аймақ басшысы тарапынан оң бағаға ие болды
Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Ертіс ауданында болды. Астықты өлке тұрғындарының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан аймақ басшысы ауданның экономикалық даму көрсеткіштеріне оң бағасын берді. Дегенмен кейбір кемшін кеткен тұстар да анықталды. Әсіресе әлеуметтік сала бойынша жұмыстар әлі де болсын жетілдіруді қажет ететіндігі байқалады. Бірақ бұл шешілмейтін мәселелер емес. Бел шеше кіріссең, әрбір істің орайын табуға болады емес пе? Бұл ретте аймақ басшысы аудан әкімі Владимир Левченкоға тиісті тапсырмалар берді.
Жұмыс сапарын аудан орталығынан шалғай орналасқан Қызылағаш ауылынан бастаған облыс әкімі Б.Сағынтаев жергілікті тұрғындармен кездесті. Бүгінгі тұрмыстарына қанағатшылдық білдіріп, жалпы аймақ бойынша, ауданда қолға алынып жатқан көптеген игілікті істерге ризашылықтарын айтқан ауыл халқы көкейдегі күпті мәселелерін де іркіп қалмады. Солардың бірі әрі бастысы - мектептегі орын тапшылығы. Бір қуанарлығы, ауылда бала саны жылдан-жылға өсіп келеді. Жергілікті білім ошағында шағын орталық жұмыс істейді. Мұнда бүгінде оннан аса бала тәрбиеленуде. Дегенмен, ауылда мектеп жасына дейінгі білім беру мекемесімен қамтамасыз етілмеген, яғни шағын орталыққа кезекте тұрған тағы осыншама бала бар көрінеді. Осыны ескерсек, енді шамамен 3-4 жылда мектепке оқушылар мүлде сыймауы мүмкін, дейді тұрғындар. Аймақ басшысы бұл мәселені қолға алатындығын жеткізді. Және оны шешудің бірнеше ұтымды жолдары қарастырылмақ. Мысалы, ауылға жеке шағын орталық тұрғызуға болады. Сонда мектеп ішіндегі аталмыш орталыққа берілген сыныптар босайтын еді.
Тағы бір мәселе. Қызылағаштықтардың аудан орталығына барып-келуі қиынға түсіп отыр. Себебі жолаушыларды тасымалдаушы көлік бұл ауылға кірмейтін көрінеді. Автобус жүргізушісі мұны ауданға қатынайтын халық санының аздығымен түсіндіріп отыр. Облыс әкімі Б.Сағынтаев бұл олқылықты түзетуді тапсырды. Жолаушылар болсын, болмасын, бірақ қоғамдық көлік елді мекенге міндетті түрде қатынауы тиіс.
Өкінішке қарай, мамандардың айтуына қарағанда, соңғы жылдары Ертіс ауданында жүрек ишемиясы сырқаты белең алып отыр. Шалғай орналасқан елді мекен тұрғындарын медициналық тексеруден өткізу деңгейі төмен. Мысалы, жыл басынан бері Қызылағаш ауылына аудандық орталық ауруханасынан халықты тексеруден өткізуге дәрігер-мамандар екі мәрте ғана келген. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ардақ Күзеков осылайша арнайы құрылған жоспардың орындалғандығын жеткізді. Алайда аймақ басшысы жоспарды қайта қарауды тапсырды. Аудан орталығына едәуір жақын орналасқан ауыл тұрғындары үшін аудандық ауруханаға қажет кезде жиі баруға мүмкіндігі мол екендігін атап өткен облыс әкімі Б.Сағынтаев, бұл бағытта алыс елді мекендерге баса назар аудару қажет екендігін айтты.
