БАСҚАРМАЛАР ЖҰМЫСЫНДА ҮЙЛЕСІМДІЛІК ЖОҚ

Нашақорлық шырмауына іліккендер үшін қалыпты өмірге қайта аяқ басу қиын. Аймағымызда оларға мүмкіндігінше медициналық көмек көрсетілгенімен, әлеуметтік оңалту жағы ақсаңдап тұрған көрінеді. Яғни есірткіге тәуелді жандарды еңбекпен оңалту мәселесі өзекті тұр. Мамандар бұл тиісті мемлекеттік органдардың қызметіндегі үйлесімнің жоқтығымен түсіндіріп отыр. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Әлия Ғалымованың төрағалығымен өткен нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес комиссиясының отырысында сөз болды.

     Жалпы денсаулық сақтау мекемелерінде тіркеуде тұрған есірткіге тәуелді әрбір жан медициналық-әлеуметтік оңалтудан өтуі тиіс. Мұнда олар тек медициналық көмек алып қана қоймай, қоғамдық, отбасылық өмірге қайта оралу мүмкіндігіне ие болады. Осы мақсатта облысымызда тәуелділік сырқаттарының алдын алу, оларды емдеу бойынша орталық, наркологиялық диспанер, қалалар мен аудандардың емханаларында арнайы кабинеттер жұмыс істейді.
     Үстіміздегі жылдың сегіз айы ішінде аймағымыз бойынша есірткіге тәуелді 125 адам жоғарыда аталған мекемелерден ем қабылдап шыққан. Алайда медициналық-әлеуметтік оңалту бойынша соңғы үш жылдағы көрсеткіштерді саралап қарайтын болсақ, емделіп шыққандардың саны кеміп отырғандығын байқауға болады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзековтің айтуына қарағанда, бұл стационарлық көмек көрсетуге деген мемлекеттік тапсырыстың азайғандығының салдары екен. Жалпы, 2007 жылдан бері есірткіге тәуелділіктен арылған 944 адам наркологиялық есептен алынған.
     Мәселе мұнымен аяқталмайды. Денсаулық сақтау органдарына қарасты тиісті мекемелерде медициналық, психологиялық көмек алып шыққан жандар әлеуметтік қолдауға зәру болып келеді. «Бірақ, өкінішке қарай, аймағымызда аталмыш әлеуметтік оңалту көмек көрсету ісі кенже қалып келеді. Себебі есірткі шырмауына іліккендерді жұмыспен қамту мәселелерінде облысымыздың еңбекпен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен сабақтастық жоқ», - дейді А.Күзеков. Ойлап қарасақ, кей жағдайларда барлық мәселелерді шешуді тек мемлекеттік органдардың мойнына артып қойған дұрыс емес сияқты. Себебі қай мекеменің болмасын мүмкіндігі шектеусіз емес. «Сондықтан жоғарыда аталған мәселені шешуге арнайы мемлекеттік тапсырыс жасау арқылы азаматтық қоғамды, яғни үкіметтік емес ұйымдарды мүмкіндігінше жұмылдыру қажет», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Ә.Ғалымова.
     Жалпы бір ғана жайт қуантады. Аймағымызда есірткіге тәуелді жандардың саны сәл де болсын жыл санап төмендеп келеді. Дегенмен бұл тоқмейілсуге себеп бола алмайды. Себебі республикамыздың басқа өңірлерімен салыстырып қарайтын болсақ облысымыздың бұл тұрғыдағы көрсеткіші әлі де болсын көңіл көншітерліктей емес. Алайда оның да өз себебі бар. Нашақорлықтың алдын алумен, емдеумен айналысатын тиісті мекемелердің материалдық жабдықталуы нашар. Қаражат аз бөлінеді. Бұл - тек біздің аймағымызға ғана емес, республикаға тән мәселе. Онымен қоса, елімізде нашақорлық құрығына іліккен жандарды анықтау көрсеткіші төмен. Себебі есірткіге тәуелді жандардың нақты санын білу үшін ресми анықталған көрсеткішті бірнеше есеге көбейту қажет, дейді мамандар.
     Нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күреске арналған бағдарламаның орындалу барысы жөнінде Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары әкімдерінің орынбасарлары есеп берді. Олардың баяндамаларына сүйенсек бүгінде жоғарыда аталған бағыттар бойынша жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілуде. Ешқандай мәселелер жоқ көрінеді. Сенгің-ақ келеді. Бірақ шын мәнінде ешқандай мәселе болмаса онда облысымыз неліктен есірткіге тәуелді жандар көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы қатарда деген заңды сауал туындайды. Онда барлығын керемет, жылтырақ қылып көрсетудің не керегі бар? Мұндай қарқынмен, көзалдаушылықпен біз қаншалықты алысқа барамыз? Комиссия мүшелері осыны баса айтты.


Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31