Ауданның экономикалық элеуеті жоғары

 

Өңір

облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Успен ауданындағы сапарында осылай деді

 

 

Сәрсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Успен ауданына жұмыс сапарымен барып, шалғай ауылдардағы әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сапар барысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының басшылары мен аудан әкімі Нұрлан Әутәліпов те елдімекендерді аралап, тұрғындардың мұң-мұқтажына назар аударысты.

Облыс әкімі алдымен ауданның тұрғындар ең аз қоныстанған Надаровка елдімекеніне ат басын бұрып, ондағы орта мектептің жағдайымен таныс болды. Осыдан отыз жыл бұрын 400 балаға шақталып салынған бұл мектепте бүгінгі күні небары бес бала ғана (бастауыш сыныптарда) білім алуда. Оларға екі мұғалім сабақ береді. Оқушылар саны аз болса да, мектеп өз көркін жоғалтпаған. Спорт зал, асхана, кітапхана, жылы дәретхана бар. Ең бастысы - ауыл балалары үшін барлық жағдай жасалынған. Аталмыш мектепті ұстап тұру үшін облыстық бюджеттен 6 миллион теңге қаражат бөлінген. Надаровка ауылдық округінің әкімі Анна Притыкинаның айтуынша, мұнда қырық бес отбасы ғана тұрады. Ауылдың жоғары сыныптарда оқитын он сегіз оқушысы көрші Вознесенка ауылындағы орта мектепке арнайы автобуспен барып тұрады. Екі жүзден астам тұрғыны бар аталмыш шағын ауылда почта байланысы дұрыс жолға қойылған. Тағы бір жаңалық, жуырда ғана ауылдық медициналық пунктің ішінен дәріхана ашылған. Онда тұмаудың алдын алатын барлық дәрі-дәрмектер бар. Бес жасқа дейінгі бүлдіршіндер тегін дәрілермен қамтамасыз етіледі. Атап өтерлігі, ауылдық жерлердегі медпунктердің ішінен мұндай шағын үлгідегі дәріханалар ашу ісі болашақта облысымыздың барлық ауылдарында жалғасын табады деп жоспарлануда. Аймақ басшысына облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзеков ауылдық емдеу мекемелерінде дәріхана ашуға лицензия алу және онда жұмыс істейтін мамандардың аттестациядан өтуіне байланысты шаралардың қолға алынып жатқанын, сондай-ақ жақында көшпелі дәріханалар да өз жұмысын бастайтынын мәлімдеді. Бұдан соң облыс әкімі Вознесенка ауылына жол тартты. Ондағы медициналық пункттің және орта мектептің жағдайымен танысты. Ауылдық дәрігерлер үш жүзден астам тұрғынның денсаулығын сақтау үшін қолдан келген бар мүмкіндікті жасауда. Көршілес Чистополь ауылдық округінің халқы да осы емдеу мекемесіне қаралады. Ал 220 оқушысы бар Вознесенка орта мектебінде де оқушылардың заман талабына сай білім алуы үшін мүмкіндік жасалған. Оқулықтар жеткілікті. Компьютер кабинеті жасақталған. Білікті мамандар қызмет етеді. 1-ден 11-ші сыныпқа дейінгі оқушылардың барлығы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Былтыр мектеп ішінен 14 балаға арналған «Айгөлек» шағын орталығы ашылған. Үстіміздегі жылы нысанның жылу жүйелері жаңартылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев ауданға қарасты Новопокровка ауылындағы орта мектепте болды. Мұнда 202 оқушы білім алады. Сондай-ақ мектеп жанында 17 орындық шағын орталық ашылған. Осы жылы мектеп кітапханасы жаңа оқулықтармен, көркем әдебиеттермен толыққан. Ағымдағы жөндеу жұмыстары да жүргізілген. Мектеп директоры Гүлнар Сағадатқызының айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер үнемі мектепке демеуші болып, қаражат жағынан қолдау көрсетіп тұрады екен. Аймақ басшысы осы ауылдың мәдениет үйіне де ат басын бұрды. 1967 жылы қабырғасы қаланған мәдениет ошағы күні бүгінге дейін өз көрермендерін жоғалтқан жоқ. Әрбір мереке сайын ауыл тұрғындары осында жиналып, көңіл көтеруді дәстүрге айналдырған. 200 көрерменге арналған үлкен залы бар бұл мәдениет үйі екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың сәнін келтіріп тұрғандай. Оның ішінде орналасқан ауылдың шағын кітапханасы жыл сайын жаңа кітаптармен толықтырылуда. Бүгінде мұнда барлығы 6400-ден астам кітап қоры бар. Қуантарлығы, аталмыш ауылдың жеткіншектеріне арнап «Галицкое» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен балалар орталығы ашылған. Онда балалардың бос уақыттарын қызықты өткізуі үшін зор мүмкіндіктер жасалған. Облыс әкімімен кездесуге келген Новопокровка ауылының байырғы тұрғыны, зейнеткер Қалиасқар Сүлейманов тұрғындардың бүгінгі тірлігі жақсы екенін айтып, қазіргі уақытта олар алаңсыз қыстың қамына дайындалып жатқанын жеткізді.

