КЕНДІ АЙМАҚТЫҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ КЕЛІСТІ

Баянауыл ауданына бара қалсаң, жолшыбай өндірісі дамып, қанатын кең жайып келе жатқан кентке тап боласың. Алтынды Майқайың кенті осы. Шағын қалашық деуге де тұрарлық. Әйгілі алтын кеніші, әктас шығаратын өндіріс орындары осында орналасқан. Түрлі ұлт өкілінен құралған жұмысшылар кентіндегі қайнаған еңбек бір тынып көрген емес. Елді мекеннің кент атауы болғанымен, осыдан он шақты жыл бұрын оған ауылдық округ мәртебесі берілді. Он мыңға тарта халқы бар кенттің өз ерекшеліктері басым. Соңғы уақыттары онда қуанышты жаңалықтар көптеп орын алып, тіршілік жанданып келеді. Жақында елді мекенде арнайы болып, тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысудың сәті де түсті.

 

Әлеуметтік салада өзгеріс мол

Біздің байқағанымыз, әлеуметтік саладағы бірқатар өзекті мәселелерді шешуге бағыт ұсталыпты. Соның ішінде «Ауыз су» бағдарламасы бойынша бірнеше жобалар жүзеге асырылып та үлгерілген. Жеке үйлерге құбырлар бойымен ауыз су жүгіріп тұр. Алдағы қысқа елді мекеннің дайындығы туралы кент әкімі Орда Ермекбаев біраз шараларды тілге тиек етті. Бұл өңірдің қысы әдетте қытымырлау болып келеді. Елді мекеннің биіктеу тұста қоныс тепкені себеп болар, қысы-жазы бұл жерде жел соғып тұрады. Сондықтан да үй жылыту оңайға түспейді. Оның үстіне әр кезде көмір сапасы әрқилы болатыны және бар. Кен-байыту комбинатыбүтіндей кенттің өміріне қан жүгіртіп отырған күретамыр. Алпысқа жуық көпқабатты тұрғын үйді қыс бойы жылумен қамтамасыз етеді. Бұған дейін тұрғындарды орталық көше бойындағы жылу жүйесі мен су құбырларының талай жылдан бері жөндеу көрмей келгені қинайтын. Тозығы жеткен құбырлар әрең дегенде пайдаға жарап жүрді. Жамала-жамала жемір болған жылу желісі қыс ортасы қақаған аязда жарылып, әуре-сарсаңға салатын. Пәтерлерге жылу да, су да ауадай қажет екені белгілі. Аудан бюджеті шағын, ескі жылу жүйесін жөндеуге шамасы келмеді.

Бұл қиындықтан Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында жүзеге асқан «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы құтқарды. Кенттегі апатты жағдайда тұрған жылу жүйесінің көп бөлігі ауыстырылды. 2009 жылы аталмыш бағдарлама бойынша кентке 114 миллион теңге қаражат бөлініп, көптеген әлеуметтік нысандар жөнделді.

Майқайыңда 2 мыңнан астам шетелден оралған қандастарымыз өмір сүруде. Мұндағы әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген жанұялардың негізгі бөлігін құрайтындар солар. Дегенмен оралман ағайындарға мемлекет тарапынан көмек тұрақты көрсетіліп, аудан басшылығы да жағдайларын жасап отыр. Ер азаматтардың көбісі жергілікті кәсіпорындарда еңбек етеді. Атап өтерлігі, кенттегі еңбекақы да жоғары. Әрбір жұмыскер айына орташа есеппен 40-50 мың теңге табыс табады.

Кентте елуге жуық дүкен жұмыс істейді. «Кең дала» ауылдық тұтынушылар кооперативі былтыр заманға сай қасапхана ашып, тұрғындардың көңілін бір көтеріп тастаған. Қалаған адам қасапханаға барып малын сойдырып, сатуға мал дәрігерінің рұқсат қағазын алады. «Кең дала» кооперативінде бұған қоса наубайхана тұрақты жұмыс істейді, тәтті тағамдар әзірлеп, тұшпара шығарады. Еттен жартылай фабрикаттар дайындайды. Өнімдері ауданда және Екібастұз қаласында жоғары сұранысқа ие. Бүгінде аталмыш кәсіпорынның өнімдерін тұтынушылар сеніммен сатып алады.

