АҚЫН АТЫНА ҚАЛАЙ ТАЛАСТЫҚ?

Осы бір оқиға халқымыздың дүлдүл ақыны Иса Байзақовтың 110 жылдығы тойланар сәтте тағы да есіме түсті. Бұл Павлодардың егінді өңірі - Ертіс ауданындағы ең ірі шаруашылықтарының бірі «Беловод» совхозына Иса Байзақовтың атын беруге байланысты еді. Кеңестік саясат-тың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, қылышынан қан тамып тұрған кезі ғой. «Қазақтың маңдайалды ақыны, әйгілі жерлесімізді ұлықтайық», деп желпініп жүрген жергілікті халықтың көңілін су сепкендей басып, кеудесінен итеруге ұмтылғандар аз емес еді. Ақыны түгілі, тұтас халықтың шекесінен қарауға үйренгендер «Кто такой Иса Байзаков?», деп шыққан. Түптеп келгенде Иса аты үшін сол бір тартыс ел намысына қайралған табандылықтың, тоталитарлық қысымға қарсы-лықтың бір көрінісі болып шықты.

Елуінші жылдардың соңында Н.С.Хрущев нұсқауымен ұсақ шаруашылықтар ұлғайтылып жатқан науқан кезінде Ертіс ауданының іргелес жатқан «Қызыл Жұлдыз», «Үлгілі», «Төртінші ауыл», «Шұбарат» колхоздары біріктіріліп совхоз құрылып, оған бұрынғы МТС аты «Беловод» берілген-ді. Сол кезде шаруашылықтың орталығына айналған ауылды тұрғындар сонау отызыншы жылдардағы атымен «Алтыншы» деп атайтын. Сонымен бір ауылда «Кайманачиха» астық қабылдау пункті, М.Горький атындағы ауылдық кеңесі, «Қызыл Жұлдыз» пошта бөлімшесі, «Беловод» совхозы дегенге «Алтыншыны» қосқанда бес атауы болды. Павлодар өңірінің Ақтоғай ауданы Ертіс өзенінің жағалауын көмкеріп жатқан ақ теректі тоғай келбетіне орай қойылса, Баянауылдағы Сабындыкөл суы уысыңа алсаң сабындай суситындықтан, көлдің мөлдір суына үңілгенде жалтырап көрінген майда тастарының өзі тайғанақ, табаның тиген сәтте сырғанатып ала жөнелетіндіктен аталса керек. Бес бірдей атауы бес жаққа тартқан шаруашылықтың атын реттеп, лайықты атау керек деген ой тың көтеріп, трактор мініп келгендердің емес, тағы да сол жергілікті халықтың ойына оралған.

Иса Байзақовтың туып-өскен жері – кезінде ең еңселі шаруашылықтың бірі болғанымен, тарыдай бөлгенде совхоздың бөлімшесі болып қалған «Үлгілінің» Әби Қуантаев, Қабыш Қасанов, Сейтет Бабашайықов, Сағымбай Жұматов, Мұқат Махамбетов, Қайыржан Ақымов, Досан Әбдірахманов, Қамза Әбілманов секілді белді де беделді ақсақалдары мен журналист, жазушы Мүбәрак Жаманбалинов Иса Байзақовтың туғанына 70 жыл толуына байланысты шаруашылықтың атын ақын атымен атау туралы бастама көтерген еді.

Кезінде «Үлгілі» атын ақынның өзі қойып кеткен ауылдың үлкен-кішісі Исаның «Құралай сұлу», «Ақбөпе» секілді кесек туындыларының өзін жатқа айтатын. Өнерлі ауыл жастары ақынның шығармаларын сахналап аудандағы, Павлодар облысымен іргелес жатқан Ресейдегі қазақы елді мекендерді аралап спектакль қойып, «Желдірмесін» шырқайтын. Осылай өздері ерекше пір тұтатын ақынның есімін беру мәселесін қатты қарсылыққа кезігіп, маңдайлары тасқа тиеді деп ойламаған да еді.

Көтерілген мәселе совхоз көлемінде шешімін тапқандай болғанымен, аудан төңірегінен әрі аспай, «жоғары биліктегілер келісімін бермей жатыр» - деген желеумен тоқтап қалды. Оны қай деңгейдегі билік иелері «тоқтатқаны» халыққа беймәлім болып қала берді.

