«ӘЛЕМ БІРІНШІЛІГІНДЕ БАҒЫМДЫ СЫНАҒЫМ КЕЛЕДІ»

63 жастағы спорт ардагері В.Ухов осылай дейді

Жасы алпыстан асып, жетпіске қарай қадам басса да, осы ақсақалдың қимылы ширақ, өзін жас жігіттей сезінеді. Сонау елуінші жылдары, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде Қазақстанға отбасындағы ересектермен бірге ат басын тіреген ол өзін қазақстандықпын, еліме күш-жігерім жеткенше адал қызмет ете беремін, деп ағынан жарыла сөйлейді.

Валентин Григорьевич бала кезінен спортқа үйір болыпты. «Алғашқы ұстазым – Лұғат Өтешев!» деп мақтанышпен айтады. Ол алпысыншы жылдардың басында еркін күреспен шұғылданып, еліміздің танымал бапкерінен спорттың қиын сырларын

жалықпай үйренген. Келе-келе балуандықты ауыр атлетикамен, кір көтеру спорт түрлерімен ұштастырған. Содан бері ондаған жылдар өтсе де, ол спорттан қол үзбей, күні бүгінге дейін ардагерлер арасындағы жарыстардан қалмай келе жатқанын айту - үлкен ғанибет.

Ол әсіресе Президенттік көпсайыстан тамаша көрсеткіштерге ие болуда. Осыдан екі жыл бұрын ардагерлер арасындағы Қазақстан спартакиадасында Президенттік көпсайыстың жүлдегері атанды және спорттық бабында екенін аңғартқандай.

-Президенттік көпсайыс – менің сүйікті спорт түрім, - дейді Валентин Григорьевич. Өйткені бұл спорт түрі адамның жан-жақты дамып, шынығуына мүмкіндік береді. Көпсайыста спортшы қашықтыққа жүгіріп, бір-бірімен жарысады. Енді бір сәтте суда жүзіп, жүлделі орын үшін күреседі. Көпсайысшы мылтықпен нысана көздейді, басқа да спорттық сайыстарға қатысып, сыннан сүрінбей өту үшін көп жаттығады.

Сөйтіп, Валентин Григорьевич өзінің дене шынықтырып, спортпен айналысуымен кейінгі толқын жас ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге көрсетіп жүргенін айтқан жөн. Жасы келсе де «жарыс, қайдасың?» деп белсенділік көрсетіп жүрген ардагерді көріп, жас байланысшылар да жарыс жолдарына шығып, әртүрлі шеберлік сайыстарына қатысушылар қатарынан көрінуде.

Ең алдымен спорттың бұқаралығына қол жеткізу керек. Басқаша айтқанда, ұжымның тайлы-таяғы қалмай, жаттығуы, жарысуы қажет, дейді ол. Осы тұрғыдан алғанда ол қызмет ететін «Қазақтелекомның» Павлодар облыстық филиалында жағдай жасалған. Байланысшылар АТС-55-те жасалған спорт залда спортпен шұғылданады. Сонымен бірге қаланың спорт ғимараттарынан, алаңдарынан, фитнес-орталықтар мен секциялардан оларды жиі көруге болады. Денсаулық топтары аптасына екі рет «Толқын» спорттық-сауықтыру орталығында жаттығады. Қалалық және аудандық телекоммуникация тораптары спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, спортпен шұғылдануға орындар бөлінген. Кәсіпорын кәсіподақ комитетіне қаржы бөледі. Бұл қаржы құралдар алуға, спорт ғимараттарын жалдауға жұмсалады.

В.Г.Ухов айтқандай, кәсіпорында волейбол, жүзу, стол теннисі, шахмат және Президенттік көпсайыс сияқты спорт түрлері кең тараған. Жүзу мен волейбол бойынша спорт залы бар бассейн жалға алынады. Жаздыгүні Ертіс өзенінің жағасында байланысшылар жағажай волейболын ойнап, жаттығатын көрінеді.

