Ақсудағы игі шараларға халық дән риза
Соңғы уақытта Ақсу қаласында көпшілік игілігі үшін атқарылып жатқан оң істер жиі байқалуда. Кейінгі екі жылда қала бойынша жүргізілген кең ауқымды көріктендіру шаралары шаһардың ажарландыра түсіп, көшелерін ретке келтірді. «Қаламыз сұлу да көрікті болсын!», деп тілек танытатын ақсулықтар, енді бір-екі жылда көшелеріне оқтай түзу тротуарлар тартылған, көз тартарлық кескіндер мен гүлзарлар салынған, аулалары ретке келтірілген әсем шаһарға айналады деп сенім артып отыр. Қала басшылығы мен еңбек ұйымдары межеленген жұмыстарды іске асыруға бірлесе кіріскен.
Қала құлпырып келеді
Қала көркін аша түсетін жұмыстарға жергілікті халық дән риза. Мұндай ауқымды көріктендіру жұмыстары бұрын-соңды болып көрмегендігін айтады. «Жол картасы» мен қалалық коммуналдық инфрақұрылымдарды көріктендіру және дамыту бағдарламасы шеңберінде көшелерге кеспе тастар төселіп, мыңдаған түп көшеттер отырғызылды. Қала бойынша көптеген көше жолдары жөндеуден өтіп, жарықтандырылды. Былтыр жергілікті қазынадан аталған бағытқа 100, биыл 161,1 миллион теңге қаражат бөлінді. Демалыс орындары, скверлер мен саябақтардың шөптері түгелдей жаңартылып, жаңадан орындықтар орнатылды. Аулалардағы балалардың ойын алаңдарын ретке келтіру үшін миллиондаған теңге жұмсалды. Былтыр Астана көшесі бойына академик Қаныш Сәтбаевтың бюсті орнатылған болатын. Оның айналасы көріктендіріліп, жазда жап-жасыл болып жайнап тұрады.
Осы жылы қаладағы жылу жүйесіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Жылу торабының 1058,5 метрі күрделі жөнделді. Қыстың күні құбыр жиі жарылатын Абай, Әуезов, Царев, Советов көшелері алдымен қамтылды. Кварталішілік аумақтарға асфальт төселіп, көшенің жаяу жүргіншілер қиып өтетін жерлері реттелді.
«Жалпы, қаладағы көшелер мен аулалар сонау тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап жөндеу көрмей, жүдеп қалғаны шын. Бұл кемшілік уақыт санап жойылуда. Көріктендіру жұмыстары биылмен ғана шектеліп қалмайды, келесі жылғы іс-шаралар бұдан да ауқымдырақ болуы мүмкін. Осылайша, қала көркі арта түседі»,-деді қала әкімінің орынбасары Ержан Рахымжанов.
Қазіргі күні қалалықтар арасында тазалық мәдениетін арттыру бойынша жұмыстар жасалуда. Тұрғындарды тәртіпке шақыратын көрнекі құралдар пайдаланылып, насихат іс-шаралары оқтын-оқтын ұйымдастырылады. «Күнделікті өмірде тұрғындардың үй балкондарынан тұрмыс қалдықтарын лақтырып, тұрғын үй маңайын лас әрі жеркенішті қоқыс үйіндісіне айналдырып жіберетіндерін көріп жүреміз. Осы тәріздес жағымсыз әдеттерден тыйылуға күш салсақ, тазалықтың орнайтынына сенім мол. Себебі қоқыс шашылған жерді тазартып тәртіпке келтіргеннен гөрі оның алдын алғанның пайдасы көп. Бұл енді азаматтардың сана-сезіміне байланысты. Ақсу – шағын қала болса да, мұндағы тазалық тәртібін ұстап тұруға көп күш керек», дейді қалалық тұрғын үй–коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Қаршыға Арынов.
Елді мекендегі тазарту, көріктендіру мәселелері қозғалғанда қала басшылығы жайлы айтпай кетуге болмайды. Себебі қала маңы мен көшелерінің тазалығына ең алдымен атқарушы биліктің жауап беретіні белгілі.
