«ҚЫСҚА ӘЗІРЛІК ЖАЙБАСАРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙДІ»

Облыс әкімі Екібастұз өңіріне жасаған жұмыс сапарында осылай деді

 

 

Екібастұз өңірі бойынша ауылдық аймақта орналасқан әлеуметтік нысандар алдағы қысқа дайын. Елді мекендерде орын тепкен мектеп, балабақша, медициналық мекемелер жылу жүйесіне толығымен қосылып, отын қорын әзірлеуге кіріскен. Бұл туралы осы аптада облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Екібастұз аймағына жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болды.

 

Облыс әкімі сапарын теміржол бойында орналасқан Бозшакөл стансасынан бастады. Ондағы мектеп пен бүлдіршіндерге арналған шағын орталық жұмысымен танысып, медициналық пункттің бүгінгі тыныс-тіршілігіне қанық болды. Стансадағы аралас мектеп шағын, небары отыз тоғыз оқушы білім алуда. Биыл жазда шатырына жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жергілікті станса басшылығы мектептің жылу жүйесін жөндеуге материалдық көмек көрсеткен. Елді мекендегі баспаналардың дені - екі қабатты тұрғын үйлер, соған орай орталықтандырылған қазандық жұмыс істейді. Дегенмен онда отын қорының жоқтығы анықталды. Ауыл әкімінің айтуына қарағанда, бес жүз тонна көмірге келісімшарт жасалып қойған, ол бірер күнде жеткізіле бастайды. Тұрғындардың кейбірі былтырғы суық қыста үйлерінің салқын болғанын тілге тиек етті. Он баланың анасы, «Батыр ана» Раушан Амантаева жалпы ауыл адамдарының тұрмысы жақсы, әлеуметтік жағдайлары оңды екендігін әңгімеледі. Тұрғындардың көбісі төрт түлік мал өсіреді, теміржол стансасы еңбекке қабілетті азаматтарға жұмыс тауып беріп отыр. Жергілікті басшылыққа өкпеміз жоқ, деді ол.

Жолай кездескен етек-жеңі жинақы, ажарлы ауыл Шиқылдақ елді мекені болып шықты. Мектеп пен ауыл клубының іші-сырты жайнап тұр. Тоқсан бала білім алып жатқан білім ошағы отынмен жеткілікті қамтылған. Оннан астам сәби шағын балабақшада тәрбиеленуде. Тұрғындар жүзінде ешбір алаңдаушылық байқалмайды, ертеңге деген сенімдері мол.

Қысқа дайындық іс-шараларына байланыста Шідерті кентінде біраз кемшіліктер кездесті. Мұнда орталық көше бойымен тартылған ауыз су құбырын көмуге арналып қазылған шұңқырларға су толып, алғашқы аяздың әсерінен мұз боп қатқан. Жобалаушы фирма қыс қылышын сүйретіп келе жатса да, асыға қоймайтыны байқалды. Екібастұз қаласы әкімі Н.Нәбиев жобалаушылар тез арада бұл мәселенің шешімін тауып, реттейді, деп уәде етті. Кентте орналасқан үйлер орталықтандырылған ауыз су жүйесінен ажырамайды.

Шідерті тұрғыны Ғалия Оспанова кенттегі жұмыссыздар санатындағылардың қатарында. Бүгінге дейін екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ана облыс әкімінің интернеттегі блогына еңбекке орналасуға көмектесуін сұрап жазған болатын. Кенттегі әлеуметтік нысандарды аралап көрген облыс әкімін Ғ.Оспанова арнайы іздеп келіп, аймақ басшысына жәрдем беруді сұрап жолықты. Өзінің айтуынша, баласы орта оқу орындарының бірінде білім алып жатыр, оған көмектесуге анасының ешбір жағдайы жоқ. Жергілікті жерде қандай да бір жұмыс табылса, келісетінін жеткізді ол. Б.Сағынтаев қала басшысы мен кент әкіміне көмек сұраушы тұрғынды тез арада тұрақты жұмыспен қамтуды тапсырды. «Егер алдағы дүйсенбіге дейін еңбекке орналаспасаңыз, менің жеке блогыма қайта хабарласыңыз, мәселеңіз шешіледі», деп жұбатты көңілін уайым бұлты басқан ананы облыс әкімі.

 

БІРЛІГІ МЕН ТІРЛІГІ ЖАРАСҚАН АУЫЛ

Қоянды ауылдық округінің орталығында болған соң, облыс әкімі Железнодорожный ауылдық округіне қарасты көрікті елді мекендердің бірі Құлакөл ауылына ат басын бұрды. Ондағы Майқайың орта мектебі мен медициналық пунктте болды. Ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.

