Үстіміздегі жылдың 29 қыркүйегінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының аймақтық филиалында «Спорт пен туризмді дамыту – мемлекеттің мақсат-міндеттері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Қазақстан спорт Одағы» заңды тұлғалар бірлестігі және «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы ұйымдастырды.
Дөңгелек үстелге облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт, денсаулық сақтау, білім беру басқармаларының және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, шараға облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары да белсене араласты. Шара барысында бұқаралық спортты дамыту мен спорттық нысандарының сапасы мен санын арттыру сөз болды.
«Қазақстан спорт Одағы» заңды тұлғалар бірлестігі атқарушы дирекциясының төрағасы Ерлан Жанғұлов еліміздегі спорт саласын екі миллиондай ғана халқы бар Словения мемлекетімен салыстырды. «Словенияда тұратын халықтың 50 пайызы спортпен толыққанды айналысып тұрады. Сол себепті олардың хоккей, футбол, теннис және тағы да басқа спорт түрлері ілгері дамыған. Словенияда Павлодар секілді кішкентай ғана қалада 500-ге тарта спорт орталықтары жұмыс істейді. Ал Павлодар облысы қаласы бойынша спорт орталықтарының саны 30-ға жетер-жетпес. Сол себепті алдымен спорт нысандарын көптеп салу қажет. Сонда ғана тұрғындардың басым көпшілігі бұқаралық спортқа тартылады»,- деді өз сөзінде. Ал Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері Виктор Кольев оқушы балалардың дене шынықтырумен айналысуын қадағалауды ұсынды. «Қазіргі таңда мектептердегі дене шынықтыру пәніне қатысатын оқушылар саны өте аз. Балалардың көбі денсаулығым жарамайды деген анықтама алады. Мұндайға жол бермеуіміз керек. Сондай-ақ, оқушылар мемлекетаралық бақылау, ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде дене шынықтыру пәнінен қысқартылады немесе сағат санын азайтады. Жалпы, дені сау ұрпақ өсіреміз десек, мектеп қабырғасындағы спортқа көңіл бөлуіміз қажет»,- деді өз сөзінде. Бұл ретте Павлодар облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Гүлжан Қадырбаева оқушылар министрлік бекіткен бағдарлама бойынша оқиды, мұғалімдер де сол тәртіп бойынша жұмыс жасайды. «Оқушы мемлекетаралық бақылау, ұлттық бірыңғай тестілеу сияқты жұмыстарды міндетті түрде тапсыруы қажет»,- деп жауап берді Т.Кольевтің көтерген мәселесіне. Өз сөзінде спорт ардагері В.Кольев: «Осыдан 30-40 жыл бұрын халықтың басым бөлігі спортпен шұғылданатын. Ал қазір аруханаға барсаң жататын орын таба алмайсың және онда түсіп жатқандардың көбі жастар екенін көргенде қатты қынжыласың. Егер спорт саласын жаңаша, тың қарқынмен дамытатын болсақ, мұңдай жағдайлар орын алмасына мен кәміл сенемін», - деді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының емдеу жұмысы жөніндегі бірінші орынбасары Дәулетбек Мусин жастардың көбі спортқа емес, тыйым салынған темекі, есірткі секілді заттарды пайдалануға әуестігін алға тартты. Оның айтуынша тыйым салынған заттарға қатаң түрде шектеу қойып, спортпен шұғылдануға арналған орталықтарды көп ашу керек. Дөңгелек үстел барысында Павлодар облыстық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасының бастығы А.Шнейдмюллер аймағымыздың спорт саласы бойынша жеткен жетістіктерімен таныстырса, жастар бірлестігінің өкілдері еліміздегі спорт саласын дамыту үшін аянбайтындарын жеткізді.
Жиын барысында қолжетімді спорттық инфрақұрылымды дамыту, Елбасының «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген спорт пен туризмді дамытуға қатысты мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқару, жоғары білікті мамандарды даярлау және спортшыларды даярлау үшін жағдай жасау, аула клубтарының қызметін жаңғырту, мектептер мен спорт үйірмелерін құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету секілді мәселелер қаралды. Сондай-ақ, шараға қатысқандар спорт саласының өкілдері өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Фархат ӘМІРЕНОВ.

