АЛЫСТАҒЫ АУЫЛДАРДА АЛҒА БАСУШЫЛЫҚ БАРЫ ҚУАНТАДЫ

Өткен жұмада облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Железинка ауданында болып, аудан әкімі Жанат Шұғаевпен бірге өңірдің шалғай ауылдарына ерекше назар аударды. Себебі аудан орталығынан алыс орналасқан елді мекендер, өкінішке қарай, көп жағдайларда елімізде қолға алынып жатқан кейбір игілікті бастамалардан тысқары қалып жататындығы жасырын емес. Онымен қоса, мұндай ауылдарға атқарушы билік өкілдерінің де жолдары жиі түсе бермейді. Мұны облыс әкімінің сапары барысында тұрғындар ерекше атап өтті. Жалпы саны онға жуық елді мекенді аралаған аймақ басшысы ауылдықтардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Бір атап өтерлігі, тұрғындар тарапынан айтылған өтініш-тілектер бірден назарға алынып, бірқатар мәселелерді шешу бойынша нақты шаралар жасалмақ.

 

Мәселенің бірі Мыңкөл ауылының жұртшылығы тарапынан көтерілді. Теміржолдың бойында орналасқан аталмыш елді мекен тұрғындары ауылдарынан шыға алмай отыр. Себебі Мыңкөл теміржол станциясында Ресей тарапынан өткізу пункті бар, ал қазақстандық шекарашылардың өткізу бөлімшесі жоқ. Онымен қоса, жақында солтүстік көршілеріміздің кеденшілері жергілікті тұрғындарға деген талаптарын күшейте түскен. Анығын айтқанда, станция Қазақстан жерінде орналасса да, ресейлік кеденшілер еліміздің азаматтарының өзінен арнайы көші-қон туралы анықтама қағазын талап етеді, дейді тұрғындар. Осылайша ауылдықтар поезбен мүлде қатынай алмай отыр. Бұл Мыңкөл халқын Павлодармен байланыстыратын жалғыз көлік түрі болатын. Мұнда талайдан бері автобустар да қатынамайды. Соның салдарынан ауыл тұрғындары аудан орталығына да бара алмай отырған көрінеді. Әсіресе біреу-міреу сырқаттанып қалса, жұртшылық мүлде дүдамал күйге енеді. Бір сөзбен айтқанда, «сыртқы дүниемен» қатынас қиындап кетіпті. Мұндай мәселелер теміржол бойында орналасқан басқа да ауылдарда болуы мүмкін. Оны дереу шешу қажет деп атап өткен облыс әкімі Б.Сағынтаев бұл мәселенің мән-жайын анықтау үшін кеден қызметі, көші-қон қызметі сынды барлық құзырлы органдардың басшыларын жинап, арнайы мәжіліс өткізетіндігін айтты. Сондай-ақ автобус мәселесі де назарға алынды.

Мыңкөл тұрғындарының назы мұнымен аяқталған жоқ. Ауылдағы мектеп ғимараты мүлдем талапқа сай келмейді. Тіптен оны оқу ордасы деп айтуға аузың бармайды. Ғимараты ескі. Сыныптар өте тар. Ал бала саны жылдан-жылға артуда. Бұл мәселені де көп ұзамай шешеміз деп сендірді аймақ басшысы. Сондай-ақ тұрғындардың жеке- лей мәселелері де сөз болды. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі баласы бар жас ата-ана өткен жылы бюджет есебінен жаңа компьютер берілгендігін айтты. Бірақ біраз уақыт өткесін неге екендігі белгісіз ол компьютерді қайтадан алып қойыпты. Бұл науқас бала үшін психологиялық тұрғыдан ауыр соққы болып тисе керек. «Әу бастан-ақ мұндай олқылыққа жол берілмеуі тиіс еді. Егер бұл кемшілік атқарушы билік өкілдері тарапынан жіберілсе олардың атынан мен сізден кешірім өтінемін. Ал компьютерге келетін болсақ, алдағы аптаның ішінде сізге жаңа компьютер әкелініп берілетін болады. Біз биыл аймағымыздың мүмкіндігі шектеулі балалары үшін арнайы 270 компьютер алып, тараттық», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.