- Ауылдарыңыз теміржол бойында орналасқан, дамудың оң көшіне бет бұрған уақытта оның тигізетін пайдасы зор. Елді мекеннің сырт келбеті жақсы көрінді, әрбір қорадан мал өргізіп, шөпті молынан қамдап үлгеріпсіздер. Тыңғылықты әзірлік алдағы қыстан қысылмай шығуымызға алғышарт болады. Ересектер қауымы ауылдың келешек дамуына жауапты болуы керек. Іргелеріңіз бүтін болып, ынтымақты ауыл атана беріңіздер,- деді аймақ басшысы. Келесі жылы ел Тәуелсіздігіне 20 жыл толады. Бақытжан Әбдірұлы осы бір маңызды күнді мерекелеуге әрбір ауыл, әрбір тұрғын тыңғылықты атсалысуы керек екендігін ойға салып өтті.

Кездесу кезінде тұрғындар ауылдарында болып жатқан игіліктерді жарыса айтып, елді жарқын болашаққа жұмылдырған Мемлекет басшысы атына алғыстарын жеткізді. Зейнеткер Зейнолла Құсайын: «Аптасына екі мәрте газет-журнал алып тұрамыз. Зейнетақыны уақытында әкеп таратады, клуб жұмысына ризамыз. Он бір жылдық мектепте болып жатқан жетістіктерге қуанамыз. Бір баламыз өткен оқу жылында мектепті «Алтын белгіге» тәмамдады. Жас ұрпақтың жігері біздің көңілімізді өсіреді. Ауыл әкімі тұрғындармен етене жұмыс істеп, қандай да болмасын мәселемізді шешуге бел шеше кіріседі. Осындай игіліктер жасауға ықпал етіп жатқан азаматтарға тұрғындар атынан мың алғыс», деді.

Ауыл мәселесіз болған ба? Бірлігі мен тірлігі жарасқан Құлакөлдің де өз алдына жетерлік проблемалары аз көрінбеді. Ауылға кіре беріс жолға осыдан жиырма жыл бұрын асфальт төселген екен, бүгінде ол әбден шұрық-тесік болған. Жақын жерде қиыршық тас өндіретін кәсіпорынға қатынайтын жүк көліктері онсыз да жайы келіспей тұрған жолмен жүреді. Айналма көлік жолы бар, бірақ жүргізушілер оны алыссынып, пайдаланбайды. Ауылда өлген малды көметін арнайы орынның болмауы да біраз келеңсіз жайттар тудырып отыр. Жақын орналасқан көмір және қиыршық тас кеніштерінен ұшатын шаң-тозаң елді мекеннің экологиялық ахуалын да қиындатып тұр. Желсіз күндері ауыл үстін қап-қара шаң басып кетеді, дейді тұрғындар.

Облыс әкімі аталған мәселелер алдағы уақытта назарға алынып, жергілікті мекемелерге тиісті тапсырмалар беріледі, деп жауап қатты.

 

КӘСІПОРЫН ЖАҢА ӨНДІРІС АШУҒА МҮДДЕЛІ

Екібастұз өңірі табиғи қазба ресурстарына бай. Мұнда көмірмен қатар әлемде сирек кездесетін құм мен балшық түрлерінің мол кені бар. Қарасор ауылы жанында орын тепкен кен-байыту комбинатының өнімдерін көршілес елдер тұрақты сатып алып тұрады. «Қарасор кен-байыту комбинаты» ЖШС құм мен балшықты ашық әдіспен қазып алып, әрі қарай пайдалану мақсаттарына байланысты түрлі сұрыптарға бөледі. Құм негізінен металлургия, машина жасау өндірісінде қалып жасауға, пескоблок, кеспе тас, суағар, бордюр жасауға пайдаланылады. Құмды арнайы байыту жолымен шыны өндіруге де болады. Тек жергілікті жерде оған қажетті қондырғы жоқ. Серіктестік басшысы Асқар Омаровтың айтқанындай, кеңес өкіметі тұсында комбинат жылына бір миллион тонна құм мен балшық тиеп, жөнелтіп отырған. Бүгінде сұраныс аз, жылына небары 200 мың тоннаға дейін құм босатылады. Дегенмен ресейлік кәсіпорындар қарасорлық құмның қасиеттерін ерекше бағалайтын көрінеді. Соған байланысты тапсырыс тұрақты болып, кеніштегі жұмыс үзіліп көрген емес. Комбинатта 90 адам еңбек етеді, еңбекақы мөлшері 80 мыңға дейін жетеді. Кәсіпорын еліміз тәуелсіздік алғалы бері бір сәт те тоқтап көрген емес, Қарасор ауылының адамдарын еңбекақысы жоғары жұмыспен қамтып отыр. Келешекте шыны жасау зауытын ашу ойларында бар.

Қарасор комбинатының жұмысымен кеңінен танысқан облыс әкімі кәсіпорын ұжымының алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.

Аймақ басшысының Екібастұз өңіріне жасаған жұмыс сапары Құдайкөл ауылында тәмамдалды. Ондағы орта мектеп, медициналық пункт пен мәдениет үйінің дайындығымен танысты. Аталмыш қаланың ауылдық аймағы бойынша жүріп өткен елді мекендердің барлығы жеткілікті деңгейде қамданып жатқанын көзі көрген облыс әкімі жақсы деген баға берді.

Мұрат АЯҒАНОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қазан 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 24
25 26 27 28 29 30 31