Жаңа ойын алаңы ашылды
Спортшыл Ақсу қаласында жасөспірімдер арасындағы футбол ойынын дамытуға айрықша назар аударылуда. Биыл қыркүйек айында Әуезов көшесі бойынан «Денсаулық» атты алғашқы мини-футбол алаңы ашылды. Ұзындығы қырық, ені жиырма метр болып келетін алаңға толықтай жасанды жабын төселген. Жан-жағы талапқа сай қоршалды. Балалардың кешқұрым уақытта да келіп ойнауына мүмкіндік бар, қараңғылық түсісімен алаң үстіндегі қуаты күшті электр шамдары жағылып, самаладай жарық болып тұрады.
Спорт нысанын салуға «Ақсу – біздің ортақ үйіміз» қоғамдық қоры қаражат жұмсады. «Цитадель», «Стальмонтаж», «Резон», «Парус» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері барлық құрылыс жұмыстарын атқарып шықты. Жергілікті қазынадан бөлінген ақшаға алаң айналасына кеспе тас төселіп, орындықтар орнатылды, қоқыс тастайтын жәшіктер қойылды. Бұған қоса, қала басшылығының күшімен балалардың киім ауыстыруына арналған павильон салынды.
Қазіргі күні алғашқы жасанды төсемге ие шағын алаң жасөспірімдердің игілігіне айналып үлгеріпті. Оқушылар мен жастар бос уақыттарында мұнда келіп доп тебеді. Жергілікті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі шәкірттер де күнделікті осында жаттығады.
Бір өкініштісі, Ақсуда хоккей корты атымен жоқ. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мекемесіндегілер алдағы уақытта ондай нысан салу жоспарларында бар екендігін жеткізді. Тек оған қажетті қаражат пен жер бөлінбеген. Сондықтан оны жүзеге асыру мәселесі келесі жылға шегерілді.
Барлығы – тұрғындар игілігі үшін
Металлургтер қаласында соңғы уақытта орын алған өзгерістер жоғарыда аталғандармен ғана шектелмейді. Мұнда Ертіс өзенінің шаһар тұсындағы жағалауы көріктендіріліп, соңғы екі жылда адам танымастай өзгерген. Кешкілік халық көп серуендейтін жерде биыл әсем де алып фигуралар орнатылып, кейінгі уақытта облыста кеңінен қолданыла бастаған иллюминациялы жасанды ағаштар қойылды. Түнгі уақытта шамы жанып, келушілердің көзін тартады. Көрікті кескіндердің маңы тұрғындар мен меймандар жиі келіп фотосуретке түсетін жерге айналған.
Қала басшылығы шаһардың ең жас тұрғындарын да ұмыт қалдырмапты. Балалар үшін экологиялық жағынан қауіпсіз металдан жасалған ойын кешенін құрып берген. Жеткізуімен қоса есептегенде құны 9 миллион 800 мың теңге тұратын нысан алыстан көз тартады. Мұндай қолайлы әрі тек шетелдің киноларынан көріп келген кешен жеткіншектердің қуанышына айналған. Ертегі әлеміндей әсем де алып құрылыс Ресейдің Чебоксары қаласында жасалған. Балалардың ойын кезіндегі қауіпсіздігі барынша ескерілген, айналасына құм шашылып, немерелерін ертіп келетін әжелер үшін арнайы орындықтар да қарастырылған.
Атап өтерлігі, қала бүгінде алдағы Жаңа жыл мерекесіне тыңғылықты әзірленуде. Қаршыға Арыновтың айтуынша, мерекелік безендіру шараларына қала бюджетінен үш миллион теңге бөлінген. Қазіргі күні басты деген көше жолдары үстіне түнде түрлі-түсті болып жанып тұратын иллюминациялы шамдар ілінуде. Қаланың төрт жерінен жаңа жылдық шырша орнатылмақ. Қалалықтар үшін мереке күндері серуендейтін бұдан да басқа орындар ұйымдастырылады.
