәрі қираған. Шығын көп кетеді. Мәселе – күрделі. Қазір қалада да жер телімі шектеулі. Егер ескі екіқабатты үйлерді көшіріп, орнына жаңа көпқабатты үйлер салсақ, екі мәселе шешіледі. Біріншіден, жапа шегіп отырған тұрғындар жаңа баспанаға қоныстанады, сондай-ақ біраз жер телімі босайды. Әйтпесе, Усолкада бір-екі жылда құрылыс салатын жер қалмайды. Ондағы подстанция салу мәселесі қанша жыл көтерілсе де, енді ғана қаржы бөлініп отыр ғой. Сол секілді, Алюминстрой ауданы мәселесін шешуге де уақыт керек. Осы мәселемен айналыса бастағанымызда ондағы үйлердің аула аумақтары сатылып кеткенін білдік. Биыл 17 млн. теңгеге шағын ауданды дамытудың егжей-тегжейлі жобасын әзірлеуді қолға алдық. Анық-қанығы белгілі болған соң қаржы жағын қарастыратын боламыз, – деді әкім.
Тікелей желіге шыққан Жанар есімді оқырманымыз:
- Кутузов көшесі, 44-үйде тұрамын. Жылу қуаты үшін төлемді қайта есептетудің жолы қандай? –деп сұрады.
Жауап: Алдымен комиссия құру қажет. Оның құрамына жылу желілері фирмасының мамандары мен пәтер иелері кооперативі кіреді. Сондай-ақ біздің бөлімнің мамандарын да комиссияға шақыруға болады. Барлық жайтқа құжат жасап, кейін оны «Энергоцентр» мекемесіне апарсаңыз, қайта есептеп береді. Мәселеңіз шешіледі.
Оқырман сауалы. Он баланың анасы Бекен Жүнісова былай деп жазады: «Үш жыл бұрын көпбалалы ана ретінде маған Ледовская көшесі, 41-үйден арендалық негізде пәтер берілді. Осы баспананы өзіме жекешелендіріп алайын десем, рұқсат етілмейді дейді. Бұл қалай сонда? Басқалары алған пәтерлеріне өзінің атына аударып жатыр деп естиміз». Осы тектес екінші сауал да бар. Ледовская көшесі, 41-76 мекенжайында тұратын Қаймульдинова деген тұрғын: «2007 жылы 2 топтағы мүгедек жұбайыма арендалық пәтер берілді. Көп ұзамай ол қайтыс болды. Енді пәтерді өзіме жекешендіріп алғым келеді. Алайда ол мүмкін емес көрінеді. Осыны түсіндіріп берсеңіз?» дейді.
Жауап: Бұл - әлеуметтік үй ғой. Сондықтан заң бойынша жекешелендіруге жатпайды. Ұлы Отан соғысына қатысқандарға ғана мүмкіндік бар. Дегенмен жазбаша жауап дайындауымыз қажет. Бәрін түсіндіреміз.
Тікелей байланысқа шыққан Гагарин көшесі, 84-үйден Айгүл есімді тұрғын:
- Күз де келіп қалды. Біраздан соң жапырақтар жерге саулап түседі. Олар қар астында қалмай ма?
Жауап: -Тазалық шарасы міндетті түрде болады. Жылына екі мәрте сенбілік өткіземіз. Бұл жолы қазан айында ұйымдастырамыз. Көшелерді бүкіл қала болып жинаймыз.
Телефон шырылдады. Өзін Самал Серікқызымын деп таныстырған Павлов көшесі, 36 үйдің тұрғыны:
- Ауламызға жаңадан асфаль төсеп еді, көп ұзамай коммуналдық қызмет мекемесі қайтадан қопарып тастады. Бұл жағдайда қандай шара қолданасыздар? – деп сауал қойды.
Жауап: Бұл мәселердің бәрі назарымызда, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жолды қазса, ерте ме, кеш пе, қайта реттейді. Олай болмаса кінәлі тұлғаға айыппұл салынып, ол жауапкершілікке тартылады.
Тікелей байланыс. Әбдірахманова Жанар:
- Айманов көшесі 48 үйде тұрамын. Аз қамтамасыз етілген отбасы ретінде пәтер алуға кезекте тұрмын. Әлі қанша күтемін?
Жауап: - Баспана тек кезек бойынша ғана беріледі. Сіздің алдыңызды да адамдар тұр ғой. Басқа жол жоқ.
Арыстан Жүкенов, есімді тұрғын:
- 2007 жылы Майра көшесі, 1 үйден пәтер алдым. Үйіміздің сырты арзан алюкобонд материалмен қапталған. Жел соққан сайын қабырғаға жапсырылған плиталар ұшып кетеді. Екі жыл кепілді мерзім өтті, мердігер фирма енді келіп жөндемейді. Ол фирма жоқ, бұрынғы басшысы Сапенов деген азамат болатын. Енді үйдің сыртын кірпішпен қаптауға мүмкіндік бар ма?
Жауап: - Бұл мәселені бүгін ғана естіп отырмын. Мұндай материалмен қапталған үйді көзім шалмапты. Бірақ біз бұл үйді салған компанияны анықтаймыз. Басшысы Сапенов дедіңіз бе? Үйді де келіп көреміз. Кейін жағдайды түзеудің амалын қараймыз.
Қала әкіміне Шыңғыс Сағатұлы есімді мемлекеттік қызметші: «Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ипотекалық несие арқылы пәтер алғым келеді. Бірақ бірнеше рет құжат тапсырсам да жолым болмады. 2008-2010 жылдарға арналған бағдарлама аяқталып та қалды. Келер жылы бағдарлама жалғасын таба ма?» деген сауалын жіберіпті. Бұған қандай жауап беруге болады.
Жауап: Конкурстық негізде өткізілген соң ең көп ұпай жинағаны ғана іріктеледі. Оның үстіне кезек те қалың: мыңнан астам адам 70 пәтерлі үйге өтініш тапсырады. Енді келер жылы бағдарлама бола ма, жоқ па – әлі белгісіз. Қаржы республикадан берілсе, жалғастырамыз.
Түйін
Белгілі болғандай, Павлодар қаласының әкімі Бақытжан Жоламановпен «тікелей желі» шарасын өткізу барысында тікелей телефон байланысы арқылы ұзын саны 28 сауал келіп түскен. Одан басқа, әкіммен тікелей тілдесуге дейін облыстық «Сарыарқа самалы» және «Звезда Прииртышья» газеттерінің редакциясына алдын ала 70-ке жуық сауал жолданды.
Қала әкімі екі сағаттық тікелей желі барысында қала тұрғындарын мазалаған өзекті мәселелерден хабардар болғанын, екі облыстық газеттің ұйымдастырған шарасы пайдалы болғанын атады.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.



