ТОҚМЕЙІЛСУГЕ БОЛМАЙДЫ

Аймақ басшысы Ақтоғай ауданына сапарында осылай деді

 

Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Ақтоғай ауданына жұмыс сапары маңызды оқиғадан басталды. Аймақ басшысы аудан орталығында бой көтерген еліміздегі ең ірі көкөніс сақтау орындарының бірі болып есептелетін «Ақтоғай-Агро» ЖШС-не тиесілі жаңа қойманың ашылу салтанатына қатысты. Артынша оннан аса елді мекенді аралаған аймақ басшысы ауданның шалғай жатқан ауылдарында болып, тұрғындардың тұрмысымен танысты.

 

Биыл көкөніс тапшылығы болмайды!

Енді облыс жұртшылығы жылына он екі ай бойына сапалы әрі арзан картоп өнімін тұтына алады. Бұған дейін күзде жиналған өнімнің басым бөлігі қысқа шыдамай, бұзылып кететін. Соның салдарынан қыс айларында көкөніске деген тапшылық туындап, бар өнімге деген баға шарықтау шегіне шығатын. Қуанышымызға орай, бұл күндер артта қалатын болды. Ақтоғай ауданында жаңадан бой көтерген қуаттылығы 8 500 тоннаны құрайтын қойма еліміздегі ең ірі көкөніс сақтау орындарының бірі болып саналады. Инвестициялық жобалар санатына енетін аймағымыз үшін маңызды нысан «ҚазАгроҚаржы» Ұлттық қоры арқылы қаржыландырылған. Жобаның жалпы құны – 311 миллион 680 мың теңге. Оның 245 миллион 414 мың теңгесі - «ҚазАгроҚаржы» тарапынан салынған инвестиция.

Облысымыздың ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі кезде аймағымызда жалпы сыйымдылығы 74,3 мың тоннаны құрайтын 77 көкөніс сақтау қоймасы бар. Алайда олардың басым бөлігі - 70-80 жылдары салынған нысандар. Онда өнімді ұзақ уақыт сақтау мүмкін емес. Қажетті талаптарға сай келмейді. Жағдай жасалмаған.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығын дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасы аясында облысымызда он инвестициялық жоба жүзеге асырылуы тиіс. Олар - «ҚазАгроҚаржы» АҚ Ұлттық қоры тарапынан қаржыландырылатын жобалар. Бүгін міне, Ақтоғай ауданында осы маңызды жобалардың алғашқы қарлығашы іске қосылуда», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев. Аймақ басшысының айтуына қарағанда, енді қыс, көктем айларында облыс тұрғындарын толық деңгейде арзан, сапалы картоп өнімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде облыс әкімдігіне қарасты «Ертіс Өркені» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының есебінен бес мың тоннаға жуық картоп сатып алынып, аталмыш қоймаға салыныпты. «Бір атап өтерлігі, облысымыздың шаруалары бұл көкөніс өнімін бізге халық игілігі үшін аса арзан бағамен өткізді. Енді мұндағы картоп қыстан көктемге дейін сақталып тұрады. Артынша, әдетте көкөніске деген тапшылық туындап, баға көтеріле бастайтын кезде оны саудаға арзан бағамен шығарып, тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып, бағаны да тұрақтандыруға мүмкіндік аламыз», - деді аймақ басшысы.

 

Жоғарыда аталып өткендей, жаңа көкөніс қоймасы картоп өсіру ісімен маманданып жүрген «Ақтоғай-Агро» ЖШС-не тиесілі. Қойма толығымен заманауи үлгіде тұрғызылған. Желдеткіш жүйесі бар. Арнайы мұздатқыш жабдықтары да орнатылыпты. Сондай-ақ қажетті ауыл шаруашылығы және арнаулы техникалар алынды. Жоба бойынша аталмыш қоймадағы өнімнің сақталу мерзімі 9-10 ай, яғни, қыркүйектен бастап маусым айына дейін сақтауға болады. Шаруашылық басшысы Игорь Головашовтың айтуына қарағанда, жаңа көкөніс қоймасында аймағымыздағы көкөніс өндірумен айналысатын өзге де шаруашылықтардың өнімдері сақталатын болады. Арнайы жекелеген орындарда қырыққабат, сәбіз, пияз сияқты көкөністер сақталады.

«Негізінен, Елбасының бастамасымен қолға алынған ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында «ҚазАгроҚаржы» компаниясы жалпы сомасы 57,1 миллиард теңгенің инвестициялық жобаларын қаржыландырмақшы. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 33 жоба мақұлданып отыр. Ал Павлодар облысына 7,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның аясында төрт жоба қолға алынды. Үш жоба көкөніс сақтау қоймаларына қатысты болса, біреуі 500 бас ірі қара малға арналған сүт өнімін өндіретін ферма құрылысы», - дейді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айтжанов Дулат.

Осылайша, жыл соңына дейін жалпы сыйымдылығы шамамен 20 мың тоннаны құрайтын тағы бірнеше қойма ашылмақ. Ең бастысы, өнім жеткілікті.