Сілеті ауылында аймақ басшысын жақында ғана жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілген жергілікті мәдениет үйіне жиналған тұрғындар қарсы алды. Тұрмыс-ахуалдарына қатысты біраз наздарын жеткізді. Мысалы, ауыл тұрғыны Рысты Әміренова «Жол картасы» бойынша жұмыс жүргізіліп жатқан нысандардың біріне жұмысқа орналасып, үш ай еңбек еткен. Бірақ еңбегінің ақысын ала алмауда. Онымен қоса, әлеуметтік төлемдерге қатысты біраз түсініспеушіліктер орын алып отырған көрінеді. Бұл ретте, халық арасында осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарының жүргізілмейтіндігі байқалады. Себебі тұрғындар кімге, қандай, қанша әлеуметтік төлемдер тиесілі екендігін білмейді. Сондай-ақ сілетіліктер жергілікті ауыл әкімінің жұмысына көңіл толмайтындығын жеткізді. Елді мекен тұрмысы ілгері жылжығанның орнына бірте-бірте кері кетіп барады, дейді тұрғындар. Ауыл әкімі халық өтінішіне толыққанды көңіл аудармайтын көрінеді. Аймақ басшысы барлық кемшіліктерді түзетуді тапсырды.
Атап өтерлігі, облыс әкімінің ауданға сапары барысында бірқатар ауылдарға тән ортақ мәселе анықталды. Бір қызығы, елді мекендердегі мәдениет ошақтарында бір ғана қызметкер бар көрінеді. Ол – мәдениет үйінің меңгерушісі. Ал оның мойнына үш адамның жұмысы артылады. Олардың әрқайсысы отын жағушы, ғимараттың ішін сыпырып-жинаушы ретінде де жұмыс істеуге мәжбүр. Ал жалақы тек меңгерушілік үшін төленеді. Мысалы, Тоқта ауылы мәдениет үйінің меңгерушісі Мұдасир Есембаев жиырма жылға жуық уақыт бойы жалғыз өзі жұмыс істеуде. Мәдени шараларды ұйымдастырумен қоса, ол нысанның шаруашылық жұмыстарын да атқарады.
Аймақ басшысы Бұланбай ауылында болып, ауданның ірі шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті. Иелігінде үш мыңға жуық жылқысы бар облысымызға белгілі Амантай Мусин ақсақал басшылық етіп отырған «Алтай Қарпық, Сайдалы Сарытоқан» қожалығын аралады. Шаруалар биылғы жылғы қуаңшылыққа қарамастан, қолдарынан келгенше мол өнім алуға тырысқан. Облыс әкімімен кездесу барысында олар өздерінің бірқатар ұсыныстарын да айтты. Мысалы, бүгінде өз жемісін беріп отырған «Жайлау» бағдарламасы бойынша тек қой ғана емес, ірі қара мал бөлінсе деген өтініштерін білдірді. Себебі ауданда жайылымдық жер көп. Қара малды өсіруге мол мүмкіндік бар. «Бұл - жақсы ұсыныс. Егер бұл бағыт бойынша сұраныс болса, оны да ескеруге болады. «Жайлау» бағдарламасы «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы есебінен қаржыландырылып жатқандығы белгілі. Оған қажетті қаражат та бар», деді аймақ басшысы. Сондай-ақ ол облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Бауыржан Қасеновке аталмыш ұсынысты жан-жақты қарастыруды тапсырды. Облыс әкімі Бұланбай ауылындағы биыл жаңадан бой көтерген мектепте болды.
Сапар барысында ауылдықтар тарапынан көтерілген басты мәселелердің бірі – жолдың жағдайы. Әрине, облыстық бюджет есебінен барлық шалғай ауылдарға апаратын жолдарды жөндеп беру мүмкін емес екендігі белгілі. Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың бірте-бірте жүзеге асып жатқандығын айтты. Жолдарды жөндеу ісі ары қарай да жалғасын табатын болады. Қазірдің өзінде айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Бұл салада бірқатар тың бастамалар да қолға алынуы мүмкін. Мысалы, аудан әкімі В.Левченко кейбір жол бөліктерін күрделу жөндеуден өткізгеннен гөрі орташа жөндеу жасаса тиімдірек болар еді деген ұсыныс білдірді. Ол жолдардың едәуір көп бөлігін қамтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, аймақ басшысы облыстық автомобиль жолдары басқармасына тиісті тапсырма беретіндігін жеткізді. Олар барлық жағдайды саралап, аталмыш ұсыныстың қаншалықты тиімді, қисынды екендігін анықтамақ.