Аймақ басшысы сапар барысында «Алдияр» шаруа қожалығы ашқан қасапхана жұмысымен танысты. Күн сайын мұнда кемінде үш ірі қара мал сойылады. Ветеринар дәрігер Абай Сүлейменов мал етінің таза әрі талапқа сай болуын жіті қадағалап отыратынын мәлімдеді. Бұдан соң аудан оталығына жол тартқан облыс әкімі ондағы №1 мектепті аралады. Мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасының аясында биыл республикалық және облыстық бюджеттен 16500,0 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп, оған мектептің күрделі жөндеуді қажет ететін барлық құрылымдары жаңартылған, әйнектері ауыстырылған, ескірген электр жүйелері де жөнделген. Спорт залдың едені толығымен ауыстырылып, сырланған. Қазірде мұнда барлығы 253 бала оқиды. Білім ордасының техникалық базасы да жаман емес. Компьютерлік, мультимедиялық сыныптар мен 7 интерактивті тақта бар.

Бақытжан Сағынтаев халыққа қызмет көрсету орталығының Успен аудандық бөлімшесіне де барып, жұмыс барысымен танысты. Осыдан үш жыл бұрын ашылған бөлімше «бір терезе» қағидасы бойынша ауданның он төрт мыңнан астам тұрғынына сапалы қызмет көрсетіп келеді. Облыс әкімі бас сұққан келесі нүкте «Алға» АТК диірмен кешені болды. Мұнда жиналған ауданның шаруа қожалықтарының басшылары облыс әкіміне өздерінің жұмыстары жайлы баяндап, ұсыныстарын да алға тартты. Успен өңірі - облыстағы егін шаруашылығы жақсы дамыған астықты өлкенің бірі. Сондықтан да жер еміп, егін салумен айналысуды кәсіп еткен шаруа қожалықтарының басшылары бұған дейін күнбағыс дәнін сатып келсе, енді оны өңдейтін өндіріс ашуға қаражат қажет екенін айтып, осы мақсатта несие алу үшін кепілдігі болмаса, екінші деңгейлі банктер қаражат бермейтінін жеткізді. Олардың ой-пікірін тыңдаған аймақ басшысы бұл ойды бір ауыздан қолдап, мәселені облыстық ауылшаруашылығы басқармасымен бірігіп, шешуге тырысатынын жеткізді. Сондай-ақ оған қажетті қаражат көзінің 49 пайызын «Ертіс өңірі» АТК-дан, ал қалған 51 пайызын шаруа қожалықтары өз есептерінен жұмсаса деген ойын да айтты. «Аталған мәселе оң шешімін табатын болса, келесі жылы өңірімізде май өңдейтін жаңа зауыт бой көтеруі мүмкін»,-деді Бақытжан Сағынтаев.