Баспанамен қамтудағы оң өзгерістер
Жергілікті жұмыскер қауым арасында баспана мәселесі өткір тұрғандығы байқалады. Ақсу ферроқорытпа зауыты өз мамандары үшін былтырғы жылдан бастап тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қолға алған. Жаңа жыл қарсаңында кәсіпорынның 69 жұмыскері баспанаға қол жеткізеді деп күтіліп отыр. Зауыт өз қаржысына бес қабатты тұрғын үй құрылысын салып бітіруге таяу. Қазіргі күні айналасында көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. Таяу күндері пәтер иелерінің есімдері анықталмақ. Осыдан дәл бір жыл бұрын зауыт бес қабаттан тұратын алғашқы жаңа тұрғын үйді іске қосып, пәтерлерді мамандарына таратып берген. Бұл осымен пайдалануға берілгелі отырған екінші үй.
Жалпы, аталмыш өндіріс орнындағы жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайларын жақсарту бағытында жүзеге асып жатқан жұмыстарға көңіл толады. 2008 жылдың соңы мен 2009 жылдың басында аймақтағы кейбір кәсіпорындарда қиыншылықтар туындағанда мұндағы өндіріс үрдісі жағымды көрініске ие болып, еңбек орындары толығымен сақталған. Жұмыскерлерге жасаған еңбектерінен тыс «он үшінші айлық» қосымша төленді. Былтыр облыс әкімі осы өндірісті аралағанда кәсіпорынның дағдарыс кезеңінде өз жұмысшыларына қамқорлық танытып, еңбек орындарын ұстап отырғанына ризашылығын білдірген болатын.
Әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл бөлетін зауыттың тұрғын үй бағдарламасы осымен тоқтап қалмайтыны анықталып отыр. Келесі жылы Қамзин көшесі бойынан 60 пәтерлі тағы бір баспана бой көтереді. Осылайша, кәсіпорын жұмыскерлердің қоныс мәселесін біраз жеңілдетіп тастамақ. Негізі қала бойынша бүгінде 800 адам үй кезегінде тұрғандығын айтпай кетуге болмас.
Сауапты іс жасады
Қалада бұрындары мұсылманша жабдық, ас беру көбіне мектептердің асханасында, дәмханаларда өтіліп жүретін. Себебі мешітте мұндай көпшілік шарасына арналған орын болмады. Осы мәселені бірнеше жылдар бойы қозғаған ақсулық тұрғындардың тілегі жергілікті өндіріс орындары тарапынан ескерусіз қалған жоқ. Өткен жылы ақсулықтар су жаңа асхана ғимаратын иеленді.
Сауапты істі Ақсу ферроқорытпа зауыты мен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ бірлесе қолға алды. Қос кәсіпорынның қаржыландыруымен мешіттің дәл жанынан асхана құрылысы салынып берілді.
Қос алып кәсіпорынның қайырымдылық шаралары есебінен тұрғызылған нысан бес жүз орынға лайықталған. Бірақ ғимаратқа жасалған тегін көмектер мұнымен шектеліп қалған жоқ. Қалалық су арнасы мекемесі, жылу кәсіпорны өз тараптарынан қажетті желілерді тегін жүргізіп берді. Қаладағы қырық мыңға жуық халықтың басым көпшілігі өзіміздің мұсылман бауырларымыз екендігін ескерсек, мұндай қоғамдық тамақтану орны тұрғындар үшін өте қажетті дүние деп есептеуге болады.
Атап өту керек, асхана үйі заманауи әрі сапалы құрылыс материалдарынан тұрғызылды. Ішіндегі орындық-үстелдері, ыдыс-аяқтары толығымен қарастырылған. Тұрғындар үшін оны жалға алу құны да қымбат емес. Мешіттегі бас имамның көмекшісі асхана үйінің қызметін қалалықтар жиі пайдаланатынын жеткізді.
Бүгінде ферроқорытпа зауыты мен электр станциясы мешіт пен асханаға қарайласып, отын-суын тегін қамдап беретін көрінеді. Басқа да қолдан келген көмектерін аямайды. Игілікті іске қайырымдылық етіп, демеушілік жасаған өндіріс орындарының сауапты ісі өзге ағайынға үлгі болары анық.
Мұрат АЯҒАНОВ.



