Әсіресе ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту бойынша Железинка облысымыздың басқа аудандарына өнеге бола алады. Сонымен қатар мұнда жұмыссыздықпен күрес шаралары да нәтижелі болып отыр. Аудан басшылығы жеке кәсіпкермен тізе қосып, тұрмысы нашар отбасыларды қолдаудың тың жолын тапқан. Басқа да салалар бойынша қол жеткен табыстар баршылық. Мұның бәрі дәл осы ауданның республикамыздың 160 ауылдық мекені арасында озықтар қатарынан лайықты орын алғанын дәлелдей түседі. Бейсенбі күні облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевтың алдында Железинка ауданының әкімі Жанат Шұғаев астықты ауданның даму мүмкіндіктері мен мәселелері жөнінде егжей-тегжейлі баяндады.
Жыл аяқтала қоймаса да, Железинка ауданының шаруашылықтары 4 млрд. 800 млн. теңгеден астам соманың өнімдерін шығарып, табысқа кенелген. Соңғы жылдары арта түскен мемлекеттік қолдау оң нәтиже бергені байқалады. Барлық мал түрінің көбейгені де - соның дәлелі. Таяу арада ауданда асыл тұқымды шаруашылықтың саны беске жетеді деген жоспар бар. Бүгінде «Бақауов» және «Жаңабет» шаруа қожалықтарының әрқайсысында он мыңнан астам құс өсіріледі. Шаруашылық иелері кәсіптерін одан әрі дмаыта түспек ойда. Жалпы, биыл аудан кәсіпкерлері 27 ауыл шаруашылығы техникасын жаңадан сатып алған.
Ж.Шұғаевтың айтуынша, кәсіпкерлер ауылдықтардың тұрмысына да қарайласады. Мәселен, «Нөкер» ауылдық тұтынушылар кооперативінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Қ.Нөкенов ауылдағы тұрғындары сауын сиырлар үлестірген. Асыл тұқымды сиырлар сүтті де көп береді. Тұрғындар кооперативке сүттің литрін 30 теңгеден өткізеді. Қысқы жем-азықпен қамтуға кәсіпкердің өзі қол ұшын береді. Еріншектігінен гөрі еңбекқорлығы танылған ауыл адамдары осылайша күнделікті ас-суын айырып отыр. Үкіметтің тұрмысы нашарларға беретін атаулы әлеуметтік көмегіне қарап қалмайтын болған. Оң тәжірибеге қызығушылық білдірген облыс әкімі бұл бастаманы құптады.
Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған шаралар да ауданда көрініс тапқан. Аудан басшылығы «Дан-Құс» серіктестігінің суармалы алқаптарды қайтадан іске қосу жөніндегі бастамасын қуаттап отыр. Жалпы, Железинка ауданында бизнес үшін оң жағдай жасалып жатқанын кеңесте облыстық басқарма басшылары да атап өтті. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Г.Давдрикова жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандарының үлесі бойынша ауданның басқалардан гөрі көш ілгері екенін жеткізді. Әдетте тіркеуде тұрғанымен көптеген бизнес субъектілері іс жүзінде тоқтап тұрады. Яғни саны бар да, сапасы жоқ болып шығады. Осы тақырып қозғалғанда аймақ басшысы жұмыс істемейтін кәсіпорындарды есептеп шығару жөнінде әділет мекемелерімен бірлескен істерді әрі қарай жүргізуді тапсырды.
Железинка ауылының тұрғындары орталықтандырылған су және жылу жүйелерімен де қамтылған. Мұндай жағдай әр аудан орталығында бар деп мақтана алмаспыз. Жанат Рашитұлының айтуынша, тұтынушыларға «Көмек» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызмет көрсетеді. Айтпақшы, ауданда жол жөндеу мәселесі біршама ілгерілеген. Былтыр берілген 60 млн. теңгеге баяғыдан бері жыр болып келе жатқан Озерное-Басмашы бағыты бойынша жол біршама тегістеліп қалған. Десе де, Қашыр-Михайловка жолын қолға алу керек. Облыс әкімі бұл мәселенің өзекті екенін құптады. Аталған жолмен астық қана емес, көмір де тасымалданады. Кеңесте автокөлік жолдарын дамыту жөніндегі комитеттің өкілі келер жылы республика қаржысына сөз етілген жолды қиыршық тастармен тегістеу ісі жоспарланғанын айтты.
Білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша да железинкалықтардың көрсеткіші жоғары. Өткен жылдың бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша жергілікті оқушылардың жинаған орташа ұпайы 84,7 балл болды. «Шын мәнінде, оқушыларымыз бұдан да артық нәтижелерге ие болар еді. Бірақ жыл сайын ондаған талантты түлегіміз тестілеуге қатыспай, көршілес жатқан Ресейдің оқу орындарына түсіп кетеді», деді сөз арасында аудан әкімі.
Келер жылы барлық мектептер жаңа компьютерлермен жабдықталып болады. Бүгінде 36 білім ошағының бәрі интернет мүмкіндіктерін пайдалана алады. Айтпақшы ауданда балабақшамен қамту деңгейі бүгінде жетпіс пайызды құрап отыр. Бұл - жеткіліксіз. Аудан басшысы қосымша орындар ашу арқылы кезекте тұрған балдырғандардың бәрі қамтылады дегенді айтты.
Дегенмен шалғай жатқан ауылдарда мәселелер бар. Олармен жуырда ауданды аралаған облыс әкімі Бақытжан Әбдірұлы өзі танысып шыққан. Облыс әкімі апта басында өткен жиналыста 55 бала оқитын Мыңкөл ауылында шағын да болса талапқа сай мектепті салып беру жоспарланғанын мәлімдеді. Тұрғыны көп Михайловка ауылындағы мектепке спорт залы қажет. «Егер аудан бюджетінен қоса қаржыландыру болса, оған да көмектесеміз», деді аймақ басшысы. Осы жерде ескертілген бір мәселе, аудандағылар әлдебір нысанның құрылысына қаржы сұрамас бұрын алдымен оның жобалық-сметалық құжаттарын жөндеп алғаны дұрыс. Егер олай болмаған жағдайда қаражат кезек күтпейтін басқа ауданның әлеуметтік қажеттілігіне жұмсалады.
Б.Сағынтаев шекараға жақын ауыл тұрғындарының Қазақстан мен Ресей қалалары арасында қатынайтын пойыздармен жүруіне байланысты мүмкіндіктердің нақтыланып жатқанын айтты. Негізі, арнайы шекаралық бекет болмаған жағдайда шекараның ар жағынан келетін пойыздар жолай аялдамауға тиіс. Ал егер аялдап тоқтайтын болса, онда әрине, жергілікті тұрғындарға неге пайдаланбасқа? Бұл мәселеге байланысты Астанадағы құзырлы мекемелерге хат жіберілді.
Облыс әкімі шалғай ауылдарда «Қазпошта» қызметінің жетпей жатқанын сынады. Соның салдарынан газетке жазылу мәселесі де кемшін болып отыр. Дәл осы мәселе бұған дейін де басқа аудандарға барғанда көтерілген. Бірақ одан сабақ алып жатқан, тиісті талдаулар жасап жатқан пошта мекемесі болмады. Сондықтан облыс басшысы жедел түрде орындалуға тиіс тапсырма берді. Әр ауылда жеке пошта ғимараты болмай-ақ қойсын, бірақ газет тарататын қызметкер болуы керек.
Кеңесте телефондандыру мәселесі қозғалды. Жеке тұрғындар ғана емес, жырақта жатқан мәдениет ошақтары мен кітапханалар да телефон байланысына зәру. Бұл мәселелерді шешу «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалының бас директоры А.Күзековке жүктелді. Ал республикалық телехабарлар көру мүмкіндігі спутниктік сандық желі құрылған бойда пайда болады.
Кеңесті қорытындылай келе, облыс әкімі Железинка ауданындағы берекелі істерді одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.