1980 жылы аталынған мәселе қайта көтерілді. Тағы да ауыл ақсақалдары сол кезде Иса Байзақов атындағы сегіз жылдық мектеп (қазір орта мектеп) ұжымы мен барша тұрғындардың атынан шаруашылыққа ақынның атын беруді сұрап хат жазды. Сонау ХІХ ғасырдың соңына қарай келген «қарашекпенділерден» басталып екі ғасырға жуық жалғасқан қазақ даласына шұбырған көштің соңы жүз мыңдап келген тың игерушілердің «десантымен» толыққаны белгілі. Жергілікті халықты алыс-алыс елеусіз бөлімшеге ығыстырып тастаған Иса секілді өнер тұлғалары болғанын мойындасын ба?! Ауыл ақсақалдарынан түскен ұсынысын М.Горький атындағы ауылдық кеңесінің төрағасы осы жолдардың авторы, шаруашылықтың партия комитетінің хатшысы Қ.Исабеков екі үлкен ұйымның бірлескен жиынында қарауға шешім қабылдадық. Шаруашылықтың белсенділері мәселенің күн тәртібіне қойылуына үзілді-кесілді қарсылықтарын білдірді.

Жиналыс басталып, күн тәртібі жарияланған соң, ә дегеннен сөз алған шаруашылық директоры А.Карпенко: «Огонь несем что-ли? Почему такая спешка? Надо-бы вопрос приподнести населению» (Шаруашылықтағы халықтың басым көпшілігі қазақ емес екені белгілі. Осыдан бұрын ақынның 70-жылдығында ұсынысты аяқсыз қалдыру үшін осылай халықтың арасалмағы алға тартылған еді) – деп салды. Одан соң сөз алған шаруашылықтың бас инженері А.Денисенко өз сөзінде: «аталынып отырған мәселе осыдан он жыл бұрын қаралып, халық жақтамаған, сондықтан мен талқылауға қатысудан қалыс қалам», - деген кесімді сөз айтты. Бас агроном А.Миллер: «5-6 адам хат жазады екен, ал біз оған уақыт өлтіріп отыруымыз керек. Мен де талқылауға қатыспаймын», - деп түйді. Шаруашылық кәсіподағының төрағасы В.Терешенок: «Жұмысшылармен ақылдасу керек», - деді. Шаруашылықтың азулы басшылары осылай дегесін, басқа жиналғандар не айта алады. Онсыз да мәселенің түп-тамырын жақтырмай отырғандар күңкілдесе бастаған. Жергілікті халықтың ұсынысы тағы да құрдымға кетіп бара жатқандай болды. Мен ауылдық кеңестің төрағасы ретінде жиналысты жүргізіп отырғанмын.

- Сіз, қашаннан бері Петр Моисеев секілді жұмысшылардың көсемі бола қалғансыз. Сіз шаруашылықтың парткомының мүшесі ретінде өз пікіріңізді айтыңыз, - дедім ашуымды әзер тежеп сыпайы түрде. «Әне, осылай адамды сөйлетпейді» деп мағаныстау міңгірлеп орнына отыра кетті.

Орнынан оқыс тұрып шаруашылықтың партия комитетінің хатшысы Қалкен Исабеков, бас есепші Төкіш Сарсенбаев, селолық кеңес атқару комитетінің хатшысы Кездікбай Нұрпейісов, атқару комитеті төрағасы ретінде мен мінбеге көтеріліп, ақынның шығармашылығына тоқталып, халқымыздың әдебиетіне қосқан тарихи тұлға екенін қыза айттық.

Отырыста аудан өкілі болып келген, Ертіс аудандық кеңесінің төрағасы бұрын сол совхоздың директоры болған А.Дармодехин шаруашылық атын жерлесіміз, ақын, композитор Иса Байзақовтың атына беру дұрыс шешім екендігіне тоқталып, тұжырымды сөз сөйледі. Ауданнан келген өкілдің бұл тұжырымына біз таңдансақ та, қуанышымызға шек жоқ еді. Оған «Осылай дейсің, хаттағы ұсынысты қолдайсың», - деп шегелеп жіберген аудан партия комитетінің бірінші хатшысы Бағұстар Ғабдұлқайырұлы Рамазанов екенін кейін білдік. Іс жергілікті халық мәселесіне тірелген тұста оның намысқа басып, батыл шешімдер қабылдап жіберетін кезі көп болатын. Ұзаққа созылған қызу бірлескен партком мен атқару комитеті мәжілісі болашақта совхоз Иса Байзақов атымен аталатынына шешім қабылдады.