-Өзен жағасына біз отбасымызбен келуді дәстүрге айналдырдық, дейді В.Ухов. – Балаларымызбен, немерелерімізбен таза ауада ойнап, бой сергіткенге не жетсін! Күнге күйеміз, жүгіреміз, стритбол ойнаймыз. Ал көпсайысшыларымыз алдағы жарыстарына жағалауда дайындалады.

Қарт байланысшы әр мереке жарыспен өрнектелетінін сүйсіне айтты. Ол жас әріптестерімен бірге республиканың бұрынғы байланыс министрі, павлодарлық кәсіпорынды басқарған С.М.Байжановты қастерлеп еске алуға арналған шахмат жарысының дәстүрге айналғанын әңгімеледі. Сондай-ақ байланыс генерал-майоры Я.М.Давыденко атындағы қысқы көпсайыс, тағы басқа ардагерлерді еске алуға арналған волейбол, мылтықпен нысана көздеу жарыстары жыл сайын өтеді.

Ұйымдағы дене шынықтыру мен спорт жұмыстарына ұйытқы болып жүрген ардагер мына деректерді мақтанышпен жеткізді. Кәсіпорында 1730 адам еңбек етсе, спорттық-бұқаралық шаралармен 600-ден астам адам қамтылған. Олардың 170-ке жуығы  дене шынықтыру мен спортпен тұрақты айналысады.

Спорт түрлерінің ішінде Президенттік көпсайысты ерекше ұнататын ол өзінің соңына жастарды ерте біліпті. Мәселен, кәсіпорында қысқы және жазғы Президенттік көпсайыс жылда өткізіледі. Оған алпыстан астам адам қатысып, жүлделі орындарды сарапқа салады. Осы шеберлік бәсекесінің нәтижелерін ескере отырып, байланыс саласы бойынша өткізілетін спартакиадаға қатысатын команда құрылады. Әрдайым жақсы дайындықпен келетін павлодарлықтар тұрақты түрде жүлделі болуда. Мәселен, былтыр құрамында инженерлер Галина Дмитриева, Талғат Валиев, электромонтер Константин Коломников, оператор Светлана Герасименко бар командамыз екінші орынға ие болды. Жекелей есепте Галина Дмитриева чемпион атанды, ал Константин Коломников күміс жүлдені қанжығасына байлады.

Ардагер әріптестері сенімді ақтап отырғанын жеткізді. Мысалы, электромеханик Дмитрий Радчук 2009 жылы Үндістанда Азияның пауэрлифтинг бойынша күміс медаліне ие болды. Ерсайын Сағымбаев, Руслан Қабылдин, Жұматай Абраев, Людмила Лавренчук сияқты ардагер спортшылар мылтықпен нысана көздеуде, жеңіл атлетикада, кросста чемпиондық және жүлдегерлік атақтарды жеңіп алды.

Валентин Григорьевич отбасымен салауатты өмір салтын орнықтыруда сәтті қадамдар жасап жүргенін айтты. Соның бір көрінісі – Ольга деген немересі ауыр атлетикамен шұғылданады.

Атақты олимпиадалық чемпион, ауыр атлет Юрий Власовты піріндей санайтын ол қазірде де 24 және 32 килограмдық кірлерді «ұршықша үйіреді», салмақты штанганы да қиналмай көтереді.

-Ардагер арасында ауыр атлетикадан әлем біріншіліктері өтетіні белгілі. Оған қатысу, жүлделі орындар үшін күресу қолымнан келе ме, деп өзіме-өзім сұрақ қойып, мүмкіндігімді салмақтап көргенім рас. Түйгенім - әлем біріншілігіне қатысуға дайынмын. Қаражаттың реті табылса, күш сынасып, бағымды сынағым келеді, дейді Валентин Григорьевич.

Ол елімізде Елбасымыз бас болып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, денсаулық кепілі – дене шынықтыруды өрістетуге жұмыла кірісіп отырғанына қуанатынын білдірді. «Президент Жолдауындағы 2020 жылы қазақстандықтардың отыз пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануға тиіс деген тапсырма көңілімнен шықты. Ынта болса, ұйымшылдық көрсетсе, бұл тапсырма абыроймен орындалады», - дейді ардагер тебірене сөйлеп.

 

Өскенбай  ТАСТЕМХАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31