Ақтал, Жаңа жұлдыз, Красновка, Михайловка, Буденовка, Есқара, Жамбыл, Озерное секілді тағы бірқатар ауылдарда болған аймақ басшысы мектеп, медициналық-амбулаториялық бөлімше, мәдениет үйі сынды әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ шаруа қожалықтарында болды. Мысалы, Жаңа жұлдыз ауылындағы «Бақауов» шаруа қожалығы - аудандағы ірі ауыл шаруашылық кәсіпкерліктерінің бірі. Олар өз жұмысында заманауи технологияларды көптеп қолданатындардың қатарында. Мысалы, алынған өнімді сақтаудың бір әдісі ретінде әрқайсысының сыйымдылығы жүздеген тоннаны құрайтын алып қаптарды қолдануды алғашқылардың бірі болып нақ осы шаруашылық бастаған. Бір артықшылығы, оған салынған өнім бірнеше ай бойына бұзылмай сақталатын көрінеді. Қазірдің өзінде мұндай қаптарға 5 мың тонна өнім салып үлгеріпті. Бұл қаржы тұрғысынан да тиімді, дейді аталмыш шаруа қожалығы басшыларының бірі Марат Бақауов. Мұндай технология үшінші жыл қатарынан қолданылып келеді. Бұл қаптарды сатып алуға жалпы сомасы 42 мың АҚШ доллары жұмсалған. Шаруашылық иесі бұл шығын бір жылдың ішінде-ақ ақталып шығады дейді. «Бақауов» қожалығы сонымен қатар асыл тұқымды мал, қаз өсірумен де айналысады.

Жаңа жұлдыз ауылында аймақ басшысы аудандағы бірқатар шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Бір қуанарлығы, жергілікті кәсіпкерлер тек өз қамдарын ғана күйттеуден аулақ. Олар мүмкіндігінше ауылдықтарға көмек қолын созып келеді. Мысалы, биыл жоғарыда аталған «Бақауов», сондай-ақ «Жұмабек», «Исабеков», «Айтуаров», «Мельник» шаруа қожалықтары бірігіп, мәдениет үйін ашу үшін жалпы құны 2,5 миллион теңгені құрайтын үлкен ғимарат сатып алған. Онымен қоса, бұған дейін жеке меншік кәсіпкердің қолында болған аталмыш нысанды сатып алып қана қоймай, мемлекет еншісіне қайтарған. Енді бұл ғимаратты жөндеп, мәдениет үйін ашу ісі аудан әкімдігіне жүктеліп отыр. Аймақ басшысы бұл бастаманың қалай да аяқсыз қалмайтындығын жеткізді. Тағы бір ерекше назар аударарлық жайт - железинкалық шаруалар биылғы жылғы егін шығымының нашар болғандығына қарамастан, жұмылып, мемлекеттік тұрақтандыру қорына уақытылы, қажетті көлемде астық жинап берген. «Мен сіздерге сол үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Биылғыдай қуаңшылық, қиын жағдайға қарамастан, ұйымшылдық таныта білдіңіздер. Бұл - сіздердің - аймағымыздың шаруа қожалықтары тарапынан көрсетілген шынайы ұлтжандылық деп білем. Осының арқасында қалаларымызда нанға деген баға тұрақты түрде сақталатын болады», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев. Сондай-ақ аймақ басшысы Ақтал, Красновка ауылдарындағы «Благодатное», «Мако» шаруашылық қожалықтарында болды.

Михайловка ауылдық округіне ат басын тіреген облыс әкімі оның жалпы жағдайына, даму деңгейіне оң бағасын берді. Әсіресе білім ошағының жағдайы көңіл көншітерліктей. Мектептің материалдық базасы жақсы. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шағын орталық бар. Мұнда үш топ жұмыс істейді. Әрқайсысында он алты бүлдіршіннен тәрбиеленуде. Онымен қоса, оқу ордасының жанында интернат орналасқан. Онда аталмыш ауылдық округке қарасты Красновка, Мыңкөл елді мекендерінен келген балалар тұрып, осында білім алады. Әсіресе, мектептің шеберханасы ерекше көңіл аударуға тұрарлық. Мұндағы балалардың қолынан шыққан туындыларға кез-келген қолөнер шебері қызыға қарайтындай. Ағаштан ойып жасалған кеменің, ұшақтың, басқа да бұйымдардың түр-түрі көздің жауын аларлықтай. Әрине, оның барлығын оқушылардың өздері жалғыз істемегендігі белгілі. Бұл ретте мектептегі еңбек пәнінің мұғалімі, қолөнер үйірмесінің жетекшісі Александр Болониннің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Оның шәкірттері аудандық, облыстық жарыстарда үздіктер қатарында. Дегенмен әттеген-ай дейтін тұстар да жоқ емес. Мектептің спорт залы апаттық жағдайда тұр. Соның салдарынан оқушылар көбіне далада жаттығатын көрінеді. Жазда доп теуіп, қыста шаңғыдан түспейді. Облыс әкімі денешынықтыру залын жөндеу ісі міндетті түрде қолға алынатындығын жеткізді. Сондай-ақ Михайловка ауылында мәдениет үйі жоқ.