Ол кезде ономастикалық комиссия деген саяси институт болған жоқ. Болған күнде де айтылып отырған мәселелерді қарау, шешу партия басшылығының құзырында болатын. Қандай форумда қаралынатынын білмегендіктен, мәселені іске асыруды аудан басшылығымен келісе отырып шештік.

Мәселемізді шештік деп мәз болып жүргенімізде бір күні ауданнан жаңа хабар келді. Партком мен атқару комитеті шешімі жеткіліксіз, мәселе селолық кеңестің сессиясында қаралуы керек екен. Амал бар ма, ол жұмысқа да кірісіп кеттік. Жедел, кезектен тыс селолық кеңестің сессиясы шақырылды. Депутаттарымыздың жайы белгілі. Көбі механизатор, кеңсе қызметкерлері. Бәрі - директордың аузына қарап қалғандар. Не керек, алдын ала сөйлеушілер тізімі жасалынды. Сөйлеушілер озаттар, әртүрлі ұлттың өкілдері болуы керек деп нұсқау берушілер де көбейді. Не керек, әрбір сөйлеушілермен кездесіп түсініктеме жұмысын жүргізуге тура келді. (Қазіргі демократия ол кезде жоқ. Сөйлеушілер тізімі алдын-ала жасалынып, ол не сөйлейді, қандай сұрақ қойылу керек деген мәселелер алдын-ала дайындалып қоятын және ол барлық деңгейдегі форумда орын алатын). Селолық кеңес сессиясы да шаруашылық Иса Байзақов есімімен аталынсын деген шешім қабылдап, халқымызды қуанышқа бөлеп тастады.

Алайда, басталған іс осымен де тоқталмады. Көтерілген мәселе шешімін совхоз территориясында орналасқан елді мекендер тұрғындары өкілдерінің конференциясында талқылап, қабылдануы керек болды.

Оны дайындау бұрынғыдан да күрделілеу болды. Алдымен Қалкен ағамыз екеуіміз совхоз бөлімшелерін аралап, конференцияға делегаттар сайлауын ұйымдастырдық. Бөлімше меңгерушілері мен белсенділерін, ауыл ақсақалдарын жинап, ақылдасып селолық жиындарда конференцияға делегаттар сайланды. Ендігі шешілу керек дүние – кім сөйлейді? Әрине тағы да әр ұлт өкілдері сөйлеу керек. Бауырлас ұлт өкілдері «Исаны білмеймін, қалай сөйлеймін», - деп шыға келеді. Совхоздың білдей бір парторгы мен жергілікті биліктің – селолық кеңес атқару комитетінің төрағасы келіп, ұсыныс жасап тұрғанда шегінетін жер де аздау болады ғой. Мысалы, бірыңғай украиндық азаматтар тұратын екінші бөлімшенің (ежелден қазақтар ол жерді «Шұбарат» деп атаған) егін бригадирі Михаил Хорошунмен Қалкен Исабеков арасында болған әңгіме:

- Михаил сен сөйлесең қайтеді?

- Мен Иса туралы ешнәрсе білмеймін, қалай сөйлеймін.

- Сен Ермекке сенесің бе?

- Сенемін.

- Сенсең, Ермек саған сөйлейтін материал дайындап береді. Сен оны оқып, жаттығып алып, сөйлейсің. Келістік пе?

- Келістік.

Осылай күнде кешқұрым совхоз орталығынан жиырма шақырым жердегі «Шұбаратқа» Қалкен ағамыз екеуіміз барып, Михаилге «жаттығу» жасатамыз. Басқа сөйлеушілермен де осындай «жұмыс» жүргізілді.