 

Кемел келешек кепілі

Ауылдың гүлденуі негізінде оны көріктендірумен, бүкіл жағдайын жақсартумен ғана бітпесе керек. Сол ауылдың болашағы қандай деген мәселе де көкейде тұрғаны дұрыс секілді. Майқайыңның өз басында екі мектеп жұмыс істеп тұр. Бірі таза қазақ тілінде білім берсе, екіншісі орыс тілінде сабақ жүргізеді. Қос мектеп те биыл өздерінің сексен жылдық мерейтойларын атап өткен жайлары бар. №1 қазақ орта мектебінде 746 бала білім алуда. Мектеп алды даярлық тобында қырық жеті бала тәрбиеленуде. Білім ошағында ұлттық өнерге, оның ішінде қолөнершілікке баса көңіл бөлінеді. Ағылшын тілі екінші сыныптан оқытылатыны мұндағы сапалы білімді айшықтай түскендей. Былтырғы оқу жылында Баянауыл ауданынан облыстық пән олимпиадасына жеті оқушы барса, соның бесеуі осы мектептен қатысқан. Математика, физика, информатика, қазақ тілі мен әдебиеті, биология пәндері тереңдетіліп оқытылады. Жалпы саны сексен алты мұғалім еңбек етсе, оның алпыс алтысы жоғары білімді. Келер жылдан бастап мектепте гимназия сыныбы да жұмыс істей бастайды, деді білім ордасының директоры Рымтай Макина. Мұндағы технология пәнінің мұғалімдері Бақыт Әліпбекова мен Қанипа Төлеген оқушы қыз балалардың қолынан шыққан ұлттық бұйымдарын жайып салды. Он саусақтары майысып кесте тігіп, тоқымамен айналысқан бойжеткендердің еңбектері бүгінде аудан тарапынан жоғары бағаланып жатқанға ұқсайды.

Ольга Харитонова басшылық жасайтын №2 Майқайың мектебінде алты жүздей бала оқиды. Бір қызығы, мектептегі ұстаздар ұжымының сексен пайызы атаулы білім ошағының бұрынғы түлектері. Осы мектепті тәмамдаған жастардың көбісі жоғары білім алған соң туған ауылдарына келіп, осы мектепке жұмысқа орналасуға құштар. Биыл жаңадан оқу бітірген үш жас маман мектепке еңбек етуге келсе, оның екеуі жергілікті жерден туған жастар болып шықты. Құралай Қабдрашитова физика пәнінің ұстазы болса, Ғалия Ғалымова информатикадан сабақ береді. Өз ниеттерімен сұранып келген оларға көтермеақы уақытында төленіп, бес жылға еңбек келісімшарты жасалған. Алғашқы еңбек жолдары туған мектептерінен басталғанына қуанышты екенін жасырмады, бүгінде аға буын ұстаздардың көмегімен тәжірибелерін жетілдіріп жатқандарын айтты.

Кенттегі «Ұшқын» балабақшасының жұмысы да көңілге қонымды көрінді. Мұнда жүзден астам бала тәрбиеленеді. Мекемені негізінен қазақ топтары құрайды. Тәрбиешілер ұжымы білікті мамандардан құралған. Балалардың ойын, жатын бөлмелері қажетті құрал-жабдықпен, ойыншықтармен жеткілікті қамтылған. Кішкене бүлдіршіндердің шат күлкісі жылы ғимарат ішін шаттыққа бөлеп, келісті орта қалыптасқан.

