Халыққа сапалы қызмет көрсетуді емес, қалтасының қамын ойлайтын шенеуніктер бірден жұмыстарынан босатылуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия отырысында мәлімдеді.
Мәжіліс барысында аймақ басшысы облысымыздағы түрлі дәрежедегі мемлекеттік құрылымдар арасындағы орын алған жемқорлық көрсеткіштеріне тоқталды. Шыны керек, аса көңіл көншітерліктей емес. Жыл басынан бергі өткен мерзім ішінде облысымызда мемлекеттік қызметкерлерге қатысты жемқорлық тәртіп бұзушылық бойынша 166 факті тіркелген. Оның ішінде 54 факті бойынша қылмыстық іс қозғалыпты. 44 адам әкімшілік жазаға тартылса, 68 лауазым иесіне қатысты тәртіптік жаза қолданылған. Бұл ретте жемқорлық жайлаған салалардың қатарында аймағымыздың білім беру, құқық қорғау органдарының мысы басым. Облысымыздың қалалары арасында Екібастұз, ал аудандар қатарында Лебяжі мен Успенка көш бастап тұр. Дегенмен өткен жылғымен салыстырғанда биыл мемлекеттік орган қызметкерлері арасында жемқорлық көрсеткіштерінің азайғандығы байқалып отыр. Алайда бұл тоқмейілсуге себеп бола алмайды.
Алқалы жиын барысында жемқорлықпен күрес және оның алдын алу бойынша нендей шаралардың атқарылып жатқандығы жөнінде Кашыр, Успенка аудандарының әкімдері мен облысымыздың кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармалары басшыларының есебі тыңдалды. Бұл бағыттағы аталмыш атқарушы билік органдары мен құзырлы мекемелер қызметінде әлі де болсын жетілдіруді қажет ететін тұстардың бар екендігі анықталды. Әсіресе жергілікті жерлердегі мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына наразы тұрғындардың шағымдарын қарастыруда кемшіліктер кетіп жатқан көрінеді. Сондықтан болар, аудандарда «еститін құлақ» табылмағаннан кейін жұртшылық шағымдарын тікелей облыс әкіміне жолдайды. Мысалы, аймақ басшысының ғаламтордағы жеке электронды блогына Қашыр ауданының білім беру саласына қатысты шағымдар көптеп келіп түскен. Облыс әкімі бұл бағыттарға баса мән беруді тапсырды. Онымен қоса, аудандардағы сенім телефондарының жұмысын бір жүйеге келтіріп, реттеу қажет, деп атап өтті Бақытжан Әбдірұлы.
Жемқорлыққа жол берген мемлекеттік қызметкерлерге тәртіптік жазаны мейлінше қатайта түсуіміз керек. Оларға аяушылық танытып, бастарынан сипап қоя беруді тоқтатқан жөн. Бұлай жемқорлықты ауыздықтау мүмкін емес. Мысалы, биыл заңның ала жібін аттап, ісі облыстық тәртіптік кеңестің талқысына түскен шенеуніктердің тек бірен-сараны ғана қызметінен босатылған. Ал басым көпшілігі ескертумен құтылып жатқан көрінеді. «Өздеріңізге белгілі, Үкіметке ұсынылған Елбасы жарлығының жобасына сәйкес 2011 жылы еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің санын 15 пайызға қысқарту мәселесі сөз болуда. Сондықтан бұл тізімге ең біріншіден тәртіптік жазаға тартылғандар енуі тиіс. Біз өз қызметіне адал қызметкерлерден айырылып қалмас үшін қалтасының қамын ойлайтындардан құтылуымыз қажет», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

