АВТОБУС КІЛТІ ТАБЫС ЕТІЛДІ
Достық ауылдық аймағында ұзақ жылдар күн тәртібінен түспеген өзекті мәселелердің бірі шешімін тапты. Қала әкімі атынан Достық мектебіне құны 4 миллион 200 мың теңгені құрайтын 25 орындық “ПАЗ 2498 МК” маркалы жаңа автобус сыйға тартылды.
Қуанышқа кенелген мектептің кіші топтағы оқушылары мен Эрика Кольмаер ұстаз дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Оқушылар мен ата-аналар атынан мұндай тартуға риза болған мектеп директоры Гүлнар Қожанова, Төртқұдық бөлімшесінің түлегі Мереке Рамазан, Достық мектебінің ардагер-ұстазы Зоя Бейсембаева ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымының атынан балаларға жасалған қамқорлық үшін қала басшылығына алғыстарын білдірді.
Енді қыстың суық күндері тасымалмен келетін оқушылардың ата-аналарына алаңдаушылық туындамайтын болды. Төртқұдық бөлімшесінің 22 оқушысы мен кіші Парамоновка ауылының 6 оқушысы еш қиындықсыз жылы әрі жаңа, ыңғайлы автобуспен жеткізіліп тұрады.
ҚАЛАЛЫҚ БАЙҚАУ
№ 1-ші қазақ орта мектебінде ішкі саясат бөлімі және білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен педагогтардың кәсіби шеберлігін айқындайтын қалалық байқау өтті.
Басты мақсат - мұғалімнің қоғамдағы беделі мен дәрежесін көтеру, білім берудегі инновацияны дамыту, дарынды педагогтарды айқындау және өзіндік дамуына қолдау жасау.
Шараға қала және ауылдық аймақтардың тарих пәнінің тәжірибелі ұстаздары Мағрипа Айдарова, Ләйлә Баймуринова, Әлия Қалқабаева, Зоя Бохой, Айгүл Осипова, Катя Құсайын, Әлия Әбелдинова, Дастан Қайырбеков, Еркежан Артес қатысты. Сайыс 25 минутты құрайтын бейне сабақ, сабақты бағалау және өзін-өзі таныстыру кезеңдерінен тұрды. Еңбек жолын жаңа бастаған жас мұғалімдер мен әділ қазылар алдында мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген ұстаздар өз біліктіліктері мен білімдерін ортаға салды. Байқау барысында сайысқа қатысушының жаңа технологиялар мен әдіс-тәсілдерді қолдана білуіне және жұмысты тиімді ұйымдастыру қабілетіне баса назар аударылды. «Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы» демекші, ұстаз қаншалықты білімді, талантты, шығармашыл болса, шәкіртінің де алар асуы, бағындырар белесі де биік болары сөзсіз. Нәтижелі еңбек үшін бағыт-бағдар беріп, тәжірибе алмасуды көздеген байқауға қатысушылар өздерін таныстырған соң кәсіби жетістіктеріне тоқталды.
1-орынды № 2 қазақ орта мектебінің мұғалімі Мағрипа Айдарова, 2-орынды М.Қабылбеков атындағы мектептің мұғалімі Әлия Қалқабаева, 3-орынды С.Дөнентаев атындағы мектептің мұғалімі Зоя Бохой иеленді. Қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Валентина Хохлова жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ сайысқа қатысқан барлық ұстаздар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
БІР ЕЛ – БІР ТАҒДЫР
Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына, қоғамдық келісімнің кепіліне, тұтастықтың тұтқасына, бірліктің діңгегіне, достықтың дәнекеріне айналғаны белгілі. Мәдениет сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына арналған «Бір ел – бір тағдыр» атты этно-мәдени бірлестіктерінің аймақтық форумы өтті.
Қала әкімі Оразгелді Қайыргелдинов барша қауымды айтулы мерекемен құттықтап, барлық этно-мәдени бірлестіктерді «Ел бірлігі» доктринасын бірлесе іске асыруға шақырды. Бұдан кейін қала әкімі Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдығына арналған «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Ақсу қаласы филиалының мадақтамаларымен марапаттау рәсімін өткізді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, славян этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Валентина Солдаткина Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 16-шы сессиясында қойған мақсат-міндеттер мен бүгінгі таңда еліміздің этносаралық достық пен азаматтық қоғамды жетілдіру бағытындағы зор жетістіктерді атап өтті. Сондай-ақ, неміс этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Галина Тронина, АҚШ-тың Бейбітшілік корпусының волонтері Брайн Гиллесли ізгі тілектерін білдірді.
Аймақтық форум Мәдениет сарайы мен балалар шығармашылығы үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
А.СЕЙСЕНБАЕВА.