 

 

Ойланбай жасалған бастама сан соқтырды

Ойланбай жасалған бастаманың соңы өкінішті болатыны айдан анық. 1999 жылы Майқайың кентінің ауылдық округ мәртебесін алуы көптеген күрделі мәселелерге апарып соқтырды. Әу баста аудан, кент басшылығы, ҚР Парламентінің депутаттары кент мәртебесін алып тастау мақсатында талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Негізгі мақсатауылды жерлердегі бюджет қызметкерлеріне қосылатын үстеме еңбекақыны майқайыңдықтарға қолжетімді ету еді. Мәселе біраз сөзбұйдаға салынса да, кейін ресми түрде оған ауылдық округ мәртебесі берілді. Дегенмен кент тұрғындары да, басшы буын да бұл қуаныштың арты ұзаққа созылмайтынын болжай алмаған-ды. Жылдар өте келе біраз түйткілдер бой көрсете бастады. Соның ішінде елді мекендегі денсаулық сақтау саласы күрт төмендеп кетті. Аудан орталығындағы орталық аурухананың ауылдық учаскелік бөлімшесі болып саналғандықтан, Майқайыңдағы аурухана мен емхананың өрісі тарылды.

Ең алдымен, мұндағы жоғары білікті дәрігер мамандардың саны күрт азайды. Одан соң кенттегі жедел жәрдем көлігі баланстан шығарылды. Себеп не? Себеп - ауылдық округ мәртебесін алған елді мекенде штат саны аз болуымен қатар жедел жәрдем көлігін ұстауға қаражат бөлінбейді, неврологиялық, хирургиялық, терапиялық басқа да ауру түрлері емделмейді. Рұқсат жоқ, дәрі-дәрмек те қарастырылмаған. Емделгің келсе, жергілікті дәрігерден жолдама алып, 90 шақырым жердегі аудан орталығына не Екібастұз қаласына бару қажет. Тұрғындардың осы ретте өкпелері қара қазандай көрінді.

Қазіргі күні Майқайыңдағы емханада 4 терапевт, 1 гинеколог, 1 хирург, 2 педиатр, 1 рентгенолог маман ғана бар. Кент тұрғындары көз, құлақ дәрігері, невропотолог секілді мамандардың көмегіне аса зәру. Мұнда 10 мыңдай халық тұрады. Емхананың бас дәрігері Рымкеш Жүсіпованың сөзінше, күніне мекемеге кем дегенде екі жүз адам қаралуға келеді. Келушілердің көбісі егде жастағы тұрғындар. Олардың біразын тәулік бойы жұмыс істейтін стационарға жатқызу қажет. Алайда ондағы 20 төсек тым аз. Сондықтан кейбір науқастарға кезек күтуге тура келеді. Осы күнге дейін аурухана төсектері бір күнде бос қалып көрмепті. Биылға дейін мұнда 30 төсек тұрған, ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің қолданысқа енуімен қатар стационардағы 10 төсек қысқартылып кеткен. Осылайша, ем сұрап келгендер шыбын жанының тілеуін тілеп, кезек күтіп үйінде жатады. Қаржысы барлары Екібастұз қаласындағы медициналық мекемелерге барып емделіп қайтады.

- Емхана қызметкерлеріне, әсіресе, жаздың күні ауыр тиеді. Баянауылға демалуға ағылатын көпшілік жолшыбай аяқ астынан түрлі жарақаттар алып немесе сырқаттанып, мекемеге келеді. Кейде қажетті ем-домды жасауға мүмкіншілік те болмай жатады. Халық бұрынғы кент мәртебесін алып беруді сұрайды. Егер ол қайтарылса, біздің жағдайымыз дұрысталып, өз алдымызға заңды тұлға ретінде құрыламыз. Өз қаражатымызды басқарып, жедел жәрдем көлігінің мәселесі шешіледі. Түрлі ауруларды өз бетімізбен емдер едік. Осы мәселенің айтылып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Облыс басшылары түйінді тарқатуға қол ұшын берсе,- деп тілек айтты бас дәрігер Р.Жүсіпова.

Кенді аймақта өндіріс мол шоғырланғанынан болар, кейінгі уақытта онкологиялық ауру түрлері көбейе түскен. Соңғы есеппен елді мекенде 46 адам түрлі ісік ауруларына шалдыққаны мәлім болып отыр. Туберкулезбен жаңадан сырқаттанғандар саны жыл санап азайып келе жатқаны көңіл қуантқанымен, жүрек ауруларына ұшырағандар қатары қырыққа жуық. Іссапарымыздың барысында байқағанымыздай, бізбен бірге облыс орталығынан келген кардиолог маман Әсем Жәнісоваға жарты күннің ішінде отыздан астам адам келіп қаралды.