Ауылда биыл су құбырын тарту ісі басталды. Қазір он шақырымға құбыр төселген. Шамамен тоғыз жүз метрден астам ұңғыма қазылыпты. Бүгінгі күнге дейін 151 отбасына құбыр тартылған. Осы аптада ол үйлердің барлығына су жіберілмек. Бұл жұмыстың алғашқы кезеңіне елу миллион теңге бөлінген. Оны толығымен игеріпті. Бірақ әзірге берілген басқа қаражат жоқ. Жұмысты тоқтатпауды ойлаған мердігер кәсіпорын басшылығы ұңғыма қазуды өз қаражатына жалғастыруды шешкен. Жалпы жоба үш жылға жоспарланыпты. Дегенмен, барлық қаржы уақытылы бөлінсе, жұмысты мерзімінен әлдеқайда бұрын толығымен аяқтауға болар еді дейді кәсіпкерлер.

Есқара ауылында болған аймақ басшысы жергілікті мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Ауыл халқы бүгінгі тұрмыстарына разы екендіктерін білдірді. Өткен жылы ауылға жаңадан мешіт тұрғызылыпты. «Жол картасы» бағдарламасы аясында мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілген. Жалпы, соңғы жылдары қарқынды түрде қолға алынған ауылды көркейтуге бағытталған түрлі игі шаралардың жемісін көріп, қуанып отырмыз дейді олар. Және бұл жетістіктердің барлығын тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыратындықтарын айтты. Тұрғындар тарапынан бірқатар мәселелер де көтерілді. Оның бірі және өзектісі – жол. Аймақ басшысы, қазіргі таңда облысымызда республикалық маңыздағы жолдар жөнделіп жатқанын жеткізді. Уақыт өте келе, көп ұзамай кезек аудандық жолдарға да келеді. Онымен қоса, бүгінде Үкімет тарапынан да осы жол мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Демек, ауылдықтарға енді біраз шыдай тұру қажет. Сондай-ақ елді мекенде пошта бөлімшесі жоқ. Хат-хабар алмасу қиын. Халық мерзімдік басылым - газет, журналдарды уақытылы ала алмайды. Бұл мәселе де бақылауға алынды. Сондықтан жақын болашақта Есқара ауылында пошта бөлімшесі ашылады деп айтуға толық негіз бар. Тағы бір атап өтерлігі, бүгінде облыс орталығында білім алып жүрген Есқара ауылының жастары оқуларын бітіргесін өздерінің туған мекендеріне қайтып келуді қалайтын көрінеді. Жас мамандардың ауылға келеміз дегені - қуанышты, әрине. Бірақ тұрғын үйдің жоқтығы мәселесі өзекті тұр.

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Б.Сағынтаев ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігіне оң бағасын берді. «Жалпы, аудандағы ауылдардың басым бөлігінің әлеуметтік, экономикалық жағдайы жақсы екендігін көрдік. Әрине, мәселелер де жоқ емес. Олардың да уақыт өте келе өздерінің оң шешімін тауып жатқандығы байқалады. Мысалы, мәдени ошақтары жоқ ауылдарда мәдениет үйлері ашылуда. Дәріханалар мәселесі де шешілуде. Бүгінде халық сұранысына сәйкес барлық қажетті дәрі-дәрмектер жеткізілуде. Басқа аудандардың шалғай ауылдарындағыдай мұнда да қазақстандық телеарналар көрсетпейді екен. Бұл мәселе бірінші желтоқсаннан бастап шешіледі. Жыл соңында қазақстандық сандық үлгідегі телевидение іске қосылмақ. Сапар барысында тұрғындар тарапынан айтылған барлық өтініштер, анықталған әлеуметтік мәселелер бақылауға алынып, шешілетін болады. Әрине, барлығын бір демде шешіп тастау мүмкін емес. Қазір шегеруді күтпейтін, бірінші кезектегі мәселелерді қарастырамыз», - деді аймақ басшысы.

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 10 11 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30