Конференция болатын күні ертемен совхозға аудан басшысы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Б.Рамазанов келді. Бірден конференция өту тәртібімен танысты. «Конференцияны кім сөйлеп, ашады?», - деген хатшының сұрағына совхоз директоры А.Карпенко бірден: «Мен ашпаймын» - деп шыға келді.

Жай жүргендегі «таптық бауыр», Иса ағамызға, елдің өткеніне келгенде «арадан қыл өтпейтін тату едік» деген жағдайлар жайына қалып ашық қарсы шығып, кеңестік саясаттың түп-тамыры басқа екендігін ұғындыруға тырысқандар да табылды. Сол пікіршілердің басында шаруашылықтың басшылары бар екенін білген аудан басшысы: «Жиналысты сен басқарасың» - деп зілдене сөйлеп, тапсырған соң конференцияны совхоз директоры А.Карпенко «батырға да жан керек» дегендей бірден өзгеріп, жайраңдап, шешен сөйлеп бастап жіберді.

Ойламаған ыңғайсыз жағдай туындап қалмасын деген мақсатпен, өзімізге сенімді деген жігіттерімізді конференция өтетін залға шахмат тәртібімен отырғызып қойдық. Жігіттерімізге «біреулер кедергі жасау мақсатында әрекет жасаса, тоқтату керектігін» тапсырып қойдық. Сақтанғанымыз зая кеткен жоқ. А.Матуш деген жұмысшы бұзықтық көрсетіп – «бізге Исаның керегі не?», - деп дауыс көтермесі бар ма!? Қыпшақ Какенов деген азаматымыз дауыс көтере, отырысты болдырмауға тырысқандығы лезде тыныштандырды.

Конференция өтер кезде елде кезекті бір Айт мерекесі жүріп жатқан-ды. Осыған орай Қалкен Исабекұлы: «Ермек сенің аппаратыңда қызмет атқаратын, егде жасқа келіп қалған азаматтарың – Кездікбай Нұрпейісов, Самар Бабашайықов айтшылай бермей, айттап жүрген ақсақалдар мен бәйбішелерді конференция мәжілісіне шақыртпай-ақ алып келсін. Соны ол азаматтарға ескертіп айт» - деп айтқан болатын. Отырыс жартысынан ауды-ау дегенде конференция залына елу-алпыс ақсақалдар мен бәйбішелер сау етіп кіріп келмесі бар емес пе! Залда ине шаншар орын болмай қалды. Аудан басшысы Б.Рамазанов ризашылықпен езу тартып, бір жымиып қойды.

Конференцияда баяндаманы журналист-жазушы Мүбәрак Жаманбалинов жасады. Жарыссөздерде Исаны көрген қария ақсақалдар – Қаңғыр Шамкенов, Насыр Қаржасов, Әлихан Шайкенов, егін бригадирі Михаил Хорошун, ақынның туысы, Иса Байзақов атындағы мектеп мұғалімі Күлаш Абиева, сол мектептің мұғалімі Полина Гольцер сөз сөйледі.

Конференция «Беловод» совхозын жерлесіміз, суырып салма ақын, композитор Иса Байзақовтың есімімен атау туралы түпкілікті шешім қабылдады.

Ақ түйенің қарны жарылып, халқымыз басталған істің оң нәтижемен аяқталғанына мәз болып шығып жатса, Михаил Хоршунды көріп қалған бас инженер А.Денисенко: «О, Михаил, оказывается я не знал, что ты прекрасно знаешь Ису Байзакова. Посмотрим как ты покажешь себя на производстве» дегенін естіп қалып, әдейі: «Алексей Захарович, бұныңыз демократияға көрсеткен қысастық қой» - дегенімде ол қызараңдап «жәй, әншейінгі әзіл ғой» - деп ары қарай жүріп кетті.

Бүгінгі күні бүкіл Қазақстанға аты әйгілі суырып салма ақын, композитор Иса Байзақовтың 110 жылдық мерейтойы аталып өтіп отыр. Рухани берері мол, жастарымызға тәрбиелік мәні зор шара екендігінде күмән жоқ. Елімізде осындай той тойға ұлассын. Әлі де шешімін таба алмай жүрген мәселелеріміз толыққанды шешімін таба білсін.

 

Ермек ЖҰМАТОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қыркүйек 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29