Бейсенбі күні аймағымызға ҚР Еңбек және тұрғындарды әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен келді. Лауазымды тұлғаны облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев қарсы алды. Астаналық мейман облыс орталығында биылғы «Жол картасына» іліккен бірқатар нысандарды аралап, жөндеу жұмыстарымен танысты.
Алдымен министр Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыкалы драма театрына ат басын тіреді. Бұл өнер ордасы ағымдағы жылы «Жол картасы» бойынша күрделі жөндеуден өтіп, көрермендер залы, сахна, сахналық құрал-жабдықтар адам танымастай жаңарды. Сонымен қатар төбесі жөнделіп, өрт сөндіру және бейнебақылау жүйелері ауыстырылды. Бұл мақсатқа бағдарлама аясында 217 842 мың теңге бөлінді, оның 173 606 мың теңгесі республикалық қазынадан қарастырылса, қалғаны облыстық бюджет есебінен бөлінген. Нәтижесінде 180 адам екі қолға бір күрек тапты. Қуантарлығы, олардың 77-і жұмыспен қамту органдары арқылы еңбекке тартылған. Жөндеу жұмыстарын жүргізуді жеңіп алған мердігер компания «Элит Строй Мастер-2005» ЖШС жүктелген міндетті мінсіз атқарып, тиісті келісімшартқа сәйкес өткен айдың соңында аяқтады. Бүгінде бөлінген қаржы толығымен игерілді. Яғни театрдағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, өнер ұжымы бір аптадан кейін жаңа маусымның шымылдығын ашуға дайындық үстінде. Аталмыш өнер шаңырағына жолы түскен кез келген адам мұндағы түбегейлі өзгерістерді байқамауы мүмкін емес, дейді театр қызметкерлері. Көрермендер залдың төбесінде жарқыраған, салмағы 12 тонна, құны 20 млн. теңге тұратын люстраның өзі көздің жауын алады. Орындықтар да арнайы театр залына лайықталған көрінеді. Олар көрші Ресей елінен арнайы тапсырыспен әкелініпті. Мұндай жаңа кейіпке енген театрды көрген министр жұмыстың нәтижесіне оң бағасын берді. Аймақ басшысы келесі жылы мұндай жөндеу жұмыстары А.Чехов атындағы орыс драма театрында өз жалғасын табатынын тілге тиек етті. Бұдан кейін Г.Әбдіқалықова «Жол картасы» бойынша Лермонтов-1 Мамыр көшелерінің қиылысындағы скверде, сондай-ақ Лермонтов көшесіндегі коллекторда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Сквердегі жұмыстар бірінші қарашаға дейін аяқталатын болады.
«Жол картасының» жемісін көріп жатқан нысандардың бірі – славян орталығы ғимараты. 1957 жылы негізі қаланған аталмыш ғимарат содан бері ешбір күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген. Ағаштан жасалған есік-терезелері шіріп, әбден тозығы жеткен. Міне, биыл сәтін салып, «Жол картасына» ілігіпті. Нәтижесінде шіріген есік-терезелер пластикалық түрге алмастырылып, канализация, электр, жылу желілері толығымен жаңартылып жатыр. Оған 89 388 мың теңге бөлінген. Мердігер компания келісімшартқа сәйкес жөндеу жұмыстарын 10 желтоқсанға дейін аяқтауды көздеп отыр. Көрермендер залы 250 орынға шақталып, сахна аумағы кеңейтілуде. Аймақ басшысы Б.Сағынтаев жаңартылған ғимарат облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының үлкен концерттік бағдарламасымен салтанатты түрде ашылатынын жеткізді. Министр ішкі-сыртқы жаңарту жұмыстарымен қатар канализация, жылу желілерін қоса жөндеу өте орынды екенін атап өтті. Г.Әбдіқалықова салауатты өмір салтын серік ету үшін маңызды орындардың бірі «Толқын» денешынықтыру-сауықтыру кешенінде де болды. Бұл да «Жол картасының» арқасында көптен күткен жөндеу жұмыстарынан өтіп, бүгінде спорт сүйер қауымға есігін айқара ашып отыр. Кешеннің, әсіресе, суға шомылатын бассейні ерекше жаңарған. Бұрындары бассейн жамаулы-жасқаулы болса, бүгінде бірыңғай көгілдір түсті кафельмен апталып, көзге тартымды күйге енген. Қабырғалары мен төбесі ауыстырылып, жаңартылған. Бассейннің айналасы арнайы жылытылатын еденмен жабдықталған. Су температурасы да әрдайым реттеліп отырады. Спорт саласының мамандары алдағы уақытта ел чемпионатын өткізуге әбден болатынын тілге тиек етті. Ол үшін бағдарлама аясында барлық жағдай жасалған. Министр ардагерлер қауымын назардан тыс қалдырған жоқ. Оларға көрсетіліп жатқан көмектерді өз көзімен көруді ұйғарған Г.Әбдіқалықова соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған облыстық «Ардагерлер үйі» санаторийіне аялдады. Министр санаторийді аралап, жағдайымен танысты. 2003 жылы ашылған бұл мекемеде қазіргі таңда жылына 1300 адам 20 күндік арнайы сауығу шараларынан өтеді. Мұнда Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне, қатысушылары мен оларға теңестірілген азаматтарға қысқа мерзімді санаторлық-курорттық емдеу жүргізіледі. Мекемеде ем-дом алып жатқан әрбір ардагер көрсетіліп жатқан көмек-қолдауға дән риза екенін министрге жарыса жеткізді. Орайлы кездесуді пайдаланған олар көкейлеріндегі сауалдарын бүгіп қалмады. Айта кету керек, «Ардагерлер үйінде» сауығушылар бұрындары жайсыз әрі тар асханада екі кезекпен тамақтануға мәжбүр болған еді. Өткен жылы облыс әкімінің жағдайды оңалту үшін 14 миллион теңге бөлуімен мәселе түйіні шешіліпті. Бүгінде ардагерлер жарық әрі заманауи құрылғылармен жабдықталған асханада алаңсыз асқа бағынады. Олар екінші қабатқа көтерілу қиындық туғызатынын айтып, лифт қарастырылса деген тілектерін жасырмады. Облыс әкімі Б.Сағынтаев бұл тілек келесі жылы орындалатынын уәде етті.
