БАЙЛАНЫСТА АЙМАҚ БАСШЫСЫ
Павлодар облысының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев 2010 жылдың 15 қазан күні ҚР Үкіметінің электрондық порталы арқылы Елбасының биылғы «Жаңа онжылдық - Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын аймақта жүзеге асыру барысын түсіндіріп, интернет-конференцияға қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Тұрғындардан түскен сауалдардың көбі дерлік білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау сынды салаларға байланысты болды. Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Сәнімгүл Абрарқызы Манарханова облыс әкіміне: «Мектептердегі ағымдағы жөндеу жұмыстарына қаржы неге аз бөлінеді?» деген сауал жолдады.
Аймақ басшысы бұл сұрақ бойынша мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді. Ол бүгінгі күні нақты қажеттіліктерге сәйкес білім беру мекемелеріне ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы жеткіліксіз болғанымен, есесіне күрделі жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы бөлінетіндігін атап өтті. Биылғы жылы күрделі жөндеу жұмыстарына жалпы 731,9 млн. теңге бөлінді.
Сондай-ақ интернет-конференция барысында жас мамандарды, жас отбасыларды жұмыспен қамту мәселелері де көтерілді. Осындай мәселені алға тартқан жас маман Меруерт Асылжанова «Мен жас отбасыларды жұмысқа орналастыру жөнінде білейін деп едім. Биыл университет бітірдім. Барлық жерде кем дегенде 1 жылдық еңбек өтілін талап етеді. Ал жұмысқа қабылдамаса, ондай өтілді қайдан алуға болады?» деген сауалын аймақ басшысына жолдаған.
«Түлектерді жұмысқа орналастыру - жұмыспен қамту органдарының негізгі міндеттерінің бірі. Сіз жұмысқа орналасу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуыңыз қажет. Содан соң сізге бөлімнің мәліметтер базасында бар сіздің қалаңыздың (ауданыңыздың) ұйымдары мен кәсіпорындарындағы бос жұмыс орындар жөнінде ақпарат ұсынылатын болады. Сізге мемлекеттік қолдау болып табылатын қосымша шара ретінде жастар практикасы ұсынылады. Мұның негізгі мақсаты – түлектердің мамандығы бойынша алған дағдыларын шыңдап, тәжірибе қалыптастырып, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталып отыр.
Бұдан басқа жұмыс берушімен тығыз қарым-қатынаста болып, жүйелі түрде өткізіліп тұратын бос лауазымды орындар жәрмеңкелеріне қатысу арқылы сіз кәсіпорындардың кадрлық резервіне тұрып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік ала аласыз. Сондай-ақ ауылдық жерлерге барып, жұмыс істеуге мүмкіндігіңіз бар. Ауылдық жерлерге жұмыс істеуге барған жас мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі және қосымша көмек ретінде көтерме ақы беріледі» деді өз жауабында Бақытжан Сағынтаев.
Денсаулық сақтау саласына қатысты Фролова Светлананың: «Қатерлі ісік аурулары бойынша жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар қолданылуда?» деп жолдаған сауалына облыс әкімі аталмыш мәселе бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Үкімет Басшысы Кәрім Мәсімовтің облысымызға келген жұмыс сапарында осы мәселе қарастырылып, облыс орталығында онкологиялық диспансер салу жөнінде өтініш білдіргенін тілге тиек етті.
«Аталмыш диспансер құрылысы Премьер-Министр тарапынан қолдау тауып, тиісті органдарға тапсырма берілді. Бұдан басқа осы өзекті мәселені Парламент Мәжілісінің депутаттары да толықтай қолдап отыр. Алдағы уақытта аталған жоба құрылысы басымды нысандардың қатарына ілігіп, республикалық бюджеттен қаржыландырылады деген сенімдемін» деді.
Интернет-конференция өткен күні облыс әкіміне жалпы саны 21 сұрақ түсіп, барлық сауалдарға интернеттегі мекенжайлары арқылы жедел арада жауап беріліп отырды.
Аймақ басшысының облыс тұрғындарымен жедел түрде онлайн жүйесі арқылы пікір алысуы алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

