«Жол картасының» жемісі
Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры Павлодар облысында ғана емес, сонымен қатар Қазақстан бойынша шоқтығы биік мәдени ошақтарының бірі десек, асыра айтпағандық болар.
«Театр киімілгіштен басталады» делінеді. Ертістің Павлодар өңірінің мәдени өмірінде алар орны ерекше шаңырақ - Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры алдағы жаңа маусымға тың күшпен кіріседі. Олай дейтініміз, биыл театр табалдырығынан бастап сахнасына дейін жаңару үстінде. Өнер ошағының 2006 жылы сыртқы келбеті, 2007 жылы 2-3-қабаттағы фоелер күрделі жөндеуден өткен. Мәдени ошақты күрделі жөндеуден өткізу мәселесі облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тікелей басшылығымен қолға алынды. Оған облыстық және республикалық бюджеттен «Жол картасы» бағдарламасы аясында 217 миллион теңге қаражат жұмсалды. Күрделі жөндеуді алматылық «ЭлитСтройМастер-2005» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Театр ғимаратындағы жөндеу жұмыстарын аяқтау қыркүйек айының соңына жоспарланған. Көрермендер залынан бастап, гримерлік, костюмерлік бөлмелер - бәрі қайта жаң¬ғыртылған. Едендік қабатына жаңа ковролан төселіп, төбесі де қалпына келтірілген. Оркестр шұңқыры заманауи талаптарға сай жөнделіп, кеңейтілген. Театр автоматтық өрт сөндіру, жылу және бейнебақылау жүйесімен жабдықталды. Көрермендер залы да жаңашаланды. Оның ішінде арнайы қонақтарға арналған 5 орындық лоджия, 48 адамға шақталған бэльэтаж және үлкен залда 500-ге жуық орындық қойылған. Баспалдақта 260 орын, ал астыңғы бөлігінде 184 орын қойылған. Театр залының көркін келтіретін Түркиядан әкелінген диаметрі 4 метрлік люстра да орнатылған. Сондай-ақ 280 адамға негізделген сымсыз ілеспе аударма қондырғыларымен жабдықталғаны қуантады.
Театр сахнасы шеңбері мен көрермендер залының жаңаша кейіпке енуі көрермендерді қуантатыны даусыз. Театр ғимаратының түрлене түсуін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Павлодар өңірінде болған іссапарында жоғары бағалағанын айта кеткен жөн.
Ұлттық нақышта әдемі безендіріліп, осы заманғы құралдармен жабдықталған өнер ордасы бүгінде Павлодардың көркіне көрік қосып, қауымның бас қосатын әсем ордасына айналатыны сөзсіз.
Ақмарал ЕСІМХАНОВА.



