«Қазақстан» ұлттық телеарнасының қолдауымен елімізде 3-10 жасқа дейінгі жеткіншектерге арналған «Балапан» деп аталатын жаңа телеарна ашылды. Еліміз бойынша тұңғыш рет тұсауы кесіліп отырған телеарна тек қана қазақ тілінде қызмет көрсетеді. Эфирге шыққанына төрт-бес күн ғана болған аталмыш арнаны бүгінде «Алма ТВ» кабелдік телекомпаниясының желісіне қосылған облыс тұрғындары жаппай тамашалауда.
Телеарнаның эфирдегі уақыты таңертеңгі сағат 10.00-ден кешкі онға дейінгі аралықты қамтиды. Осы аралықта эфирден бүлдіршіндердің қызығушылығын оятатын «Алақай-балақай», «Кел, ойнайық», «Ән салайық!», «Әліппе», «Еркетай», «Шеберхана», «Айгөлек» сынды түрлі тақырыптарды қамтыған бағдарламалар ұсынылады. Сонымен қатар әлемдік ең үздік балалар кинолары мен мультфильмдер де қазақ тіліне аударылып, кішкентай көрермендер көңілін аулайтын болады.
Қазақстандық балғындар үшін қанат қаққан «Балапан» телеарнасының басты мақсаты-өсіп келе жатқан жас буынды адамгершілікке баулып, өз ана тілін жетік меңгеріп, туған елін, халқын құрметтеу арқылы олардың патриоттық сезімдерін қалыптастыру. Сондықтан да елдегі ұлтжанды азаматтардың жұмыла жұмыс жасауының арқасында ашылып отырған телеарнаның алдына қойған мақсаттары зор, міндеттері мол. Ендеше, балғындар игілігі үшін он екі сағат бойы үздіксіз қызмет көрсететін жаңа арнадан жанымызға рухани ләззат алып, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақ бойына ұялата білейік!
Н.АҚЫТЕГІ.

