Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі Павлодар облысы Шарбақты ауданы ІІБ бастығының қызмет жөніндегі орынбасары Дәулет Қасымовқа «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» омырау белгісін тапсырды.
Астана қаласында өткен жиында Шалдай орманындағы өртті сөндіру кезінде полиция подполковнигі Дәулет Қасымовтың көрсеткен ерлігі мен кәсіби шеберлігі ескеріліп, бағалы марапатқа ие болды. Сондай-ақ Шарбақты ауылының төрт тұрғынына «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» омырау белгілері тапсырылды.
Үстіміздегі жылдың сегізінші қыркүйегінде Шарбақты ауданы әкімдігіне Первомайское орманшылығындағы өрт туралы хабарлама келіп түседі. Іле аудан әкімі Сапаргелді Смағұлов өртке қарсы күрес жедел штабымен кеңес өткізді. Кеңесте бірқалыпты тұрақты байланысты қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрғындарды электрмен қамту және медициналық көмек көрсету мәселелері қарастырылды.
Тоғыз ауылдық округтен әкімдердің басшылығымен Шарбақты ауылына қажетті өрт сөндіру жабдықтары бар 64 ерікті келіп жетті. Штаб аудан орталығынан өрт жалындап тұрған Шалдай ауылына көшірілді.
Ормандағы жалындаған от Лебяжі ауданының Бәйімбет ауылына бет бұра бастағанда аудан әкімі С.Смағұлов, өрт сөндіру мамандары Александр Марченко мен Дәулет Қасымов көрші ауылға жетеді.
Ауыл адамдары өрт туралы естігенмен, оған аса көңіл бөлмеген сыңайлы. Бәйімбет ауылының тұрғыны Жанаргүл Арыспаева:
- Мен үш баламмен үйде отырған едім. Өрт туралы хабарды естігенбіз, бірақ ауылға жетер деп ойламаған едік. Біраз уақыттан кейін бірі - полиция қызметкері, екіншісі азаматтық киімде екі ер адам келді де, құжаттарымызды алып «Нива» автокөлігіне отыруымызды сұрады. Терезеден қарап едім, қарағайлар арасынан жалындап жатқан отты байқап қалдым. Жолдасым екеуіміз балаларымызды алып, машинаға міндік. Кешікпей бізге көршілеріміз де қосылды, - деп есіне алады.
Дәулет Қасымов болған жағдайды былай деп баяндады:
- Бәйімбет ауылының 25 тұрғынын ауылдағы басқа да көліктерге отырғызып, Шоқтал ауылына жібердік. Бізбен бірге қызметтік автокөлікке барлығы 12 адам отырды. Әйелдерден ес кетіп, балалар шулай бастады. Үш айлық бала түтіннен тұншығып, сулы орамалмен бетін жабуға тура келді. Тұрғындарды көрші ауылға әкеліп, асығыста адамдар қалып қойған жоқ па деген күдікпен өрт қаупі төніп тұрған ауылға қайта оралдық. Өрт жағдайын анықтағаннан кейін Бәйімбет ауылынан Шалдайға келдік. Бұл кезде орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы, республикалық және облыстық ТЖ қызметкерлері жедел штабқа шұғыл түрде көмекке жеткен еді.
ТЖ Министрі Владимир Божко полиция подполковнигі, Бәйімбет ауылы тұрғындарын қауіпті жерден көшіруге көмек берген Дәулет Қасымовтың және басқа да адамдардың ерен еңбегіне жоғары баға берді.
Дәулет жасаған батырлығын ерлік деп санамайды. «Бұл – менің қызметтік борышым» - дейді Шарбақты ауданы ІІБ бастығының орынбасары.
Дәулет Қасымов ішкі істер органында 1992 жылдан бері қызмет етеді. Әскери борышын Молдавия және Преднестровье ІІМ ішкі әскерінде атқарды. Балалық шағынан милиция қызметкері болуды армандаған ол әскери борышын атқарып келгеннен кейін бірден осы бағытта қызметке орналасады. Содан бері бірқатар қылмыстарды ашып, құқықбұзушылықтардың алдын алды. Көптеген адамдарға қол ұшын беріп, қиындыққа душар болған жандардан көмегін аямады.
Дәулет жұбайы Фаридамен Дияр, Ағзам атты екі ұл және Қарлығаш атты қыз тәрбиелеп отыр. Қайсар әкенің ерлігін балалары мақтан тұтады.
Жанна БІЛӘЛОВА.