 

Тұрмыс жақсарып келеді

Облыс әкімі Ақтоғай ауданына жұмыс сапары барысында Разумовка, Андриановка, Барлыбай, Жолболды, Жалаулы, Балтасап сынды бірқатар ауылдарда болды. Елді мекендердегі мектептерді, мәдениет үйлерін, медициналық амбулаториялық бөлімшелерді аралап, олардың жағдайымен танысты. Бір қуанарлығы, елді мекендерде әрбір сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың аз емес екендігі байқалады. Мысалы, мәдениет саласы бойынша әрбір ауылда кітапхана, мәдениет үйі қалыпты жұмыс істеп тұр. Мектептердің де жағдайы көңіл көншітерліктей деңгейде. Барлығы жаңа компьютерлік техникалармен жабдықталып, интернет желісіне қосылған. Мамандар да жеткілікті. Ең бастысы, көлемі жағынан қандай ауыл болмасын ондағы білім ошақтарының жанынан шағын орталықтар ашылған. Ата-аналар дән риза. Бұл - Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған республикалық «Балапан» бағдарламасының жемісі, деп атап өтті облыс әкімі Б.Сағынтаев.

Аймақ басшысының ерекше назар аударған бағыттарының бірі - денсаулық сақтау саласы. Оның ішінде, әрине, елді мекендерде дәріханалар ашу мәселесі. Ақтоғай аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Зәуре Байділдаеваның айтуына қарағанда, жақын арада бұл мәселе толығымен өз шешімін таппақ. Жалпы аудан бойынша 23 дәріхана ашу көзделіп отыр. Қазіргі кезде ауылдық амбулаториялар жанынан оларға қажетті орын бөлініп, құжаттары әзірлену үстінде. Ал әзірге тұрғындарға жылжымалы дәріханалар қызмет көрсетуде. Олар аптасына бір рет әрбір ауылды аралап өтетін көрінеді.

Жалпы ауылдық аймақ қолынан іс келетін азаматтар үшін өз шаруашылығын бастап, дамытуға өте қолайлы екендігі сөзсіз. Құнарлы жер көп. Мол табыс табуға болады. Бұл жайт - түрлі инвесторлар үшін де үлкен олжа. Мұны түсінген ресейлік кәсіпкер Геннадий Моловечкин Андриановка ауылында өз шаруашылығын бастаған. Оның айтуына қарағанда, биыл егін шығымы аз болса да болашаққа деген үміті зор. Жоспары да ауқымды. Мысалы, алдағы жылы шаруашылық басшысы жалпы сомасы 500 миллион теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы техникасын сатып алмақ. Алдымен егін егіп, азық-түлік қорын молынан дайындап алып, мал шаруашылығын да дамытпақ ойда.

Дәстүр бойынша аймақ басшысы ауданның шалғай ауылдарына ат басын тіреді. Сондай елді мекендердің бірі Шолақсор ауылында болған облыс әкімі Б.Сағынтаев жергілікті мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Аймағымыздың бүгінгі даму деңгейіне тоқталып, тұрғындардың жағдайын жақсартуға бағытталған нендей шаралардың атқарылып жатқандығын сөз етті. Әсіресе, елімізде халық үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан игіліктерді атап өтті. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдады. Мұндағы басты мәселе – жол. «Бұл мәселе, өкінішке қарай, барлық аудандарда орын алып отыр. Ауыл аудан орталығынан неғұрлым шалғай орналасқан сайын жолдың сапасы да соғұрлым нашар. Әрине, оны бірден жақын арада шешіп тастамасақ та, бұл мәселе жіті бақылауда. Бар күш-жігерімізді саламыз. Мысалы, алдағы жылдан бастап жолдарды жөндеу бойынша қаржыландыру көлемі арта түседі. Сондықтан бұл мәселені де шешеміз деген ойдамын», - деді аймақ басшысы. Келесі мәселе – жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі автокөліктерінің жоқтығы. Бір атап өтерлігі, жедел жәрдем көлігінің жоқтығы мәселесі сапар барысында басқа да ауылдарда аталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзековтің айтуына қарағанда, талап бойынша тұрғындар саны аз елді мекендерде жедел жәрдем көлігінің болуы міндетті емес. Оларға көршілес орналасқан ауылдардағы санитарлық автокөліктер қызмет етеді. Алайда, соған қарамастан облыс әкімі келесі жылдың бюджеті есебінен шалғай ауылдарды жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету мәселесін қарастыратындығын айтты.

Сондай-ақ ауылдықтар елді мекендердегі ұялы байланыс сапасының нашарлығын және жергілікті, яғни павлодарлық телевизиялық каналдардың көрсетпейтіндігін тілге тиек етті. Облыс әкімінің айтуына қарағанда, көп ұзамай аймағымыздың барлық өңірлері толығымен сапалы ұялы байланыс торабымен қамтамасыз етілмек. Ал үстіміздегі жылдың желтоқсан айынан бастап отандық сандық үлгідегі спутниктік телевидение іске қосылатындығын айтты. Бұл жаңашылдыққа алғашқы болып Қазақстан бойынша Павлодар өңірінің жұртшылығы куә болмақ. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда. Барлығы дайын десе де болады. Осының арқасында аймақ халқы 38 телевизиялық канал көре алады. Оның ішінде, әрине, бірінші кезекте павлодарлық арналар таратылмақ.

Жалпы облыс әкімі Ақтоғай ауданының бүгінгі даму деңгейіне оң баға берді. Бір қуанарлығы, күннен-күнге халық тұрмысы жақсарып келеді. Алайда мұның тоқмейілсуге себеп емес екендігін баса айтқан аймақ басшысы, болашақта ауыл халқының тұрмысын одан әрі жақсартудың жолдарын іздеу қажет екендігін алға тартты. Және бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретіндігін жеткізді.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ,

Ақтоғай ауданы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 3 4 5 6 7
8 9 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30