БАЯНАУЫЛДА БИЗНЕС ПЕН ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА МҮМКІНДІК ЖОҚ ПА?

Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен мәжілісте Баянауыл ауданының алдағы үш жылдағы даму мүмкіндіктері мен мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды. Негізгі баяндаманы аталмыш аудан әкімі Ернұр Айткенов жасады.

 

Баянауыл ауданы – ежелден мал шаруашылығымен танылған өңір. Бұл бағытты келешекте де одан әрі дамыту көзделеді. Атап айтқанда, қазірде «МТС Жайма» секілді бірқатар шаруашылықтарда мал өнімділігін көтеру бойынша жұмыстар қолға алынып отыр. Мал бордақылау орталығымен бірге қасапханалар ашу жоспарланған. Қаратомар ауылында құны 570 млн. теңге тұратын, вакуумделген әдіспен өнім шығаратын ет өңдеу кешені салынуда. 2011 жылдан бастап баянауылдық шаруалар жылына 15 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алатын болады. Бүгінде ауданның жолдарын жөндеумен қатар, коммуналдық шаруашылық жүйелерін де қалпына келтіру үшін жоба-жоспарлар әзірленіп қойған. Е.Айткеновтің айтуынша, келесі жылы Жасыбай жағасына жеткізетін кіре-беріс жолды жөндеу белгіленген. Әлеуметтік қорғау мәселесі де ұмыт қалмайды, үш жылда жалпы саны 1830 жұмыс орны құрылады деп есептелген. Әрине, мәселелер де жоқ емес. Білім беру мекемелерінде қолданылатын компьютерлер бүгінде талапқа сай емес, ескірген. Орталық кітапхана мен ауылдағы рухани ошақтардың арасында да байланыс әлсіз. Бір сөзбен айтқанда, алда шешілуге тиіс мәселелер жеткілікті.

Баянауыл әкімінің есебі облыс басшысының көңілінен шықпайтынын мәлімдеді. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, бағдарламада шағын бизнесті өркендету жөнінде жарытымды ештеңе айтылмаған. Үш жылда ауданда бір дүкен, бір жанар-жағармай бекеті, наубайхана, монша тәрізді бас-аяғы сегіз нысан ашу жоспарланып отырса, қалайша 1830 жұмыс орны құрылады? Аудан әкімі ет өңдеу комбинаты секілді тағы бірнеше қосымша нысандарды санамалай бастап еді, облыс әкімі ондай есептің берекесі жоқ екенін кесіп айтты. Майқайың кентіндегі ірі өнеркәсіп орнын кеңейту, оларда қосымша жұмыс орнын ашу секілді істер де белгіленбеген. Бағдарламада табиғаты көркем Баян жерінде туризм саласын алға бастыратындай ешқандай шаралар да ойластырылмаған. Аймақ басшысы Баянауыл ауданын даму мүмкіндіктері туралы бағдарламаның жан-жақты әрі терең деңгейде жасалмағанын сынға алды. Мұндай шикі бағдарлама ауданды кері тартпаса, алға сүйреуі екіталай.

Бұдан соң облыстың бірқатар басқарма басшылары Баянауыл ауданының салаларын дамыту жөнінде кесіп-пішкен ойларын ортаға салды. Облыс ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Б.Қасенов бүгінде Баянауыл ауданының облыс бойынша ең көп ірі қара мал өсіретін аудан бола тұра, ондағы асыл тұқымды түліктің үлесі төмен екенін атады. Қағаз жүзінде ауданда үш асыл тұқымды мал шаруашылығы бар деп көрсетілгенімен, соның бірі-Аймауытов шаруашылығы аты затына сай емес, сондықтан ол көп кешікпей мәртебесінен айырылатын болады.

Баянауыл ауданында ет өңдеу нысандары да некен-саяқ. Өңдеуді айтасыз, аудан орталығында ет пен сүт қабылдайтын кәсіпорын да жоқ. Шаруалар өндірілген еттің 60 пайыздан астамын іргедегі Қарағанды облысына жөнелтеді. Төрт түлік үшін қысы-жазы жайылымға қолайлы болса да Баянның жері егін салуға қолайсыз, топырағы - құнарсыз. Алайда Ақсан, Бірлік, Жуантөбе секілді ауылдарда қымыз өндірісін оң жолға қоюға болады. Құтыларға құйылып сатылса, ұлттық сусынға сұраныс мол. Сонымен бірге, баянауылдықтарға киіз басып, пима жасау секілді атадан қалған кәсіппен де айналысуға болады.

Облыс кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығы Қанат Шәбеновтің сөзіне қарағанда, ауылдықтар Павлодар-Қарағанды тас жолының бойында әртүрлі кәсіп түрін де аша алады. Сонымен бірге, Майқайың кентінде ірі өнеркәсіп орындары жұмыс істейді. Оларды қажетті жұмысшы киімі, төсек-орын секілді тауарлармен шағын бизнес өкілдері қамтамасыз ете алады. Жергілікті кәсіпкерлерден ұсыныс болмағандықтан ірі кәсіпорын жылына 2,5 млн. теңгенің қажет заттарын сырттан сатып алып келеді. Бұл жағдайды «Бизнестің Жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы шешуге мүмкіндік бар.

Жалпы алғанда, табиғатының өзі дертті жанға шипа болатын Баянауылда емдеу саласын алға бастыруға толық мүмкіндік бар. Бүгінде ана мен бала денсаулығы бойынша Баянауыл ауданы басқа аудандармен салыстырғанда оң көрсеткіштерге ие. Облыс денсаулық сақтау басқармасының бастығы А.Күзеков облыс әкімінің тапсырмасы бойынша осы жылдың 1 қарашасына дейін ауылдарда дәріханалар ашу жедел шаралар қолға алынғанын атады. Б.Сағынтаев бұл орайда басқарма мен жергілікті әкімдіктің бірлескен жұмысы әлдеқайда нәтижелі болатынын айтты. Сондықтан алдағы уақытта бұл тақырыпты аудан әкімдерінің орынбасарларын жеке шақыртып кеңес өткізетін болды.

Мәжіліс барысында Баянауыл ауданындағы жол жөндеуі, жұмыссыздықпен күрес, телефон байланысымен қамтамасыз ету секілді мәселелерді шешу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Кеңесті қорытындылай келе, Бақытжан Сағынтаев Баянауыл ауданы әкімінің ұсынған есебінде туризм, шағын бизнес, қайта өңдеу секілді маңызды салаларды дамытудың жолдары сарапталмағанын айтты. Халқы көп, сәйкесінше тұтынушылары да жетерлік ауданда кәсіпкерлік саласы алға баспауы мүмкін емес. Сол себепті аудан әкіміне даму жөніндегі бағдарламаны қайтадан қарап, одан әрі жетілдіру жүктелді.

 

Н.ЖАЙЫҚБАЕВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31