Аймақ басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен болып қайтқан аудандар әкімдерінің есеп беру жиыны жалғасуда. Осы аптада Павлодар ауданының әкімі Төлеген Бәстеновтің есебі тыңдалды. Ол өзі басшылық етіп отырған өңірдің даму мүмкіндіктері мен мәселелеріне тоқталды. Аталмыш ауданның бір артықшылығы - оның облыс орталығына жақын орналасқандығы. Алайда бұл жайт бірқатар бағыттар бойынша өзінің кері әсерін де тигізіп отырған көрінеді.
Аудан әкімі ақпарын бірден өзекті мәселелерден бастады. Ауылшаруашылығы саласында жұмыс істейтін техниканың 70 пайызы ескірген. Аталмыш өңірдің аймақ жұртшылығын көкөніс, картоппен қамтамасыз етуші негізгі аудан екендігін ескерсек, бұл жағдайдың шаруашылықтар дамуына үлкен кедергі келтіріп отырғандығын түсіну қиын емес. Онымен қоса, облысымызда және еліміздің басқа да аймақтарында аты аталған өнім түрлеріне деген сұраныстың артуы салдарынан Заңғар, Кеңес шаруашылық қожалықтарындағы егістік алқаптарын суару жүйесін қалпына келтіру қажет. Ол өз кезегінде өндірілетін өнімнің көлемі мен сапасын арттыруға көмектеседі. Бұл мәселені жергілікті кәсіпкерлер санатынан инвестор тарту арқылы шешу көзделіп отыр. Аудан басшысы облыс орталығында муниципалды базар салуға ниетті екендіктерін де білдірді. Осы арқылы ірі тауар өндірушілер өз өнімдерін тікелей Павлодар қаласына жеткізіп, сата алады. Бұл өз кезегінде көкөніске деген нарықтық бағаны біршама арзандатуға да өз септігін тигізер еді, дейді Т.Бәстенов. Бірақ қажетті жер учаскесін бөлу мәселесі шешілмей жатқан көрінеді. Алайда бұл ұсыныс қолдау таппады. Жаңа базар салу шығынды көп қажет ететіндігін атап өткен аймақ басшысы қаланың әрбір бөліктерінен шағын сауда алаңшасына орын бөлінетіндігін жеткізді. Аудан шаруалары өз өнімдерін жүк көліктерімен әкеліп, сол жерлерден-ақ саудалай алады. Бұл қаржы жағынан да аса тиімді.
Биыл ауданда ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдейтін 12 нысан ашылған. Жыл соңына дейін тағы бірқатары пайдалануға берілмек. Алайда қазір жұмыс істеп жатқан аталмыш нысандардың жабдықталуы нашар деңгейде. Ал шағын кәсіпкерлік ашқан шаруалар техникаларын жаңарту үшін несие ала алмай отыр. Себебі екінші деңгейлі банктер кепілдікке тек қалалық жерде орналасқан жылжымайтын мүлікті қабылдайды. Соның салдарынан кәсіпкерлер ауыл шаруашылығын қолдау қорының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Бірақ одан алынатын қаржы жеткіліксіз. Өйткені аталмыш қор небарі 400 мың теңгеге дейін ғана несие бере алады.
Красноармейка ауылының тұрғындары ауыз су тапшылығы мәселесін бастан кешіруде. Сондықтан аталмыш елді мекенге жаңа су ұңғымасын жүргізу қажет. Т.Бастенов бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 30 миллион теңге қаржы бөлуді сұрады. Мұндай мәселе Розовка ауылында да бар. Ондағы ұңғыманы қалпына келтіру жұмыстары алдағы жылдарға жоспарланған.
Аудан ішіндегі жолдардың жағдайы көңіл көншітерліктей емес. Аудандық бюджеттен бөлінетін қаражат тек ағымдық жөндеу жұмыстарына ғана жетеді екен. Сондықтан бұл мәселе де облыс қазынасының көмегінсіз шешілмейді. Ауданда өрт сөндіру техникасы да жеткіліксіз.