- «Жол картасы» нысандарын аралап, жыл соңына қарай қорытынды шығару - міндетіміз. Әрине, алдымен аяқталған істің сапасына көңіл бөлеміз. Бұл бағдарлама өзінің тиімділігін дәлелдеді, жүзеге асыру тетіктері де баршаға түсінікті болды. Биыл екінші рет жүзеге асқан «Жол картасына» республика бойынша 143 миллиард теңге бөлінді. Оның жүз млрд. теңгесі республикалық бюджет есебінен болса, қырық млрд. теңгеге жуығы жергілікті қазыналардан қарастырылды. Жалпы бағдарлама аясында бөлінген қаржы толығымен игеріліп жатыр. Ел аумағында 5 500 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазіргі кезде «Жол картасы» аясында жоспарланған жөндеу жұмыстарының 90 пайызы аяқталып, нысандар қолданысқа берілуде. Қалғаны жыл соңына дейін аяқталатын болады. Әрине, басты талап - жұмыстың сапалы болуы. Сондықтан барлық мердігер компанияларға атқарған жұмыстың сапасына үш жылға дейін жауапты болу жүктеліп отыр. Павлодар облысына алты миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, 134 нысан қамтылды. Мәдениет ошақтары, білім беру мекемелері, жолдар жаңа кейіпке еніп жатыр. Коллекторларды жөндеу жұмыстары қолға алынғаны қуантады. Себебі су мәселесі жылдар бойы күрмеулі болған еді, - деді министр Гүлшара Әбдіқалықова.
Министрдің айтуынша, «Жол картасы» бойынша екі жыл қатарынан бөлінген қаржы енді келесі жылы басқа бағдарламаларға бағытталады. Сәйкесінше, «Жол картасының» көздеген мақсаттары өзге арналар арқылы орындалатын болады. Мәселен, биыл бастау алған «Жол картасы - 2020» бағдарламасы шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылмақ. Индустриалдық-инновациялық бағдарламалар да қолға алынды. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа нысандар қолданысқа берілмек. Сонымен бірге аймақтарда жергілікті жеке бағдарламалар іске қосылады. Министр екі жылда «Жол картасы» сандаған бағытқа үлкен серпіліс бергенін жеткізді. Сондай-ақ ол жергілікті деңгейлерде нысандарды жөндеу жұмыстары жалғасын табатынын мәлімдеді.
Аймақ басшысы Б.Сағынтаев бағдарламаның алдағы жылдары қандай тұрғыдан жалғасын табатынын кеңірек түсіндіріп берді. Яғни елде қабылданып жатқан салалық бағдарламалар «Жол картасының» жүгін арқаламақ. «Мәселен, биыл Үкімет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетиканы дамыту, ауыз су мәселесі бойынша жекелеген бағдарламалар қабылдады. Мұнда осы бағыттар бойынша әрбір аймақтың қажеттілігіне қарай қаржы қарастырылған. Мысалы, бұрындары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері «Жол картасы» бойынша шешілсе, енді тікелей өзіндік бағдарламасы арқылы қаржы бөлініп, жүзеге асатын болады», деді облыс әкімі Б.Сағынтаев. Аталмыш жекелеген бағдарламалар бойынша облысқа қанша қаржы тиесілі екені әрі жергілікті бюджеттен қандай көлемде қарастырылатыны бүгіннің өзінде белгілі көрінеді. Демек, әр аймақта жөндеу жұмыстары өзінің жалғасын табатын болады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