Ауылдарда жұмыссыздық мәселесі өзекті тұр. Күн тәртібінен түспей келе жатқан бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын іздеу қажет, деді аймақ басшысы. Әрине, халықты жұмыспен қамтуда ауданда еш жұмыс жасалмай жатыр деп айтуға әсте болмайды. Мысалы, мұнда алғашқы болып «Жол картасы» бағдарламасы аясында әлеуметтік сауықтыру орталығы ашылған болатын. Соның арқасында бүгінде ондаған жұмыссыз азамат бюджет есебінен берілген қаржыға құс, мал өсіріп, соның жемісін көруде. Бұл - игілікті іс деп атап өтті аймақ басшысы. «Оны міндетті түрде ары қарай жалғастыру керек. Әрине, бұдан да басқа шараларды қолдануға болады. Мысалы, әрбір ауылда күнделікті тұрмыста қажетті шаштараз, етікші сынды басқа да халыққа қызмет көрсету түрлерін дамыту керек. Шаруа қожалықтары қашан жұмыс береді екен деп қарап отырмай, қолынан іс келетін тұрғындарды арнайы курстарға жіберіп оқытып, жоғарыда аталғандай кәсіп түрлерін ашуға болады», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Аймақ басшысының Ертіс ауданына сапары осылай өрбіді. Тоқта, Панфилов, Қоскөл, Қосағаш сынды басқа да елді мекендерде болған облыс әкімі ондағы мектеп, мәдениет үйі, медициналық бөлімше сияқты әлеуметтік нысандарды аралады. «Ертіс - экономикасы дамыған аудандардың бірі. Облысымыздағы астық қорының негізгі бөлігін де осы аудан береді. Талайдан бері жемісті еңбек етіп келе жатқан ірі шаруашылықтар шоғырланған өңір. Бұл - бұрыннан қалыптасқан жағдай. Дегенмен кейбір жекелей елді мекендерде әлеуметтік мәселелерге баса көңіл бөлінбейтіндігі байқалады. Бұл ретте, аудан әкіміне аталмыш негіздегі мәселелерді жергілікті жерлердегі шаруа қожалықтарымен бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істеп шешу қажет екендігі айтылды. Бірақ, жалпы, ауылдардың басым бөлігіндегі жағдай көңіл көншітерліктей. Мысалы, бүгін шаруалар өздерінің серіктестікке әзір екендіктерін айтып отыр. Тіптен жекеменшік кәсіпкерлік иелері ауыл тұрғындарының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға бағытталған іс-шараларға жұмсалатын шығынның жартысын бюджет көтерсе, қалған бөлігін өзіміз мойнымызға аламыз деп отыр. Бұл - жақсы ұсыныс. Оны міндетті түрде қарастыратын боламыз. Себебі бүгінде елді мекендерді көркейтуге шаруа қожалықтарының қосып отырған үлесі мол. Бірақ олардың қаражаты барлық мәселелерді шешуге жетпейді. Онымен қоса, ол, әрине, біз үшін де тиімді. Өйткені мектеп, мәдениет үйі сынды әлеуметтік нысандардың құрылысын немесе басқа да қажетті іс-шараларды бірлесіп жасайтын болсақ, көп мәселені шешуге болады. Сол себепті осы бағытта жұмыс жасауға тырысамыз. Жұмыс сапары барысында көргеніміздей, ауылдық жерлердегі ескі мәдениет үйлері қайта қалпына келтіріліп, ауыл халқының игілігіне пайдалануға берілген. Бұл - құптарлық жағдай. Әрине, әлі де қолдауды қажет ететін бірқатар маңызды бағыттар бар. Оларға алдағы үш жылдық бюджеттен қажетті қаражат қарастырылмақ», - деді облыс әкімі Б.Сағынтаев.
Данияр ЖҰМАДІЛОВ,
Ертіс ауданы.