 

Кент білікті кадрларға зәру

Майқайыңның өндірісті орта екендігін ескерсек, мұнда орта буынды кәсіби мамандықтарға деген сұраныстың жоғары болуы табиғи жағдай. Газ-электрдәнекерлеушілер, тау-кен ісінің шебері, электриктер кентте қат саналады. Жер-жерден келіп жұмыс істеп жатқан жастардың көбісінің арнайы білімі жоқ. Соның салдарынан олардың дені қара жұмысты кәсіп қылады. Кәсіпорын басшылары арнайы білімі бар мамандар болса одан тәжірибелі кадр даярлауға барынша күш жұмылдыратыны байқалды. Жыл сайын Павлодар мен Екібастұз қалаларындағы кәсіптік оқу орындарына көптеген жастар оқуға жіберіледі. Дегенмен жыл санап өндіріс орындарының кеңейіп, өнім өндіру көрсеткіштерінің артуы білікті мамандардың көбеюін талап етуде. Осы күні елді мекенде білікті маман мәселесі де алдыңғы қатарға шығып үлгерген.

Кент әкімі Орда Қайыржанұлы бұл мәселені шешудің жолыжергілікті жерде кәсіптік оқу орнын ашу қажет деп санайды. Орта кәсіптік оқу орны ашылса, оған өз бетімен білім алуға ниет білдірушілер қатары артатыны сөзсіз дейді ол. Ауданда өндірістік бағытта білім беретін арнайы оқу орны жоқ. Басқа қалаларға барып оқуға жастардың көбісі құлық танытпайды не әлеуметтік жағдайлары көтермейді. «Әрине, біздің облыста орта буын жұмысшы маман кадрлар даярлайтын лицейлер аз емес. Алайда олардың ұшырған түлектері көп жағдайда ауылдарға бармайды. Оларды өздеріне шақырып, жағдай жасап жатқандар көп емес. Сондықтан ең дұрысы жергілікті жерде кәсіптік мектеп құру керек», дейді О.Ермекбаев. Бұл бастама қазіргі күні аудан тарапынан қолдауға ие болған. Ендігі кезекте облыс көлемінде мәселе етіп көтеру ойластырылуда. Оқу орны ашылса ауылдың ажарын ашамын, әлеуетін көтеремін, жаңа леп, тың серпін беремін деген жастарға жарқын жол ашылады деген сенім мол.

Атап өтерлігі, Майқайыңдағы «Майқайың алтын» компаниясы мен «Керегетас» кенішінде соңғы уақыттары игі бастамалар бой көтеруде. Кент тұрғындары тұрақты еңбек етеді. Қос кәсіпорын да дағдарыс уақытында жұмысшыларын қысқартқан жоқ. Өндіріс орындары басқа да әлеуметтік бағыттағы шаруаларға демеушілік жасайды.

Мұрат АЯҒАНОВ.

Майқайың кенті,

Баянауыл ауданы.

 

Пікір қосу


Қорғау коды
Жаңалау

Яндекс.Метрика

«Жас times»

15 Мамыр 2012, 18.30
БАСЫЛЫМНЫҢ БАҒЫТЫ ӨЗГЕРДІ
«Регион.kz» газеті жастар жаршысына айналады Таяуда облыс әкімі Ерлан Арын аймақтағы шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен  өткізген кездесуде жергілікті бұқаралық ақпарат...

«Тұлға»

03 Мамыр 2012, 18.30
  дейді Ұлы Отан соғысының ардагері, КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қантай Елубаева   Қырқыншы жылдардың...

Мұрағат

< Қараша 2010 >
Д С С Б Ж С Ж
1 2 3 4 5 6 7
8 9 10 12 13 14
15 16 17 18 19 20 21
22 23 24 25 26 27 28
29 30