Білім беру саласында да шешімін күткен мәселелер көп. Үстіміздегі жылы ауданда жеті шағын орталық ашылған. Балабақшаларда қосымша топтар жұмысын бастапты. Соның нәтижесінде бүлдіршіндердің 70 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылып отыр. Онымен қоса, жыл соңына дейін жаңадан тағы үш балабақша қолданысқа берілмек. Жетекші, Маралды, Сычевка, Бірлік, Черноярка ауылдық округтеріне республикалық, облыстық бюджет есебінен жаңа мектептер салу қажеттілігі туындап отыр. Себебі бұлардағы білім ордалары әбден ескірген. Сондай-ақ оқушылар саны да артып келе жатыр.
Ямышев ауылында орналасқан спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Заозерное, Айқын, Мичурин ауылдарында мәдениет үйі жоқ.
Мәжіліс барысында облыс әкімі Б.Сағынтаевтың Павлодар ауданына жұмыс сапары кезінде анықталған түрлі мәселелер бойынша берген тапсырмаларының орындалу деңгейіне қатысты аудан басшысына сын-ескертпе айтылды. Мысалы, бұдан біраз бұрын аймақ басшысы Черноярка ауылында болғанда мәдениет үйін ашу үшін жеке меншік қолда тұрған ғимаратты сатып алу қажет екендігі туралы өтініш айтылған болатын. Аудан басшылығы аталмыш ғимаратты сатып алуға тиісті қаражат берілсе онда жыл соңына дейін өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жасауға уәде берген. Нәтижесінде көп ұзамай өтініш ескеріліп, бұл мақсатқа облыс қазынасынан 29 миллион теңге бөлінген. Бірақ аудан әкімінің уәдесі жолда қалды. Нысанда әлі ешбір жұмыс басталмапты. «Сіздердің бұлай уақытты созбақтап жүретіндеріңізді білсек, миллиондаған қаржыны басқа мақсаттарға жұмсайтын едік. Қазір аймағымызда жедел шешімін күтіп отырған мәселелер баршылық», - деді облыс әкімі. Сондай-ақ аймақ басшысы егер ғимарат сатып алынғаннан кейін жөндеу жұмыстары дереу басталмаса, онда аталмыш мақсатқа бөлінген 29 миллион теңгені ауданға берілетін трансферттен ұстап қаламыз деп қатаң ескертті.
Аудан облыс орталығына жақын орналасқан. Бұл экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан өте қолайлы. Мал шаруашылығы, көкөніс өсіру саласы жақсы дамыған. Бірақ әлі де болсын қолда бар мүмкіндіктер өз деңгейінде пайдаланылмай келеді. Игерілусіз жатқан егістік алқаптары баршылық. Бидай өнімін өсіру дамымаған. Мысалы, көкөніс сақтайтын талапқа сай қоймалар жоқ. Шағын шаруашылықтардың агротехникалық жабдықталуы нашар. Сондай-ақ картоп пен көкөніс өнімдерін қайта өңдеу дамымаған.
Енді Павлодар ауданы әкімдігі мен тиісті облыстық басқармалар алдында жоғарыда аталған мәселелерді оңтайлы шешу бойынша жұмыс жоспарын жасап шығару міндеті тұр. Шараға қатысқан облысымыздың түрлі департамент, басқарма басшылары өз салалары бойынша ауданға нақты қандай көмек көрсете алатындығы туралы ұсыныстарын білдірді. Бұл ретте, аймақ басшысы тек ұсыныспен шектеліп қалмай, нақты шараларға көшу қажет екендігін ескертті.
Мәжіліс барысында ауданның Павлодар қаласына жақын орналасуы өзінің кері әсерін де тигізіп жатқандығы сөз болды. Мысалы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзековтың айтуына қарағанда, ауданда алкоголь, есірткіге әуестік көрсеткіштері еселеп ұлғайып келеді. Жалпы, тұрғындардың денсаулығы алаңдаушылық тудыратындай жағдайда.
Шара соңында облыс әкімі Б.Сағынтаев қолда бар барлық мүмкіндікті дұрыс пайдалануды тапсырды. Және аудан басшылығына әлеуметтік, экономикалық даму көрсеткіштері бойынша Қазақстандағы үздіктер қатарында болуы қажет екендігін атап өтті.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