Бір күндік іссапар барысында облыс әкімі Успен ауданының Тимирязев ауылындағы орта мектепке де бет бұрды. 480 балаға арналып салынған үлкен мектепте бүгінде 46 оқушы ғана білім нәрімен сусындайды. Мектеп директоры Оксана Саруджиди өткен оқу жылы мектеп түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуден нашар балл алғанын бүкпей айтып, биылдан бастап мұнда республикалық «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында жас мамандардың жұмысқа келгенін баяндады. Оның айтуынша, үстіміздегі жылы 10 балаға лайықталған шағын орталық ашу жоспарлануда. Бала саны аз болса да ауылға көрік беріп тұрған білім ордасына жаңа оқу жылының алдында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оған 375 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалған. Бұдан кейін Бақытжан Сағынтаев бастаған топ Тимирязев ауылының мәдениет үйінің жағдайымен танысты. 400 тұрғыны бар ауылдағы мәдениет үйінің іші тар әрі жұтаң түрін көрген облыс әкімі оны үлкейтіп, жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Успен ауданының әкімі Нұрлан Әутәліпов осы мақсатқа аудандық бюджеттен екі миллион теңге қаражат бөлетініне уәде берді.

Облыс әкімінің келесі сапары Ольховка елдімекенінде жалғасын тапты. Аталмыш ауылда мектеп болмағандықтан, сегіз бала көрші ауылға барып оқиды. Аудан әкімі болашақта осында мектеп салу мәселесін қарастыратынын тілге тиек етті. Бақытжан Сағынтаев мұндағы шағын медициналық пункт пен кітапханада болып, ондағы жағдаймен танысты.

Аймақ басшысы көршілес Ольгино ауылына да барды. Осындағы мәдениет үйінде «Буратино», «Посиделки» атты драма үйірмелері, «Улыбка», «Жұлдыз» атты би топтары жұмыс істейді. Көрермендерге арналған шағын зал да ашылған. Ал бұрынғы зал әбден ескіргендіктен, әзірше есігінде қара құлып тұр. Аудан әкімі келешекте осы залға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жастарға арналған спорт кешенін ашуды көздеп отырғанын жеткізді. Осыған орай ол облыстан қаражат жағынан қолдау керек екендігін де бүгіп қалмады.

Ауылдың дәрігерлік амбулаториясында тұрғындар үшін барлық жағдай жасалынған. Бүгінде осы емдеу мекемесі 400-ге жуық ольгинолықтарға дәрігерлік қызмет көрсетеді. Ауыл мектебінде 48 бала білім алады. Мектеп ішінен он балаға арналған «Мөлдір бұлақ» атты шағын орталық та ашылған. Былтыр мемлекеттік «Жол картасы» бағдарламасы бойынша мектептің жылу қазандығына, ал биыл 496 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Облыс әкімімен кездескен Успен ауданының тұрғындары бүгінгі жайлы тірліктеріне дән риза екендіктерін айтып, оған ақ алғыстарын білдірді. Сонымен қатар болашақта аудан орталығында қарттар үйі ашылса, тас жолдар жөнделсе деген тілектерін де жеткізді. Бақытжан Сағынтаев тұрғындар тарапынан ұсынылған бұл мәселелерді назарда ұстайтынын мәлімдеді.

Сөз соңында:

Успен ауданының бірқатар елдімекендеріндегі әлеуметтік нысандарды аралап, халықтың жағдайымен танысқан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев ауданның бүгінгі аяқ алысына оң баға берді.

- Успен ауданы бұрыннан бері аймағымыздағы экономикалық деңгейі жоғары аудандардың қатарында. Бұл - аудандағы атқарылған жұмыстың нәтижесі. Осы ретте аудандағы шаруа қожалықтарының да үлесі бар екенін атап өткен орынды. Сондай-ақ ауылдағы мектептер жақсы сақталған. Өкінішке қарай, кей мектептерде бала саны мүлдем аз болғандықтан, болашақта мүмкін оларды көрші ауылдардағы мектептерде оқытып, босаған ғимараттарды басқа әлеуметтік нысандарға айналдырамыз», -деді.

 

Нұржайна ШОДЫР,

Успен ауданы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 31